Табанмен салынған туындылар

Табанымен сурет салатын қылқалам шебері Асхат Ахмедияровпен сұхбат

Асхат Ахмедияров – кәсіби суретші, заманауи өнер өкілдерінің бірі. Берлиндегі No Mad's Land фестивалінің, Сингапур биеналлесінің, Аrt Dubai көрмесінің қатысушысы.

Сіз видеоарт, перформанс, инсталляция сияқты бірнеше жанрда жұмыс істейтініңізді білеміз. Ал табанмен сурет салуға не түрткі болды? Мұндай идея қалай пайда болды?

– Табанмен сурет салуды 2014 жылы бастадым. Алғаш рет Роза Әбенованың «Ару Арт» галереясында табаныммен сурет салдым. Бұл тәсілмен сурет салуым балалық шақтағы естеліктермен байланысты. Ол кезде Батыс Қазақстан облысының шалғай ауылында аяқпен балшық илеп басатын едік, кейін сол балшықпен сарайдың, үйдің сыртын сылап, әдемілейтін болдық. Аяқпен балшық илегенде мен ерекше әсерге бөленетін едім, 3 түрлі күшті, яғни су, жер және оттың күшін бірдей сезіндім. Бұл әсерім жылдар өте келе менің ішкі толғанысымды, ойымды осы тәсіл арқылы жеткізуіме себепкер болды, осылайша табанмен сурет салуды шығармашылығыма енгіздім.

Бұл жанрдағы шығармаларыңызда көбінесе нені бейнелейсіз?

– Аяқпен салған суреттерімдегі образдар да кездейсоқ емес. Алғашқы суреттерімде мен архивтен табылған фотосуреттердегі адамдарды салдым, онда көшпенділер, диқандар, біздің тарихымыздан сыр шертетін түрлі саланың өкілдерінің бейнесі болды. Содан кейін өзінің ойын жүзеге асыруға, мақсатына қол жеткізуге бүкіл ғұмырын арнаған адамзат тарихындағы ірі тұлғалардың портреттерін салумен айналыстым. Олардың ішінде Мұса пайғамбар, Далай Лама, Конфуций, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқайдың портреттері бар.

Осы уақытқа дейін табаныңызбен қанша сурет салдыңыз? Қай жұмысыңыз өзіңізге ерекше ұнайды?

– Шамамен 40-қа жуық сурет салдым. Кейбір картиналар сатылымға шығарылды. Мына картина ұнайды, мынау ұнамайды деп бөліп-жарып айта алмаймын, барлығы да жаныма жақын. Бірақ, дегенмен де Мұса пайғамбар мен Махатма Ганди бейнеленген суреттер өте сәтті шыққан деп санаймын. Табанмен сурет салуға әрдайым мүмкін бола бермейді, себебі сурет салынатын кенептің көлемі өте үлкен. Кемінде 2 х 3 метрлік материал керек. Және мен табанмен сурет салғанда бояуды ыдысқа құйып, аяқпен басып із қалдырып саламын, ал оған бояу өте көп кетеді.

Аяқпен салынған суреттеріңіздің көрмесі болды ма? Көрермендер мұндай ерекше тәсілді қалай қабылдады?

– Мен бұл жұмыстарымды алғаш рет 2015 жылы «Хас Санат» галереясында өткен «Нафталин» атты көрмемде көрермен назарына ұсындым. Содан соң 2016 жылы Ұлттық музейде өткзілген жеке көрмемде осы жанрдағы 7 жұмысым қойылды. Көрермендер әрқашан бұл жұмыстарды жылы қабылдайды. Ерекше тәсілмен салынғандықтан бұл суреттерге қызығушылық жоғары. Соңғы қатысқан көрмем - жақында ғана өткен «Тамыз» көрмесі. Мұнда менің «Апа» атты картинам қойылды.

Осы еңбегіңіз туралы толығырақ айтып бересіз бе?

– Бұл сурет жеке көрмемді өткізуге дайындалып жүрген уақытта салынды. Көрмедегі тамырлары жоғары қарап қойылған қарағайлардан тұратын «Саябақ» атты инсталляцияның артқы фоны үшін қосымша бір сурет қажет болды. Мен бұл жерге өткен ғасырдағы қазақ интеллигенциясының өкілі, ақылды, дана, бірақ қазіргі уақытта ешкімге керексіз болып қалған қарт әйелдің портреті керек деп шештім. Біраз ойлана келе, бұл кейіпкерді қарттар үйінен табамын деп сонда бардым. Сол күні қарттар үйіне мектептен шыққан кішкентай қызым да менімен еріп барды. Ойлағанымдай, ол жерден өзім іздеген әйелдің образын таптым. Ұзақ әңгімелесіп отырып, біраз тауқыметті басынан өткізген, әжім тартқан әженің бейнесін салып шықтым. Қарттар үйі - аурасы өте ауыр, адамды мұң басатын өзгеше орта. Ол жерден шығар кезде қызым маған қарап, «Әке, мен сені мұндай жерге әкелмеймін! Сол үшін барлығын да жасаймын!» деп айтты. Кішкентай қызымның бұлай айтқаны мені таңғалдырды, қарттар үйі оған қатты әсер етті деп ойлаймын. Сол сияқты бұл картина қарапайым адамды бей-жай қалдырмайды, ойлануға итермелейді. Жалпы, менің ойымша сурет жай ғана сурет болмауы керек, оның бір айтар ойы болуы тиіс, сонда ғана ол құнды болады және маңызы арта түседі.

Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

– Рахмет! 

Сұхбаттасқан: Базарбек Қамысбаев

#Қазақстан суретшілері #заманауи суретшілер

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер