Алты тілде «сөйлейтін» астаналық ескерткіштер

Ескерткіштер мен QR-кодтар. Бұларды біріктіретін не?

Астанада көрсе көз тоймайтын ерекше ескерткіштер, тарихтан сыр шертетін ескі ғимараттар өте көп. Қалада серуендеп жүріп, әсем ғимараттар мен көздің жауын алатын ескерткіштерді көргенде оның тарихын, авторын, жалпы әр нысан туралы толық мағлұмат алғың келеді. Өкінішке қарай мұндай ақпарат барлық жерде бола бермейді, кейбір ескерткіштердің тіпті атауы жазылған тақтайшасы да жоқ болып шығады.

Жақында бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында Астана қалалық әкімдігінің «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС жаңа жобаны қолға алды. Енді ескерткіштерде орнатылған QR-кодтары бар тақтайшалар арқылы Астанадағы ескерткіштер туралы ақпараттарды алты тілде алуға болады.

Қазіргі таңда QR-кодтар  (ағылш. Quick Response Code — жылдам жауап қайтару коды) барлық салада кеңінен қолданылады. Оны пайдалану оңай әрі жылдам және үлкен көлемдегі мәліметтерді кішкентай код көмегімен оқуға болады.

Суретте: Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш 

Жоба аясында Астана қаласының мәдениет және тарих ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне кіретін 46 тарихи ғимарат пен сәулет ескерткіштеріне QR-кодтары бар тақтайшалар орнатылды. Бұл тақтайшалардағы QR-код арқылы елорда тұрғындары мен қонақтары ескерткіштер туралы толық ақпаратты алуына болады. Ол үшін телефон камерасын QR -кодқа бағыттау керек, сол кезде камера арқылы халықаралық izi.TRAVEL интернет-платформасындағы осы объект туралы «жеке» бетке сілтеме жасалынады.  Қолданушылар аудиоэкскурсияны өзі қалаған 6 тілдің: қазақ, орыс, ағылшын, неміс, қытай, түрік тілдерінің бірінде тыңдай алады.

Суретте: Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллинге арналған ескерткіш 

«izi.TRAVEL – дайын маршруттарды ұсынып қана қоймай,  өз бетінше аудиоэкскурсияларды жасауға мүмкіндік беретін бүкіләлемдік тегін интернет жоба. Қазіргі таңда бұл қосымшаға Астана қаласының көрікті орындары: Нұржол бульвары, қалалық жағалау, «Жетісу» саябағы, «Ұлытау» саябағы сияқты жерлер бойынша жалпы саны 106 объектіні қамтитын 6 экскурсия жүктелген.

Суретте: Баймұхамбет Қосшығұлов мектебіндегі тақтайша

 «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ның менеджері Абельдинова Ольганың айтуынша бұл жобаның жүзеге асырылуы қосымша білім алуға, қала тарихы бойынша ақпараттандырылу деңгейін арттыруға, қала тұрғындары мен туристерінің өз бетінше елорданың тарихи-мәдени мұрасымен танысуға және ескерткіштердің танымалдылық деңгейінің жоғарылауына жол ашады.

  Дайындаған: Базарбек Қамысбаев

#тарихи ескерткіштер #Астана қаласы

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер