Отандық жас сәулетшілерге сенім артып, өз қолтаңбасын қалыптастыратын кезі келді

Танымал поляк архитекторы Якуб Щесны Қазақстан қалаларының архитектурасы туралы

Жақында Астанадағы Адольф Янушкевич және Кенесары көшелерінің қиылысында Густав Зелинский атындағы жаңа саябақ ашылды. Осы орайда саябақтың авторы, әлемдегі ең тар үйдің сәулетшісі ретінде танымал поляк архитекторы Якуб Щеснымен сұхбаттасқан едік.  

Суретте: сәулетші Якуб Щесны.

Якуб Щесны (Jakub Szczęsny) – инсталляция авторы, сәулетші.

Саябаққа Густав Зелинскийдің есімінің берілуі тегін емес. Густав Зелинский 1834-1842 жылдары Есіл қаласына жер аударылған поляк ақыны. Есілде Зелинский Адольф Янушкевичпен достық қарым-қатынас орнатып, оның қазақ тілі мен фольклорына арналған зерттеулерімен танысады. Осы достықтың нәтижесінде 1842 жылы Густав Зелинский қазақ даласының лирикалық сұлулығын және жас жігіттің еркіндікке деген ұмтылысын сипаттайтын «Қырғыз» романтикалық поэмасын жазып, жарыққа шығарады. Шығарма көптеген әлем тілдеріне аударылып, Польшаның өзінде ғана 20 рет қайта басылып шыққан.

Саябақтың жанындағы үйлердің бірінің қасбетіне Қарлығаш Өтембаева бастаған «SunShine» әлеуметтік шеберханасының қызметкерлері осы поэманың кейіпкері – ат үстіндегі жас жігіттің суретін бейнеледі.

Густав Зелинский саябағын Польшаның мәдениет және ұлттық мұра министрлігінің қаржыландырылуымен Астана қалалық Байқоңыр ауданының әкімдігі және Астана қалалық урбанистика орталығы жүзеге асырды. Саябақтың ашылу рәсіміне «Байқоңыр» ауданының әкімі Ерлан Ермекұлы Қаналимов және Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Селим Хазбиевич қатысты.

 

Суретте: Густав Зелинский атындағы саябақ. Фото авторы Евгений Ткаченко

- Астанадағы саябақ пен ондағы инсталляцияның ерекшелігі неде, негізгі ойы қандай?

- Мен функционалды мақсаттары жоқ нысандарды орнатпауға тырысамын. Мұндағы негізгі мақсат әртүрлі қолданушылар өз бейіміне сай пайдалана алатын әлеуметтік қарым-қатынас орталығын жасау болды. Бұл «мақсатты топты» бірден анықтауға мүмкін бола бермейтін қоғамдық орындар үшін өте маңызды. Ал Густав Зелинский саябағына келер болсақ, инсталляция бұл жерді жандандырудың бір тәсілі ғана. Біз мақсаты тек көрерменді таңғалдыру болатын заманауи ескерткіштерді орнатуды ұнатпаймыз, себебі заманауи арт-объектілер әдемілігімен қатар пайдалы да болуы керек.  Архитектор Асхат Садуовпен бірге біз Астананы аралап, қаланың қазіргі мәселелерін айқын көрсететін және өзгертуге ыңғайлы жер іздедік. Қаланың бұл бұрышы бізге ең тартымды орын болып көрінді, себебі бұл кеңістік көп жылдар бойы тиісті деңгейде қолданылмай тұрды, мұндағы автокөлік тұрағы алаңды толық пайдалануға кедергі келтіретін еді. Бірақ, алаңның кішігірім бір бөлігін қала тұрғындары өзі қолданып келді: балалар доп қуса, үлкендер көлеңкеде демалып, шахмат ойнайтын еді. Қаржының шектеулі екендігін ескере отырып, біз аз ғана функциялар жиынтығын ұсынамыз деп шештік: талдар, орындықтар, балалар сурет салуға арналған асфальт.

Сонымен қатар саябақты ерекшелеп тұратын, алыстан қарағанда үйге немесе орманға ұқсайтын болат конструкция орнаттық. Мұндай конструкциялар бұрын негізінен посткеңестік елдерде кілем қағу үшін барлық аулада болатын. Кішкентай балалар үшін бұл конструкциялар ең күшті гимнастикалық жаттығу құралы еді. Менің балалық шағым өткен Варшаваның Урсынов ауданында да осындай конструкциялар көп кездесетін. Біз конструкцияны тудың түсіндей етіп, әрбір қазақстандық жылы қабылдайтын көк және сары түстерге боядық. Конструкцияның темірлері гамактар, әткеншектер, гимнастикалық сақиналар, аспалы арқандар байлауға арналған.

- Мұндай инсталляция жасау ойыңызға қалай келді?

- Менің барлық идеяларым, тіпті тыңғылықты зерттеуге мүмкіндіктерім шектеулі болса да көбінесе контекстен, сұраныстан туындайды. Бұл жерді саябаққа айналдыру идеясы архитектор Асхат Садуов, куратор Ольга Веселова үшеуміз  көлікпен келе жатқанда туындады. Бізді сол жердің тұрғындарының шағын ғана алаң мен талдардың көлеңкесін керемет қолданып отырғандығы таңғалдырды. Біз оларға сыйлық ретінде толыққанды демалыс орнын сыйлағымыз келді. Саябақтың тағы бір ерекшелігі оның пайда болуына тұрғындар тікелей ат салысты. Сол ауданның тұрғындары мен кішкентай балалар алаңды сырлауға, демалыс орнын жабдықтауға жәрдемдесті. Бұл жер бір жағынан жергілікті тұрғындардың басын қосатын өзіндік «достық алаңына» айналды.  

2012 жылы әлемдегі ең тар «Керет үйі» жобасының авторы ретінде танымал. 2013 жылы бұл жоба әйгілі Нью-Йорк заманауи өнер музейінің тұрақты коллекциясына енгізілді.

Керет үйі

- Сіз әлемдегі ең тар (енсіз) үйдің авторы ретінде танымалдыңыз, осы ерекше жобаңыз туралы айта кетсеңіз.

- Бұл жағдайда да контекст шешуші рөл атқарды. Мен коммунистік Польша кезіндегі балалық шақта сақталған естеліктеріме байланысты шағын және жасырын кеңістіктерге қызығатын едім. Менің әке-шешем «Ынтымақтастық» деп аталатын қозғалыстың мүшелері болды, олар тыйым салынған оппозициялық журналдарды оқып, оны кереуеттің жылжымалы сөресінде тығып сақтайтын. Бала кезімде мен полиция немесе қауіпсіздік қызметі үйге кіріп келген жағдайда тығылатын тиімді орынды жасауды ойластырып, қиялдайтын едім. Жадымда сақталған осы ойдың жетегінде жүріп, мен болашақта осы идеямды жүзеге асыратыныма сенімді болдым. Уақыт өте келе Варшаваның бұрын еврейлер қоныстанған «Вола» деп аталатын ауданында екі ғимараттың ортасындағы бос орынды көріп, оған қатты қызықтым. Мен бұл жерді пайдаға асырып, бос кеңістікті толтырғым келді. Адамдар осы ортада қалғысы келетіндей не істеуге болады? Бұл жер тұрғын үй сияқты бола ала ма? Осы сияқты түрлі сауалдар маған маза бермеді. Міне, осылайша әлемдегі ең тар үй «Keret House» пайда болды. Оның ең кең деген тұсында ені 152 см, ең тарылған тұсының ені 90 см, жалпы көлемі 14 шаршы метрді ғана құрайтын бұл нысанды толыққанды үй деп айтуға болады. Мұнда өмір сүруге қажетті нәрсенің барлығы бар.

Сіз Қазақстанда бірнеше рет болғаныңызды білеміз, жалпы Қазақстан туралы әсеріңіз қалай?

 - Қысқаша айтар болсақ, Қазақстан мүмкіндіктері мен амбициялары зор, қарқынды дамушы мемлекет. Мені мұндағы адамдардың әлеуметтік даму динамикасы мен қарапайымдылығы қызықтырады. Қазақстанға әр келген сайын мен бұл елді жаңа қырынан көремін. Урбанистика тұрғысынан айтар болсақ, оның тарихы соншалықты тереңде емес. Бірақ, маған Алматы қаласының модернизм стиліндегі және ХХ ғасырдағы кірпіштен салынған ғимараттары ерекше ұнайды.

Астананың архитектурасы сізге ұнады ма?

- Мен Астананы көз алдымызда өсіп келе жатқан алып жоба деп есептеймін. Ол бір орында тоқтап қалмай, дамып келеді. Астананың кейбір олқылықтары болғанымен өзіне тән тарихи ерекшеліктері де бар. Маған мұндағы балыққа ұқсас жақында ғана ашылған көпір, Канада елшілігінің ғимараты, өзен жағалауындағы саябақ және көпқабатты ескі үйлерде ашылып жатқан хипстерлік мейрамханалар ұнайды.

- Қазақстанның жас архитекторлары туралы көзқарасыңыз қандай? Олардың жұмыстарын қалай бағалайсыз?

- Мені Асхат Садуов және ол қызмет ететін Астана қалалық урбанистика орталығының мамандары сияқты шетелде білім алған қазақстандық жас сәулетшілер буыны ерекше таңғалдырды. Жас Астананың салынуы олардың өз қабілеттерін көрсету үшін керемет мүмкіндік деп есептеймін. Меніңше, Қазақстанның «шаблондар» жасайтын батыстың атақты сәулетшілерінен бас тартып, оның орнына отандық жас сәулетшілерге сенім артып, өзінің ерекше қолтаңбасын қалыптастыратын кезі келген сияқты. Бұл сонымен қатар, Астанадағы тез ескіретін көпқабатты ғимараттарды салуда қолданылатын құрылыс материалдарының технологияларын зерттеуге ең сәтті кезең. Сондықтан да мен жұқа қабырғалар мен өте көп көлемде әйнектен жасалған ғимараттардың салынуын қайта қарастырып, Астананың салқын климаты мен температураларына сай келетін тәсілдерді іздеу керек деп санаймын. Астана ең алдымен үлкен сынақ алаңы, сол себептен де бұл Дубай немесе басқа да жобаларды қайталауға емес, өзгеше қолайлы жағдай жасауға бағытталған батыл зерттеулер жүргізуге арналған зор мүмкіндік. Қазақстандық сәулетшілер, дизайнерлер мен суретшілердің жаңа толқыны 1970 жылдардағы қазақ модернизміндегідей жаңаша идеялар ұсынып, жергілікті қайталанбас сәулет өнерін қалыптастыра алады деп сенемін.

- Биыл Астана өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті, Астана қаласының тұрғындарына айтар тілегіңіз.

- Астана тұрғындарының санының өсуін, халқының бай болуын тілеймін. Бір-бірімізге, туған жерімізге құрметпен қарауға шақырамын. Және де ең бастысы қалалардың құрылысы ұзақ уақытты талап ететінін ұмытпайық, сондықтан да болашақ ұрпаққа әсер ететін асығыс шешімдерді қабылдамайық.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

- Рахмет!

Сұхбаттасқан: Базарбек Қамысбаев

 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер