Нәзира Байырбек: Батыр әйелдер біздің қоғамымызда да көп

Жылы жүздесу

Әр заманның өз батыр арулары бар. Тарихта аты қалған Сақ патшайымы Тұмар ханым ат үстінде жүріп жауын жасытса, Әлия мен Мәншүктің ерлігі күні бүгінге дейін ел есінде. Әрине, батырлық тек қолға қару алып, қонышынан қан кешкен жауынгерлікті меңземесе керек. Ендеше, бүгінгі күннің батыр әйелдері кімдер? Осы тақырып төңірегінде танымал нәзік жандылар жайлы қалам тербеп, оларға арнап кітаптар жазып жүрген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі журналист Нәзира Байырбекпен сұхбаттасқан едік.

– Сіздің қазақтың белгілі қыздары жайлы кітаптар жаза бастауыңызға не түрткі болды?

– Кейде адам әлдебір нәрсенің қалай маңызы артып, қалай өз өмірінің мәніне айналып кеткенін байқамай қалады екен. Мен де қазақтың белгілі қыздары туралы жазуды қолға алғанда кейіннен ол менің күнделікті тіршілігіме, жан қалауыма, тіпті ішкі қажеттілігіме айналып кетеді деп ойламаған едім. Мысалы, опера әншісі, Татарстан мен Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева туралы жазуыма өзім жұмыс істейтін «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырханұлы ағамыз түрткі болған. 2009 жылдың жазында мен газетке Нұржамал Үсенбаева туралы мақала жаздым, ол «Сахна сандуғашы» деген тақырыппен жарық көрді. Мақала кейіпкерге де, басшыма да ұнаған көрінеді. Талғат аға материал қолына түскеннен маған: «Нұржамал туралы кітап жазсаңшы. Лайық тұлға ғой» деп, ой тастап жүрді. Мен «ол қолымнан келе қояр ма екен?» деп күлуші едім. Уақыт өте келе туекелге бел будым. Сөйтіп, 2011 жылы алғашқы кітабым - «Нұржамал» жарық көрді. Ал белгілі бір тақырып бойынша ізденіп, шығармашылық жұмыспен айналысу адамды пендешіліктен, тұрмыстың ой шырмауы мен бос тірліктен сақтайтынын түсінген соң Күләш Ахметова туралы жазғым келді. Қазір ойлап қарасам бұл жұмысты ең алғаш маған жазушы, ғалым, қайталанбас тұлға Ақселеу Сейдімбек аманаттаған екен.  Көзі тірісінде Ақселеу Сейдімбек маған: «Өз фамилияңды құрметте. Журналистиканың ұсақ шаруасына шырмалып қалмай, үлкен дүние жаз. Мысалы, қазақтың белгілі қыздары туралы жазсаңшы» деп ойын айтқан болатын. Мен ол кезде үлкен жұмыспен айналысуға қабілетім жетпейтінін ойлап, күліп қоя салғанмын. Бірақ дәл сол Ақселеу ағам айтқан сөз менің шығармашылығымның өзегіне айналып келе жатқанын енді түсіндім. Әсіресе, қоғам қайраткері, ұлтшыл тұлға, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда билікте қызмет етіп, үлкен абыройға жеткен Оразкүл Асанғазықызы туралы жазарда мен өзімді Ақселеу ағамның аманатын орындап жатқандай сезіндім. Кейінгі жастар үлгі тұтуға лайық қазақтың біртуар әйел тұлғалары тарихта ғана емес, өз өмірімізде, айналамызда да бар екен. Солардың бірі қайсар қыз Оразкүлді Ақселеу Сейдімбек кезінде ерекше құрметтеп айтып жүргенін кейін білдім.

– Қазірге дейін кімдер жайлы кітап жарық көрді?

– Қазірге дейін, жаңа айтқанымдай, қазақтың маңдайына біткен үш қызды жазып шықтым. Олар – Нұржамал Үсенбаева туралы 2011 жылы жарық көрген «Нұржамал»,  белгілі лирик ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова жөнінде жазылып, 2016 жылы баспадан шыққан «Күләш Ахметова» деген ғұмырнамалық эссе және Оразкүл Асанғазықызы туралы таяуда ғана баспадан шыққан «Қайсарлық пен қайраткерлік» атты эссе-диалогия. Бұл кітапты өзім жанрына қарай ұзақ сұхбат дер едім.

– Кейде адамның сөзі ұнап, өзі ұнамауы мүмкін ғой. Кітапта кейіпкерлеріңіздің қай қырын ашуға тырысасыз?

Расында, біреу туралы боямасыз дүние жазу өте қиын. Сенің кейіпкеріңді әлдекімдер сынап жатса, шындық сен ұстанған таразының басым жағында болып шықса екен деп тілейсің. Адам атқарған қызметі, сіңірген еңбегі, өнері арқылы тұлғалық биікке көтеріледі. Ал, тұлғаның жеке тағдыры көпшілік үшін қашан да қызық. Сол себепті, мен мүмкіндігінше кейіпкерімнің барлық қырын ашқым келеді. Ең бастысы, адам ретіндегі оның көргені мен түйгенін, сезінгені мен білгенін, сонымен бірге атқарған еңбегін көрсетуді мақсат тұтамын. Яғни, менің жұмысым фотографтың жұмысы сияқты. Кейіпкерің қалай киініп келіп, фотоаппаратыңның алдында қалай тұрады, солай суретін шығарып бересің. Десе де, менің қаламым «фотошоп» жасамайды.

– «Менің кітаптарым жүз пайыз шындықтан тұрады» деуіңіздің сыры осында жатқан болды ғой...

Иә. Олай дейтінім, менікі – көркем туынды емес. Өмірдің өзінен алынған, боямасыз оқиғалар. Ал тұлға туралы адамның көзі тірісінде жазу бұл – шындықты бұра тартуға, артық әсірелеуге жол бермеудің кепілі. Сондықтан, игі жақсыларымызды көзі тірісінде қадірлеп, олардың өмірі жайлы аңызға бергісіз әңгімелерді өз аузынан естіп, қатарластары аман кезде жазып отыру артық болмайды деп ойлаймын.

– Қаламгерлер тарихи тұлғаларды жазғанда мұрағаттарды ақтарып, мәлімет іздейді. Сіздің дереккөзіңіз не?

Бірінші дереккөзім – өз кейіпкерлерім, одан кейін кейіпкерім туралы ерекше естелік, жақсы детальдар айта алатын заманастары, әріптестері, туыстары.

– Сіз үшін бүгінгі қазақ қоғамының батыл да батыр қыздары кімдер?

Отбасымен қатар билікте, лауазымды қызметтерде жүріп қазақтың мүддесін жеке мүддесіннен биік қоятын, өз халқының алдындағы перзенттік борышына адал жандар менің ұғымымда батыр адам. Тұрмыс тауқыметі мен жалқаулық үстемдік еткен жайлы өмірден еңбек пен өнерді биік қойып, елдің дамуына аз да болса үлесін қосып жатқан  әйел адамдардың бәрін өз басым құрмет тұтамын.

– Алдағы уақытта тағы кімдерге кітап арнауыңыз мүмкін?

Ақын, Алаш сыйлығының иегері Ханбибі Есенғараева апамызың шығармашылығы мен өмірі мені қатты қызықтырып жүр. «Астана ақшамы» газетіне сұхбат алған кездегі әңгімесінің әсерінен әлі айыға алмай жүрмін. Ерекше ойлайтыны, батырлығы, ірілігі, өз басындағы қиыншылық пен азаптың өзін трагедияға айналдырмай, бір сөзбен жеңіл, анық айта салатыны мені қайран қалдырады. Егер келісімін берсе, мен Ханбибі ақын туралы қуана жазар едім.

– Бұдан былай да тек қана қазақтың маңдайалды әйелдері туралы жазасыз ба? Тек әйелдер туралы ма?

Ғарышкер, батыр ағамыз Тоқтар Әубәкіров өзі туралы жаздырғысы келген. Бірақ, мен Тоқтардай тұлғаны жазуға жүрексіндім. Бір жағынан ол кісінің оқыған, қызмет еткен жерлерімен жүріп өту керекпін. Ал, ол кезде менің аяғым ауыр еді. Екінші жағынан, ол кісі туралы жазу үшін ғарыш саласын көбірек оқып, іздену керек. Оған үлкен жігер, көп күш, уақыт қажет еді. Сондықтан, өзім әйел адам болғаннан кейін нәзік жандылар жайлы жаза берейінші дедім. «Бөріктінің намысы бір» болса, орамалдының мұңы бір ғой. Әйелдің жанын түсіну, сезіну бәрібір әйел адамның ғана қолынан келеді.

– Сіз үшін тұлғасы бәрінен биік әйел заты болған анаңыз жайлы айтсаңыз? Ол кісінің қандай қасиеті өміріңіздің темірқазығы?

Анамның есімі – Бақытжан. Үйде барлық мәселені әкем марқұм шешетін. Ал анам әкемнің тапқанын отбасына жеткізіп, балаларын бағып, үй шаруасымен ғана айналысатын. Бір ерекшегілі – аузынан ешуақытта жаман сөз шықпайтын. Тіпті, біреудің айтқан дөрекі сөзін қайталауға да арланатын. Әлі сондай. Ол кісінің өмір бойы ешкімді жек көрмей, ешкімге қиянат жасамай, кек сақтамай, көңілін таза ұстап келе жатқаны – бізге үлгі болуға тиісті жақсы қасиет.

– Өз отбасыңыздан да сырт айналып өте алмайтын сияқтымын....

Менің жарым бүгінгі күні есімі жас жазушылар қатарында аталып жүрген азамат – Мұрат Алмасбекұлы. Алланың бергеніне шүкір деп, бүгінде бес бала тәрбиелеп отырмыз. Ерім қалам иесі болғандықтан, жай қалам иесі емес, Дулат Исабеков ағамыз айтпақшы, тілі бай, ойы терең, қазіргі жастардың арасындағы өзіне тән ерекше қабілеті бар қаламгер болғаннан кейін менің де жауапкершілігім оңай емес. Жап-жақсы жазушының тұрмысқа тапталып кетпеуі үшін күресіп келемін. Арасында, өзімнің жан қалауыммен таңдаған жұмысымды да ұмытқан емеспін. Келін ретінде де мойныма ерімнің әулетінен басқа аса үлкен міндет жүктеліп тұрған жоқ.

– Осыншама қауырт жұмыстардың арасынан бала тәрбиесіне уақыт табу да оңай болмас?

Бала тәрбиесі менің қай кезде де ең жанды жерім. Алла баланы ата-анасына аманат етіп береді. Сол аманатты дұрыс арқалап келе жатырмын ба, жоқ па деген сұрақ мені жиі мазалайды. Өзіңіз біліп отырғандай мен тыныш отыра алмайтын адаммын. Адам бәрін бірдей керемет жасай алмайды ғой. Бір жағына көбірек күш салсаң, екінші жағы ақсап жатады. Сондықтан, кейде жұмысқа көбірек көңіл бөліп кетіп, кейін балаларымның алында өзімді кінәлі сезініп қалатын кездерім аз болған жоқ. Бірақ, қазір барлық жұмысты жүйелеп атқаруды үйреніп келе жатқандаймын. Ең бастысы, жазуды сағынған кезде ғана қолыма қалам алуға тырысамын. Махаббатпен жазылған дүние ғана сәтті болады ғой. Ал балаларымды қай кезде де тек жақсылықтан ләззат алуға үйреткім келеді. Майданға түспей бәйге алудың, өзіңе лайық емес жеңіске ұмтылудың шын қуаныш сыйламайтынын түсіндіріп келемін. Олардың адал болғанын қалаймын, сонда ғана жаны тыныш өмір сүретінін, бақытты болатынын айтып жеткізуге тырысамын.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Менің есем біреуде кетсе кетсін, ешкімнің есесі менің мойнымда кетпесе екен деймін.  

– Қазақтың батыр қыздарын дәріптейтін өзіңіздей батыл жандар көбейсін! Әңгімеңізге Рахмет!

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер