Суреттен силикон гиперреализмге дейін

Айдос Есмағамбетовпен сұхбат

Айдос Есмағамбетов  – гиперреалист-мүсінші. Ол біз үшін таңсық өнер - силиконды мүсін жасаумен айналасып келеді. Негізгі жұмыс көзі – «Астана Мюзикл» театры. Мұнда ол грим бойынша көркемдеуші болып қызмет атқарады. 

Сұхбат барысында Айдостың тек мүсінші ғана емес, басқа да қырларын байқадық. Сол қырларына тоқталайық...

Айдостың өнерге деген талпынысы бала кезінен байқалған. Оның ата-анасы да өте талантты жандар. Әкесі сурет салып, мүсіндер жасаса, анасы кесте тоқиды. Кестесі инемен емес, қылқаламмен салынғандай.  «Анам айлап, жылдап түрлі кестелер тоқып отыра беретін. Ол кісі шаршау дегенді білмейді. Аса шыдамдылықты қажет ететін жұмыстарды жаны сүйеді. Осы қасиетін мен де бойыма сіңірген секілдімін», – дейді Айдос.

 – Арқалық қаласының тумасымын. Кәсіби білімді Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институында «Бейнелеу өнері мен сызу» мамандығы бойынша алдым. Оқып жүргенде де, диплом алған соң да сурет салудан табыс таптым. Ара-тұра Астанаға келіп, тапсырыс қабылдап, өздігімше қимылдай бастадым.

Силикон мүсін жасау Айдостың бұрын-соңды ойында болмаған. Ол тек көптің қолынан келе бермейтін дүниелерді жасауға ұмтылады.  

– Мүсін жасау идеясы Мадам Тюссо музейінен кейін туындады. Әзірге, ондай орындарды аралап көргем жоқ. Бірде теледидардан Обаманың жаңа силикон мүсініне көзім түсіп кетті. Содан «Неге біздің Қазақстанда жасап көрмеске?», «Неге отандастарым ондай мүсіндерді шетел асып қана көруі керек?» деген сауалдар туындай бастады.

Айдос бұрынырақ силиконнан аквариумдар жасағанын айтады. Оның жұмсақтығы, нәзіктігі жігіттің тағы бір қырын ашып жібергендей. Оған дейін саз-балшық пен гипстен кішігірім әр түрлі мүсіндер жасап жүрген ол осы материалға ден қоя бастайды.

– Силиконды қолыма алғанда онымен жұмыс жасай алатыныма толық сенімді болдым. Әрине, бірден адам жасауға отыра қалғаным жоқ. Осы өнердің қыр-сырын біраз зерделедім. Адамның анатомиясын түсінуге тырыстым. Көптеген әдебиеттер оқыдым. Көз жұма бара салатын өнер емесі анық қой. Содан алғашқы шағын туындыларым дүниеге келіп, өзіме деген сенімділік нығая түсті. Беташар жұмысым ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың күліп тұрған мүсінін жасауды жөн санадым. Ол қазір Алматыда Орталық музейде тұр. Онымен қоса, Абылай ханның мүсінін де жасадым. Оны жасау идеясын Президенттің мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ұсынды. Сол уақытта Абылай ханның 300 жылдығы жақындап қалған еді.

Айдос қазақтың ұлы ханының мүсініне кіріспес бұрын Алматыдағы Орталық мұражайға барып келеді. Себебі, онда кейіпкерінің антропологтар жасаған кескіні бар-тын.

– Абылай ханның бет-әлпетін, мінезін, сыртқы тұрқын, бойын бәрін-бәрін білу маңызды. Бір жерінен қателісіп кетсең, жасаған дүниең желге ұшты дей бер, – дейді ол.

Айдос керек материалдарды арнайы АҚШ-тан алдырады. Оның құны да әжептеуір. Әзірше, оның өнерінің демеушісі өзі. Айдостың қос туындысы (Н.Назарбаев пен Абылай хан силиконды мүсіні) 2011 жылы дайын болған.

– Менің жұмыстарым Мадам Тюссодағы фигуралардан ерекшеленеді. Оларда толық бір команда жұмыс жасайды. Сосын жасалуы жоспарланған мүсіннің иесін арнайы шақыртады. Ал мен жалғыз өзім кірісемін. Сол сияқты тек фотографиясы арқылы ғана әзірлеп шығамын. Бір мүсінді толық аяқтау үшін шамамен 4-5 айдан бір жылға дейінгі уақытым кетеді. Оның әр тал шашын жеке-жеке қоямын. Қалай шыдамыңыз жетеді деп жатқан боларсыз. Жақсы бір туындыны өмірге әкелгенде барлық шаршауың сол сәтте-ақ ұмыт қалады. Бұл менің – ауам. Ал ауасыз өмір жоқ.

 

Фигураларға силиконнан басқа да көптеген өнімдер пайдаланады. Оның шашы, көзі, ішкі құрылысы неден жасалауы мүмкін?

 – Мәселен, Барак Обамаға табиғи және синтетикалық шаштарды қатар пайдаландым. Табиғи шаштарды алу үшін сұлулық салондармен келісім жүргізіп қоямын. Олар маған ұзындау шаштарды арнайы буып дайындап береді. Ал мүсіннің іші бос кеңестік. Бойын мықтап ұстап тұру үшін пластиктер пайдаланылады. Сосын мүсін жасауға арналған еңбексаздар қажет. Бұл жерде маңыздысы қолы мен басы. Айтпақшы, мына кастюм мен аяқ киімді де өзім сатып алдым. Ел басшылары болғандықтан, сапалы, қымбат киімдерді алғым келеді. Бірақ, бәрі қаржы мәселесіне тіреледі емес пе? Өкінішке қарай, қазір осы бағыттағы туындыларым аздап тоқтап тұр. Себебі, негізгі жұмысымнан қолым босамай жүр. Гастрольдік сапарлар бар, тағысын тағы... Бұл жұмыс ынта-шынтаңмен кірісуді талап етеді. Өзіңіз көргендей Головкиннің негізгі бөлшегін тұрғызып қойдым, енді әрбір детальдарына крісіуім керек.

Айдос сол сияқты кинофильмдерде грим мен медицинада қолданатын протездерді де жасап көрген. Жақында Шоқан Уәлиханов жайында түсіріліп жатқан «Қашқарияға саяхат» атты фильмнің режиссері Жасұлан Пошанов арнайы келіп мүсіншінің өнерімен танысып, тапсырыс  беріп кетіпті.

– Сол фильмде 9 кейіпкердің «басы шабылады». Маған сол адамдардың басын жасау тапсырылды. Әрбір әртістің басын мынандай қалыпқа түсіріп алып, шамамен он күннің ішінде әзірлеп бердім.

Жалпы кино саласында да өзімді көрсеткім келеді. Тіпті, толықметражды фильмнің режиссері болсам деймін. Осыдан 1-2 жыл бұрын «Өлілермен селфи» фильмінің әртістеріне грим жасауға ат салыстым. Онда тістің ең ескірген түрлерін пайдаландым. Былайша айтқанда, стоматологтар қолданатын барлық материал менде бар. Жас адамды кәрі образға салу оп-оңай. Менің ойымша, біздің киноға осындай бағыт жетіспей жатқан секілді.

Кино саласында өзімді көрсеткім келеді деп қалдым ғой. Жақында «Хабар» арнасы түсірген Қасым Қайсенов туралы деректі фильмде басты кейіпкерді сомдадым. Яғни, батыр бабамыздың рөлі маған бұйырды. Ол осы күндері теледидар көрермендеріне жол тартуы керек.

Талантты жігіттің арманы көп. Ол өз студиясын ашып, шәкірт тәрбиелгісі келеді. Қазақстанда да Мадам Тюссо секілді музей болғанын қалайды. Әрине, онда қойылатын фигураларды өз қолымен әзірлеп беруге қарсы емес. Тек мүмкіндік болса болғаны...

– Асхат Маемиров Қазақконцертте директор болып жүрген кезде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келіп, менің жұмысыммен танысты.  Асхат Мақсымұлы «Айдостың арманы антропология бойынша шетелде білім алу» деп, айтып қалды. Министр болса, бірден қолдайтынын айтып, оқу орнын іздеуді тапсырды.  Ендігі мақсатым – шетелде дәріс алу. Себебі, елімізде осы салада терең білім беретін оқу орны болмай тұр.

Қазір «Астана Мюзикл» еңбек демалысына кеткендіктен, Айдостың сүйікті хоббиіне терең ден қоятын мүмкіндігі туындады. Қазір ол Өнер қырандары тапсырыс берген АҚШ Президенті Дональд Трамптың басын «жасап» жатыр.

– Ендігі кірісер жұмысым Головкин болады - дейді ол...

#силиконды гиперреализм

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер