Astana art show: Жаңа көзқарас 

Астана бір айға заманауи өнердің орталығына айналды

Жарқын музыка, жергілікті бомонд, өнер туралы таусылмайтын әңгіме. TSE арт-галереясының кеңістігі бір сәт Голливуд фильмдерін түсіру алаңына айналып кеткендей. “Мына жерде ерекше энергия сезіледі”, - деді сезімтал досым. Иә, бұл энергия жылдар бойы Астанаға жетпей тұрған жастық пен еркіндіктің рухы сияқты... 

“Metamorphosis” - Astana art show-дың алғашқы көрмесі. Адам қоғамның айнасы десек, айналада болып жатқан процесстер біздің болмысымызға әсер етпей қоймайды. Metamorphosis - табиғаттағы метоморфоз ұғымы сияқты, бірақ терең таным арқылы тірлікті өзгертетін әлдеқайда күрделі үдеріс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме "Еліміздегі өзгерістер суретшілерге қалай әсер етті?" және "Суретшілердің туындылары бізді қалай өзгертеді?" деген сұрақтардың жауабын іздейді.

Сүйінбике Сүлейменованың "Colonize me now" жұмысы. "Қазақстан-2050 стратегиясында сипатталған игіліктерді бүгін көргім келеді" дейді суретші.


Галереяға жақындаған сәтте үлкен фотоколлажға көзіңіз түседі. Бұл жерде алматылық фотограф Марат Дильман мен Англиядан келген “Мika&Berkin” дуэтінің жұмыстары қойылған. 

Марат Дильман, 28 жаста 
Алматы 


Марат Дильман өзін фотосуреттің қыр-сырын өз бетімен үйренген фотограф ретінде таныстырды. Алматы кино және телевизия академиясына түскен Маратты, сабақтан жиі қалғаны үшін оқудан шығарып жіберген екен. Қазір Марат - фрилансер. 

“Өзім ұнатқан суретшілер мен фотографтардың жұмыстары менің стиліме ұласқан болар. Жалпы айтсам, түрлі заттарды сөйлеткен ұнайды. Қарапайым заттар арқылы белгілі бір месседжді жеткізгім келеді. Сондықтан да суреттің тез оқылуы мен үшін маңызды”. 
 

"Осыдан бірнеше жыл бұрын валюта бағамына көзім түсті. Оның астыңғы жағына ою салынған екен. Бұл цифрлар біздің мәдениетіміздің, күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткендей әсер берді”.

Көрмеде Мараттың бірнеше фотосуреттерімен қатар бейнебақылау камерасы мен көзмоншақты байланыстырған инсталляциясы қойылған. 

"2014 жылы бейнебақылау камералары көбейді. Бұл адамдардың өздерін қауіпсіздікте сезіну сезімін арттырғандай көрінеді. Мен оны алдамшы сезім деп ойлаймын", - дейді Марат.

“Мika&Berkin”, 27 жаста

Лондон


“Мika&Berkin” арт-дуэтінің мүшелері Бахтияр мен Мика бала кездерінен Лондонда тұрады. Биыл Қазақстанда өтіп жатқан көрмелерге қатысу үшін елге оралған. Дәл қазір олардың Astana art show-да қойылған жұмыстарымен қатар, Алматыда (Esentai gallery) жеке көрмелері өтіп жатыр.

"Біз жұмыстарымызда заманауи өнердің әртүрлі формаларын қолданамыз. Ол фотосурет, инсталляция немесе видео-арт болуы мүмкін. Стиліміз де әртүрлі. Негізінен психоделикалық, сюрреалистік стильде жұмыс жасаймыз. Бізге поп-арт жақын деуге болады. Күнделікті көрініске трансформация жасап, оларды бейстандарт заттармен әрлейміз. Одан адамның ұйықтағанда көретін түсі сияқты түсініксіз дүние шығады. Сондықтан біздің жұмыстарды көбі психоанализге жақын, түстің интерпретациясы ретінде қабылдайды".


 

Бахтияр мен Миканың ортақ жұмыстары осы күнге дейін Англияда, Қытай мен Голландияда өткен жиырмаға жуық халықаралық көрмелерде қойылған. Елге оралар алдында, Қазақстандағы заманауи өнерге деген ықылас осындай дәрежеде болады деп күтпеген едік дейді олар.

"Біз Қазақстанда өнер нарығы қарқынды дамып келе жатқанын білмедік. Тіпті, біз тұрған мына галерея да, бұл жерде қойылған жергілікті суретшілердің жұмыстары да бізді таң қалдырды. Батыспен бәсекеге түсе алатын деңгей... Бұл бізді қуантпай қоймайды. Себебі шетелде білім алып, жұмыс жасағаннан кейін негізгі мотивация сол жақта қалу еді. Қазақстанға келіп, көрерменнің қызығушылығын байқап, осында қалып, жұмысымызды жалғастыру ойда бар. Қазақстандық заманауи өнердің дамуына аз да болса үлесімізді қосқымыз келеді".

Әділ Әубекеров, 27 жаста

Мәскеу

Бұл Әділ Әубекеровтың Қазақстанға алғашқы сапары. Мәскеулік суретшіні Astana art show-дың ұйымдастырушылары арт-галереяның сыртын әрлеуге арнайы шақырған. Әділ болса Астраханда тұратын анасын ала келуді жөн көріпті. Біз де мүмкіндікті пайдаланып, Гүлбаршын Әубекеровадан сурет өнеріне қызығатын балалардың ата-анасына берер кеңестерімен бөлісуін өтіндік. 

"Суретшінің ата-анасы болудың өз қиындығы мен қызығы бар. Суретшілер бір жерде отыра алмайды. Өздерінің жеке дара әлемдері бар, көзқарастары да өзгеше. Сондықтан оларды түсіну кейде қиынға түсіп жатады. Кез келген балаға қолдау қажет, ал суретші балалар екі есе қолдауды қажет етеді. Сондықтан, кішкентай суретші ең алдымен өзінің алғашқы көрермендері - ата-анасының қолдауына зәру".  

Десе де, Гүлбаршын Әубекерова алғашында ұлының суретші болғанын мүлдем қаламаған көрінеді. 

"Үш жасынан сурет салатын. Мектептегі ұстаздары да сурет мектебіне беруімді өтінді. Бірақ біздің кезімізде суретшілер жайлы  стереотиптер көп еді. Бәлкім сол да әсер еткен болар, мен баламның суретпен айналысқанын қаламадым. Қолындағы қарындаштарын тартып алатынмын. Бірақ сурет салуды қатты жақсы көргендігі шығар, бәрібір суретші болып шықты. Әділдің арнайы білімі жоқ. Өзі де “Мама, мені сурет мектебіне бермегенің қандай жақсы болған” деп айтып отырады. Себебі, ұлым ешқандай шекараны сезінген жоқ, өзінің стилін оңай қалыптастырды. Егер мен бір кездері сурет мектебіне жетектеп апарғанымда, бәлкім ол қазір Астрахандағы бір галереядағы қарапайым суретші болып отырар ма еді?".

Гүлбаршын Әубекерова бұрындары Қазақстанда бірнеше рет болса да, Астанаға алғаш рет келуі екен. "Ұлымның жұмысын бір көріп, тарихи отанымды бір көріп мәре-сәре болып тұрмын", - дейді суретшінің анасы.

"Анам айтқандай, мен бала кезімнен сурет өнеріне қызыға бастадым. Уақыт өте келе әр түрлі техникаларды қолдану арқылы графикаға келдім. Өзіме ешқандай ойды арқаламайтын өнер ұнайды, оның өз ерекшелігі, ал образдарда өзіндік сиқыр мен медитация бар. Ал фасадтағы жұмысыма келетін болсақ, мен Қазақстанда бұрын-сонды болған емеспін. Бұл жерде менің ойымдағы Қазақстанмен байланыстыратын киік, батыр сияқты этникалық образдар бейнеленген".  

Әділ жақын арада Қазақстанға жеке көрмемен келемін деп уәде берді. 

Арсен Именов, 27 жаста

Иерусалим 

Арсен Орынбордың қазағы. Челябинсктегі мәдениет және өнер академиясын тәмамдағаннан кейін ұзақ жыл Мәскеу театрында жұмыс жасаған. Біраз уақыттан бері Израильдегі «Kolben Dance Company» заманауи өнер театрының бишісі.

"Көрменің ашылуына қатысуға шақырғанда, маған қандай кеңістікте өнер көрсететінім белгісіз болды. Өзім де алдын-ала ештеңені жоспарлаған жоқпын. Мен қазақпын, бірақ қазақ тілін білмеймін. Аңшылар жайлы әнді естіп, сол әнге хореография құрастырғым келді. Ойымда белгілі бір сюжет пайда болды. Бірақ мен көрерменнің өз сюжетін құрап, өз ойына ерік бергенін қалаймын".

Ол театрдың жұмысы қызу, жол алыс болса да, Қазақстанға жиі келіп-кететінін айтады. "Мен Челябинскіге оқуға кеткен жылы ата-анам мен туған ағам Қазақстанға оралды. Қазір олардың бәрі Қазақстан азаматы, ал мен Ресей азаматымын. Ата-анам осында болған соң, жиі келіп тұруым - міндет ”, - деп күлді Арсен.

Осы демалыс Арсен Astana art show аясында астаналық тұрғындарға заманауи биден сабақ өткізеді (толығырақ - сілтемеде). 

Astana art show 28-қазанға дейін жалғасатын болады. Жобаның екінші бөлімі "Қайта жүктеу" көрмесі "Москва" бизнес-орталығының екінші қабатында өтуде. 

#заманауи өнер #Astana art show #Қазақстанның заманауи суретшілері

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер