Жігер Ауыпбаев: Әншінің басты қаруы – ән

10.04.2017

Ән әлемі қашан да өзгеріске толы. Бірі үлкен сахнаға қадам басып жатса, бірі өнерден кетіп жатады. Көпшілікке белгілі «Меломен» тобында ән шырқап жүрген Жігер Ауыпбаев бүгінде жеке шығармашылыққа ден қойды. Осы орайда, әнші алдағы жоспарлары мен өнердегі өзгерістері жайлы «El.kz» сайтымен бөліскен еді. 

– Жігер, сіз топ құрамында жүрген тұста да жеке орындаушылықпен айналысып жүрдіңіз. Көпшілікке танымал әндеріңіз бар. Жеке дара ән орындау сізге қиындық тудырмайтын болар. Бүгінде шығармашылығыңызда халыққа ұсынар қандай жаңалықтар бар?

– Жалпы, Алла Тағала бойымызға өнер дарытып, халықтың алдына таңдап шығарғаннан кейін әнші үшін әлбетте, ең бастысы – ән жазу, халық пен арадағы қарым-қатынасты үзбеу. Енді, әншінің ең басты қаруы, сенері, сүйенері – ән. Сондықтан да қоржынымдағы ән қатарын күннен күнге молайтып жатырмын деп айтсам да болады. Топтан кеткеннен кейін көршілес қырғыз елінің азаматы маған өзінің бір әнін сыйлаған еді. Ән «Айзере» деп аталады. Жақын арада сол әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, тыңдармандарыма жақында «Кінә, кінә» деген жаңа әнімді ұсындым.

– Ән таңдағанда ең әуелі неге мән бересіз? Сөзіне ме, әлде әуеніне ме?

– Қазір енді сөзі жақсы жазылған, болмаса әуені әдемі әндер көп. Оның біразы тыңдалмай жатады. Шыны керек, бүгінде халықтың музыкалық талғамы өскен. Сондықтан көптің көңілінен шығу үшін әннің ерекше сарында болуына мән беремін. Әрине, ән болғаннан кейін мен ең бірінші оның музыкасына қараймын, екінші кезекте оның мәтініне көңіл бөлемін. Әні мен сөзі үйлесіп, ерекше стилі байқалып тұратын туындыны табу да оңай емес.

– Қазір көптеген әншілердің репертуарында той-томалаққа арналған жеңіл әуенді әндердің басым екендігін байқаймыз. Бұған қалай қарайсыз? Той әндерін жаздыру ойда бар ма?

– Жаздырып жатырмын. Оны жасырудың ешбір қажеті жоқ. Себебі біз халықтың сұранысымен есептесуіміз керек. Көпшілік жылы қабылдап, қошемет білдіріп жатса, неге жазбасқа?! «Өз тыңдаушысын таппаған сөз жетім» дейді ғой. Дәл сол сияқты тыңдарманын таппаған әннің ғұмыры ұзақ болмайды. Сондай-ақ, бұл шоу-бизнес болғаннан кейін, кез келген мәселе қаражатқа байланысты шешіледі. Әндеріңнің барлығы сұранысқа сай болмаса, тыңдармандарың азайып қана қоймай, шығының да шаш етектен болады. Сондықтан да ән қоржынымнан той әндері де, кез келген конкурста орындауға болатын әуендер де орын табады. Жалпы менің жеке шығармашылыққа бет бұрғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Талай сазды әуендерді дүниеге келтіру алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

– Продюсеріңіз бар ма?

– Жоқ. Шығармашылығымды ілгері жылжыту барысындағы міндеттердің барлығы өз мойнымда. Дегенмен, өнеріме қолдау білдіріп, қол ұшын созып жүрген аға-әпкелердің барына шүкір деймін.

– Әншілікпен қатар актерлік қырыңыз бар. «72 сағатта үйлену» деген кинода басты рөлдердің бірін сомдадыңыз. Алдағы уақытта өнеріңізді кино саласымен байланыстыру жоспарда бар ма?

– Негізі бұл салаға мен ойламаған жерден бас сұқтым. Осы романтикалық комедияны түсіруші топ мені лайық көріп, таңдағаннан кейін, бағымды сынап көрейін дедім. Бұл туындыда «Өнер қырандары», «Шаншар» сынды белді театрлардың актерлары ойнады. Сол тәжірибелі ағаларымыздың көмегінің арқасында маған жүктелген рөлді алып шықтым. Мен үшін бұл кезең үлкен мектеп болды. Себебі, актер болып қалыптасу үшін тынымсыз еңбек әрі ізденіс қажет екендігіне көзім жетті. Өзіңізге белгілі, өнерде шекара болмайды. Алдағы уақытта тек ән жазумен шектеліп қалмай, өзімнің актерлік қырымды да аша түсуге тырысамын.

– Бүгінде әлеуметтік желіден, БАҚ құралдарынан, тіпті әрбір қазақтың аузынан Димаштың есімін еститін болдық. Сіздер енді Димашпен бір өнердің пұшпағын илеп, ортақ бір сахнада жүрген әріптессіздер. Неліктен Димаш атақ-даңққа өз елінде емес, өзге жұртта жүріп бөленді? Қалай ойлайсыз?

– Енді бүгінде Димаш өзіне лайықты мәртебеге ие болып, халықтың зор қошеметіне бөленіп жатыр ғой. Ал бұл атақ-абыройға неліктен өз елімізде емес, сырт мемлекетте жүріп бөленді деген сұраққа келетін болсақ, жалпы Димаштың классикалық жанрға жақын әнші екенін білеміз. Бәлкім, осы классиканы халық жанына жақын қабылдамайтын шығар. Бұл енді тек менің болжамым. Нақты бұл сұраққа басымды қатырып, жауап іздеп көрмеппін. Себебі нағыз дарын ерте ме, кеш пе өзіне лайықты бағасын алады. Димаш бауырымды қатты сыйлаймын, Қазақстанның қай өңірінде болмасын бүгінде оған деген құрмет ерекше. Ол үлкен сахнаға алғаш шыққан сәтте-ақ, әлемдік аренада өнер көрсететін әнші екендігіне көзім жеткен. Енді бүгін міне Қытай еліне барып, миллиардтаған халыққа қазақтың атын танытып жатыр. Сондықтан да, су түбінде жатқан асыл тас уақыты келгенде су бетіне шығады. Яғни, әр нәрсе өз уақытымен болады.

– Әлеуметтік желіде қаншалықты белсендісіз?

– Фейсбук, вконтакте, инстаграм сынды желілердің барлығын қолданамын. Енді бүгінгі ғаламтордың торына шырмалған заманда жастарды, жалпы қоғамды тәрбиелейтін, маңызды ақпарат беретін осы әлеуметтік желілер болды ғой. Сондықтан да жариялаған жазбаларымда бос сөзге орын бермеуге тырысамын. Көбінесе әр күнімді Мұқағалидың өлең жолдарын болмаса Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерін жариялаумен бастағанды жөн көремін. Сондай-ақ өзге де ғалым, ғұламаларымыздың қанатты сөздерін салып отырамын. Дегенмен, үнемі өнегелі нақыл сөздерді жариялап отыруға болады деп айта алмаймын. Себебі өнер адамы болғаннан кейін парақшамызға тіркелген халыққа біздің шығармашылығымыздағы өзгерістер мен жаңалықтар қызықты болады. Мұны да ұмытпауымыз керек. Парақшаны кейде жарнама ретінде қолданасың. Ал енді ішкен ас пен киген киімді көрсету мақсатында жарияланып жататын маңызы жоқ ақпаратқа қарсымын. Өнер адамы халықтың айнасы болғаннан кейін көпшілік әр сөзің мен қадамыңды бақылап отырады. Сондықтан да мен әрбір жазбама үлкен мән беремін. Салмағы бар сөзге жарияланатын пікір де көп болады. Жалпы, парақшамдағы оқырмандардың пікірі мен үшін маңызды.

– Пікір білдіреді деп жатырсыз, жалпы инстаграм желісіндегі жағымсыз пікірлерді қалай қабылдайсыз? Жалпақ жұрттың бәріне бірдей жағу мүмкін емес, әрине. Кейде көңіліңе келетін дүниелер айтылып жатады. Осындай сәттегі әрекетіңіз?

– Енді орынды сын болса, оны қабылдап қалдырамын. Ал шектен шыққан дөрекі сөздер айтылып жатқан жағдайда мен бірден қара тізімге жіберемін. Кейде жақсы көңіл-күймен жаңа бір жұмысқа кірісейін деп жатқанда осы әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлер көңіліңе күдік ұялатып, кедергі келтіретін сәттер болады. Дегенмен көп жағдайда мән бермеуге тырысамын. Құдайға шүкір, көңіліңді марқайтатын жақсы пікірлер көп. Бірақ оқырмандардан үнемі мақтау ести берген де жаман екен. Арасында сын болып тұрғаны да дұрыс шығар.

– Жалпы, шоу-бизнесте көреалмаушылықтың болатыны жасырын емес. Осы тұрғыда айтарыңыз бар ма?

– Оны жоққа шығармаймын. Бар, әрине. Өнердің ортасында жүргеннен кейін көре алмау, қызғаныш атаулының бәрі болады. Мұқағали Мақатаевтың күндестік туралы мынадай бір өлең жолдары бар еді:

Бауырларым-ау, бәріміз қиын күн кештік,

Араға біздің қай жақтан келді күндестік?!

Жүруші едік қой мұңымыз бірге, арман да,

Армандап жүріп келдік қой осы орманға,

Көзімізді ашып қарайық атар таңдарға,

Күндестік құрысын! Күндестік құрысын жалғанда! – деп айтып келіп күндестік пен қатар жүрген өнердің ұзаққа бармайтынын айтады. Өнерде біреудің тасы өрге домалап, өзгеден артық қолпаштауға ие болып жатса соны көре алмайтын жандар, әлбетте болады. Яғни, халықтың алдында жүрген өнер адамы да – пенде. Адамға тән жақсы, жаман қасиеттердің барлығы әншілерге де тән. Күндестік тек шоу-бизнесте ғана емес, қоғамның барлық салаларында болады. Бұл дерт бүгін не кеше пайда болған жоқ. Ол адамзатпен бірге жасап келеді. Ал онымен күресу әркімнің өз қолында.

– Адамның бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?

– Адамдыққа сай қасиеттің барлығын бағалаймын. Әрине  бірінші – имандылық. Иманы бар адамның бойынан барлық ізгі қасиеттер табылады. Ар-ұят, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау, біреудің ақысын жемеу сынды адамгершілікті танытатын қасиеттердің барлығы өз бастауын иманнан алады.

– Әңгімеңізге рахмет! Жаңа әндеріңізбен тыңдармандарыңызды қуанта беріңіз!

Тағы да оқитындарыңыз