Отандық бизнеске ақпараттық қолдау жетіспейді

19.05.2017

Отандық кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетіп, өндірген тауарларын брендтеу ісін алғашқылардың бірі болып қолға алған «Вig name» компаниясы. Олар бүгінгі таңда экономиканың маңызды салаларын дамытуға үлес қосуда. Қазақстанда жасалған өнімдерді ішкі және әлемдік нарықта таныту мақсатында имидждік жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз аталмыш компанияның  жетекшісі Азиза Тимурқызымен сұхбаттастық.  

– Бизнесті дамытудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қандай?

– Бұқаралық ақпарат құралдырын бекерден бекер төртінші билікке теңемейтін болар.  Ол жалпы ұлттық идеологияны түзуші саяси құрал. Мысалға Кеңес заманында кәсіпкер деген ұғымды түсінбейтін. Түсінсе де жақтырмайтын. Саудамен айналысатын  адамдарға алаяқ ретінде қарайтын. Себебі кеңес үкіметінің идеологиялық ұстанымы іскер және озық ойлы азаматтарға қарсы болды. Сол дәуірде қалыптасқан сана әлі күнге кәсіпкерліктің кеңінен таралуына кедергі келтіріп отыр. Соңғы 2-3 жылдың айналасында ғана жұрт бизнеске бет бұра бастады. Әсіресе жастар. Біздің орталықта 17-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер сабақ алады. Қайсы болмасын жеке ісін бастағысы келеді. Сол арқылы өзін-өзі жетілдіруді, отбасының әл-ауқатын жақсартуды, жалпы мемлекетті көркейтуді ойлайды. Демек елімізде іскерлік мәдениеті қалыптаса бастады деген сөз. Бұған бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі зор септігін тигізді деп ойлаймын. «Хабар24» пен «Atameken» business channel-ден көрсетілген түрлі бағдарламалар жеке кәсіптің артықшылықтарын түсіндірді. Бизнестің идеясы бір нәрсе жасау. Сол арқылы тұрмысты жақсарту. Мейлі тауар немесе қызмет көрсетудің түрі болсын қоғамның ілгері басуына әсер етпей қоймайды. Міне аталмыш арналардың пайдасы  осыны жеткізе білуінде.

– Ал кәсіпкерлер бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын қаншалықты ұғынуда?

– Біздің бизнесмендер оның маңызы мен пайдасын әлі толық түсіне қойған жоқ. Тіпті байланыс орнатудан қорқатындар да бар.  Көбі пиар мен жарнаманың не екенін айыра бермейді.

– Осы орайда екеуінің айырмашылығын айтып өтсеңіз?

– Пиар – айналаңда ақпараттық кеңістік құру. Атыңды шығарып, жағымды имидж қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда өзіңе деген сенімді арттыру. Әріптес болуға дайын екеніңді көрсету. Ал жарнама белгілі бір тауарды сатып алуға итермелейтін құрал. Оның мың түрлі тәсілі бар. Сатып алуға қызықтыра білуде үлкен өнер. 21 ғасырда осыны жетік меңгергендер топтан оза шабады. Тағы да айтам, қазақстандық кәсіпкерлер осы екеуінің ара жігін әлі ажыратып үлгерген жоқ.  Әсіресе отбасылық кәсіппен айналысатындар. Олар құпиямыз ашылып қалады деп үрейленеді. «Ақша тыныштықты ұнатады», «баппен бассаң алысқа жетесің» - деген сияқты көненің қағидалары миларына сіңіп қалған. Сондықтан БАҚ-қа сенімсіздікпен қарайды. Меніңше бұл уақытша құбылыс. Себебі біз ақпарат заманында өмір сүріп жатырыз. Қазір ғаламторға кірмейтін, әлеуметтік желіге тіркелмеген жастар жоқтың қасы. Сондықтан ақпараттық ортадан оқшаулануға болмайды.

– Ал имиджді қалыптастырудың жолдары қандай?

– «Имидж» деген ұғымның мағынасы кең. Қазақшалап айтқанда «абыройың» десе болады. Оған байыпты көзқарас қажет.  Жағымды образды өзінің қалыптастырмасаң,  оны қалауына қарай ортаң жасап береді. Ол сенің көңіліңнен шығуы екіталай. Қоғамда жағымсыз немесе қатаң образдағы тұлғалар жиі кездеседі. Ал жүздесе қалсаңыз әлгі адамның жан дүниесімен сыртқы образының сәйкес келмейтіндігін аңғарасыз. Яғни жұрт адам келбетінің сұстығынан сескеніп, қатыгездің кейіпіне енгізіп қояды. Оған қоса қазіргі таңда ақпарат ағымы шексіз. Оның ақ-қарасын саралап отыратын уақыт жоқ, ешкімде. Ал нарықта жаман атың шықса бизнесіңе қауіп төнуі мүмкін. Бәсекелестерінің арандатушы әрекетінен қара бет болып, кәсібіне нүкте қойғандар қаншама. Сондықтан кәсіби имиджді жоспарлы түрде арнайы мамандардың көмегімен қалыптастырған жөн. Имидж сөзінің ауқымды мағынасы барын айттық қой. Оған адамның киіну стилі, тыңдау әдебі, сөйлеу шеберлігі, тіпті жүріс-тұрысы да жатады. Жағымды образды жасау екі жақты процесс. Ол жеке бастың қасиеттерін паш ете білу шеберлігі және айналаңдағы адамдардың қабылдауына байланысты.

Өткен аптада Қазақ мемлекеттік заң университетінің 4 курс студенттеріне дәріс оқыдым. Қайсы болмасын жақсы жұмыс табуға ниетті. Бірақ қалай екенін білмейді. Оған бас қатырудың қажеті жоқ. Бәрі өз қолыңда тұр. Әлеуметтік желіде аккаунт аш, болса ретке келтір. Қазіргі таңда кәсіби «Linkedin» желісіне қолданған дұрыс.

Мысалға мұнай-газ саласында қызмет атқарғың келсе, сол жайында материалдар жарияла. Ақпараттар ағымын бақылап, ғаламтордағы қауымдастықтарға қосыл. Компания сайтында қылыпты түрде пікір қалдырып отырсаң менеджерлердің назарына ілігесің. Кәсіби имидж жасаудың жолы осылай басталады. Сонда сен пара бермей-ақ, қалаған қызметке таныс-тамырсыз  орналасуың ғажап емес.

– Мемлекеттік телеарналар мен радио және газет-журналдардың жұрт санасын өзгертудегі оң әсерін айттыңыз, ал нақты бизнес түрлерін дамытуға қаншалықты пайдасын тигізуде?

– Нарық әлемі біз ойлағаннан әлде қайда кең. Ал БАҚ-тың назары түскендер ілуде біреу. Көбіне жұрт білетін зауыттар мен компаниялар туралы көрсетіледі. Ақпараттық қолдауды қажет ететін бизнес пен қызметтің жаңа түрлері назардан тыс қалып жатады. Олар қаржылық тұрғыда қалт-құлт етіп тұрғанда ақылы көмекке жүгіне де алмайды. Әрі телеарна қызметі өте қымбат. Ол орта және шағын бизнеске қол жетпес арман. Экранында бір минут жарық ету үшін миллиондар төлеу қажет. Бұл да түсінікті жайт. Себебі телеөнімнің өзіндік құны өте жоғары. Нарық заманында ешкімде шығынға жұмыс жамайды.

– Осы орайда мемлекеттік телеарналар қандай бағытта жұмыс жүргізген дұрыс деп ойлайсыз?

– Ақпараттық қолдау саясатты өзгертетін уақыт келді. Бұған дейін кәсіпкерліктің әліппесі ғана айтылды десе болады. Енді оның өзекті мәселелерін қозғау керек. Аяққа тұсау болар проблемалар бізде аз емес. Қарапайым мысал дүкеннің атауын, яғни сыртқы жарнамасын ілуге рұқсат алудың өзінде әлекке түсесің. Әр әкімдіктің талабы әр түрлі. Былайша айтқанда бизнесті бастауға кедергі келтіретін «жер асты ағыстары» толып жатыр. СЭС-тың нормаларын ашып қалсаңыз, ырайыңды су сепкендей басады. Әкімдік шешім шығарғысы келсе ешкіммен ақылдаспайды. Сынақтан өткізбейді. Айта берсең ай кетеді. Осыларды көтеретін ток-шоу ашылса деймін. Оған бизнес өкілдері мен құзырлы мекемелердің мамандары қатысса, түрлі проблемалар шешімін табар еді. Бұл әрі билік пен бизнестің арасында сенімді серіктестік орнатуына септігін тигізер еді.

Кеңес дәуірінде «Сельский час» бағдарламасы көрсетілетін. Онда 50 жыл бойы ауылшаруашылығының мәселелері айтылды. Диқандар мен бау-бақша егетіндер үзбей көретін. Себебі мәнді ақыл-кеңестердің айтылатын. Сол сияқты бинес жүргізудің, оны басқарудың әдістемесін көрсететін «халық қаржыгер» деген сияқты ақпараттық танымдық бағдарлама көрсетілсе тамаша болар еді.

Одан бөлек жұртқа жұмыс тауып беріп отырған іскер азаматтарды, өнертапқыштарды насихаттаса деймін. Мысалға Америка жастарының аузында жүрген қаһармандарын алайықшы. Ол атақты «Apple» корпорациясын құрушы, инновациялық технологиялар авторы Стив Джобс, «Facebook» әлеуметтік желісін жасаушы Марк Цукерберг, «Microsoft» компаниясының дүниеге әкелген Билл Гейтс, жақында ғана Президент сайланған Дональд Трамп. Бұлардың қайсы болмасын бизнесмен, өз еңбегімен  миллиардер атанған тұлғалар. Өскелең ұрпақтың еліктеуі, байлыққа құмартқандығы емес. Олар сияқты адамзат өмірін жақсартып, өркениетті өзгертуге деген құлшынысы. Ал осы ізгі сезімді оятушы сол елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі. АҚШ телеарналарында ғылым мен бизнес тақырыбындағы бағдарламалар басым. Біздегі сияқты контентті телехикалармен толтырмайды. Шоу бизнестің  жетегінде жүрмейді. Себебі бүгінгі рейтингтен гөрі, ертеңгі өмірді ойлайды. Бізде адал еңбегімен елін асырып отырған азаматтар баршылық. Бірақ жалпақ жұрт танымайды. Жас кәсіпкерлермен кездескен кезде небір оқиғаларды естисің. Кино түсіруге болады. Шіркін, жеткіншектерді олардың жанкешті еңбектерімен тәрбиелесе Америкадай ұлы елге айналар едік. Мигранттардың АҚШ-қа  неге ұмтылатынын білесіз бе? Ол жақта еңбек етем деген жандарға жол ашық. Қолынан іс келетін өнертапқыштарды бағалайды, құрметтейді.

– БАҚ-тың баламасы ретінде не ұсынар едіңіз?

– Оның баламасы әлеуметтік желі. Оған көп ақша қажет емес. Шығармашылық тапқырлық болса жеткілікті. Кәсіпттік SММ (әлеуметтік желідегі маркетинг) қазіргі таңда кез-келген бизнесменге дамудың таптырмас құралы. Біріншіден өзіне қажетті аудиториясын таба алады. Мысалға ол балаларға арналған киім-кешек сатады делік. Оның тұтынушысы ата-аналар ғой.  Демек мақсатты түрде аналар қауымдастығын іздейді. Тапқан соң өнімдерін ұсынады. Ғаламтор шексіз мүмкіндіктер береді. Жарнаманы тартымды етіп жайсай алсаңыз, тұтынушың өзі іздеп келеді. Әлеуметтік желі шағын және орта бизнестің қозғаушы күші. Сондықтан әрбір компания SММ құралдарын мақсатты түрде белсенді пайдалану керек. Егер іскер адам әлеуметтік желіде тіркеліп, парақшасын жүргізбесе, компаниясы жайлы сайт ашпаса оны мүлдем жоқ деп есептеуге болады.

Байқайсыз ба «instagram» қандай қарқынмен дамып жатыр. Барлық «hand made» (қолдан жасалған заттар)  сол жерде. Кондитерлік тағамдар, тоқыма киімдер мен құрақ көрпелер,  бижутерия сияқты ұсақ түйек сәндік бұйымдар қызу саудалануда. Себебі онда тұрақты тұтынушыңмен ғана жұмыс жасайсың. Егерде кәсіби блогерлердың қызметін жүгінсе жағымды имидж жасап алуға болады. Талантты қаламгерлер тауарыңды белгілі бренд қылуы әбден мүмкін.

– Бизнес және қаржы, жалпы экономика тақырыбында қалам тербеп жүрген отандық  журналистердің кәсіби біліктілігін қалай бағалайсыз?

– Бізде белгілі бір салада арнайы маманданған тілшілер жоқтың қасы. Тек қана туризм тақырыбында, немесе  медицина жайында қалам тербейтіндер аз. Журналистер көбі жан-жақты жазады. Бүгінгінің блогерлері де ақындар сияқты. Көремгені мен сезгенін жырлайды. Нақты бір кәсіптің соңына түсіп жүргендері санаулы ғана. Соңғы уақытта экономистер мен заңгерлердің  өздері қолына қалам алып, блогерлікке бет бұруда. Солардың арасында кәдеге жарар ақпарат бере алғандары тез танылуда. Ал шығармашылық еңбектің бағасы нарық алаңында арзан емес. Сондықтанда тілшілер қауымына айтар кеңесім, белгілі бір саланың соңына түсіп үздік атаныңыздар. Кәсіпкерлер үшін жұрт сенетін ақпарат әлемінің майталмандарымен жұмыс жасау әлде қайда тиімді. Блогер нарықтың дөңгелегі іспетті. Айналмаса қозғалтқышты қосқанмен пайда болмайды. Қазақстан нарығында білікті блогерлер жетіспейді.

– Бұл кемшілікті жою мақсатында «Вig name» компаниясының ойластырған үлкен жобасы бар екен. Оның ерекшелігі неде?

– Жобаның атауы «Вig names», яғни балалар мен жасөспірімдерге арналған бизнес мектеп деп аталады. Онда жазуға икемі бар жастарды жинап оқытамыз. Оларды қызығушылығы мен қабілет-қарымына қарай нақты бір салаға бейімдегіміз келеді. Мақсатымыз пікірлер лидерін қалыптастыру. Ондайлар жоқ деп айта алмаймын. Жаста болса бас болар мықтылар бар. Тек халықаралық нарықта қалам тербейтіндей кәсіби тәжірибе жетіспейді. Бүгінгі таңда компания қызметкерлері оқу әдістемелік құралдар жазуда. Оған тәжірибелі психологтар мен әлеумет танушылар, журналистер мен блогерлер, заңгерлер мен қаржыгерлер тартылған.  Авторлық методикамызды жуық арада тәмамдаймыз. Кейін қазақшаға аударамыз. Содан кейін 8 жастан 21 жас аралығындағы шәкірттерді қабылдап, бизнес мәдениеті жайында сабақ бере бастаймыз. Ісіміз сәтті жүрсе міндетті түрде өңірлерге аттанамыз. Бүкіл Қазақстан, тіпті әлем бойынша франшиза ретінде таратқымыз келеді. Сондықтан облыстарда «Вig names» мектебін дамытуға ынтасы бар жандарды әріптестікке шақырамын.

– Жеңіл өнеркәсіпті дамытуды қолға алған екенсіздер. Аталмыш саланың нарықтағы жағдайы қандай?

– Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі 90-жылдардың соңынан 2010 жылға дейін есін жия алмай келді. Тоқырау кезінде жабылған фабрикаларды жандандыру қиынға түсті. Тек 2015 жылдан бері қарай аяққа тұра бастады. Ол облыстардағы еркін экономикалық аймақтардың құрылуымен тығыз байланысты. Мысалға Шымкентте әскери форма тігетін, кілем өретін жаңа кәсіпорындар ашылды. Жыл сайын жеке меншік тігін цехтары көбеюде. Жалпы еліміздің жеңіл өнеркәсібі өрлеу кезеңін бастан өткеруде. Мемлекеттік тапсырыстарды толықтай орындайтын деңгейге жетті. Десе де ішкі жалпы өнімнің 1% ғана құрап отыр. Бұл қанағаттанарлық көрсеткіш емес. Біз ішкі нарықта еркінси алмай отырмыз. Себебі бәсекелестік жоғары. Мүлгіп отырған  көршіміз жоқ. Қытайды айтпағанда қырғыз-өзбектерің бәсеке бәйгесіне түсуге қауқарлы. Бұрын ала шапанды көршіміз қақпасын жауып алып, өзімен өзі болатын. Енді керсінше. Саяси ұстанымын өзгертуде. Әлемдік нарыққа шығуды көздейді. Өзбектердің аталмыш саладағы мүмкіндіктерін ескерсек, кәсіпкерлеріміз қыспақта қалатын түрі бар. Тігін ісін жетік меңгерген. Сапалы киімдер тігеді. Әрі қолдарында арзан шикізат бар. Мақта мен тері өңдеу ісін жолға қойып алған. Қырғыздардың киім-кешегін көрген де, киген де боларсыз. Олар сапамен емес санмен алады. Себебі жұмыс күші арзан. Өндірістік ауқымы жоғары. Әрі Кеден Одағының мүшесі ретінде қалауынша бағаны төмендете алады. Іргедегі Қытайдың жайын білесіздер. Санмен де, сапамен де бәсекелесуге мүмкіндігі бар. Десе де қолды дөп сермейтіндей себеп жоқ. Қазақстанның да тойтарыс берер артықшылықтары. Бізде табиғи таза шикі зат қоры мол. Соны өңдеуді қолға алу керек.  Сапалы жүн мен мақта қорының молдығына қарамастан фабрикаларды қажетті  матамен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Кәсіпкерлер Ресей мен Европадан 2-3 есе қымбат бағаға сатып әкелуге мәжбүр. Егерде материалды елімізде тоқыса отандық тауардың өзіндік құны 3-4 есе арзанға түсер еді.

Екіншіден географиялық мекеніміз қолайлы. Қос өркениеттің ортасында тұрмыз. Осыны неге пайдаланбасқа. Біздің елде әлемдік деңгейде танылған дарынды дизайнерлер жетерлік. Егерде тігіншілер олармен тізе қосып еңбек етсе ешкімде жоқ сәнді киім үлгілерін шығарар еді. Көршілеріміздің ешқайсында дизайнерлік өнер дамымаған. Сондықтан киім-кешектерінің эстетикалық сипаты сын көтермейді. Осы орайда бізде Батыс пен Шығыстың үздік сән үлгілерін байланыстырып әлемдік бред жасау мүмкіндігі бар. Бұл мақсатымызды жүзеге асыра алсақ қытайдың сапасыз әрі зиянды, өзбек пен қырғыздың талғамсыз пішілген киімдерін жұрт керек қылмас еді.

– Қазақстанда қандай компания ішкі нарықты мойындатып, отандық бренд атана алды?

– Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Өзіме ұнайтыны Ві Grup. Олар тәуелсіз Қазақстан тарихында еңбек жолын ертеден бастаған ірі компаниялардың бірегейі. «Ві Grup» құрылыс нарығында стратегиялық саясатын әу бастан сауатты құрды. Адал еңбегімен абыройлы атын шығарды. Жағымды имидждің жөнімен қалыптасуына әсер еткен тағы бір фактор қоғаммен қарым-қатынас орнатудың ұтымды әдістерін қолдануында. Қазір пәтер алатын адамдар бірінші кезекте осы компания құрылысшыларының тұрғызған үйлерін іздейді.

Жаңадан құрылған компаниялардың арасында Форте Банктың болашағы зор деп ойлаймын. Имидждік тұрғыда ұтымды қадамдар жасауда.

Біздің нарыққа шетелден енген компаниялардың ішінде Starbucks бренді тез танылды. 2 жыл бұрын Старбакс кофейнясы ашылған сәтте таңғы сегізден бастап  мыңдаған алматылық  ағылғаны естеріңізде болар.

– Біз шайды ұнататын елміз ғой, жұрттың кофеге құмарта қалуының себебі неде?

– Starbucks International компаниясының экс-президенті  Говард Бехар  «Мәселе кофеде емес, Старбакстың ұжымдық мәдениеті» атты кітап жазған. Онда бұл брендттің өміршеңдігін қос құндылықты насихаттауымен байланыстырады. Ол – демократия және білім. Ұлы идеяны қолдаушылар біздің қоғамнан да көптеп табылды. Ұзын сонар кезекті пайда болуын сонымен түсіндіруге болады. Адамдар аталмыш құндылықтарды жалғастыруға дайын екендерін көрсетті. Суретке түсіп әлемнің әр бұрышындағы достарымен бөлісті. Жалпы алғанда Старбакс кофейнялары санында есеп жоқ. Әйтеуір әлемнің 60 мемлекетінде ашылғаны белгілі.

Біздің де мақсатымыз «Вig name» компаниясын сондай дәрежеге жеткізу. Өзге де отандастарымыздың жетістіктерін әлемге паш етіп. Жасаған туындыларын атақты брендке айналдыру.  

– Сұхбатыңызға рахмет, істеріңіз табысты болсын!

Мақала авторы - Ернұр Нұрғалиев
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз