Эндокринолог маманның ораза ұстаушыларға кеңесі

17.05.2017

Бүкіл мұсылман асыға күтетін қасиетті рамазан айының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл ораза +күнтізбе бойынша 27 мамырға дәл келіп отыр. Осы күннен бастап 24 маусымға дейін оразаға ниет еткен әрбір мұсылман ішіп-жеуден тиылып, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстап, жақсылыққа ұмтылады. Осы ретте біз танымал профессор, медицина ғылымының докторы, эндокринолог Жангентхан Қажы Абылайұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Жангентхан Абылайұлы, қасиетті Рамазан айының басталуына санаулы күндер қалды. Осы тұста эндокринолог маман ретінде ораза ұстаушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

— Әрбір мұсылман баласы Рамазан айы жақындаған сайын өзін қуанышты сезінеді. Біріншіден мұсылмандықтың бір қарызын өтеу, екіншіден ниетінің, тәнінің, рухының тазару айы. Бұл алғаш ораза ұстауға ниет еткен бауырларымызға аздап қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан Рамазан айында ораза ұстауға ниет еткен бауырларымызға денсаулыққа байланысты ескеретін маңызды мәселелерге тоқталып өткеніміз жөн. Себебі, ораза тек ас ішуден, су ішуден тиылу емес. Ораза үш жақты күрделі медициналық мәселелерді қамтиды. Бірінші ағзаны ас, су қабылдамай тән тазалығына жүгіндіреміз.  Екінші рухани тазару. Ол әртүрлі ағзаға зиянды: темекі шегу, насыбай ату, арақ ішу, жыныстық қатынастан тыйылу. Үшінші санамыздың тазаруы болады. Бұл үш фактор бір-бірімен тығыз байланысты. Енді оразаның әр ұстанымына тоқталайық. Мәселен, күнделікті үш мезгіл тамақ ішіп жүрген адамға, судан, астан тыйылу күнделікті үйренген ырғақты өмірін күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Ораза кезінде адамның тамақ қабылдауы биологиялық ритмін бұзып, түнгі ас ішуге көшеді. Бұрын ораза ұстамаған адамға бұл өзгерістерге ағзаны дайындау керек. Ағзаның бейімделуі алғаш 3-7 күн арасында өтеді. Сондықтан ораза кезінде денсаулықты бұзып алмас үшін ас қабылдау мәдениетін қалыптастырған жөн болады. Соның бірі ауызашарда апыл-ғұпыл асығып тамақ ішу кезінде, әсіресе күрделі тамақтарды асықпай шайнап жемегендіктен түйіліп қалу қауіпі болады. Мұны естен шығармаған дұрыс.

— Оразаның пайдасы мен зияны туралы көптеген алыпқашпа әңгімелер жүреді. Осыған қатысты не айтар едіңіз?   

— Менің мамандығым эндокринолог болғандықтан - адам ағзасында зат алмасу құбылысына оразаның қандай пайдасы, не зияны болуы мүмкін деген сұрақты тыс қалдыра алмадым. Тамақтан тыйылу күйзелісі кезінде адам ағзасында иммунитет жоғарылайды да, аурудан қорғайды. Бұл бүгін ғылыми түрде дәлелденген, сондықтан емдік ашығуды дәрігерлер де пайдаланып жүр. Мысалы, Жапондық ғалымдар халықаралық континенталдық іс-сапарлармен жүрген азаматтарды тексеріп, олардың көпшілігі жаңа өзгерістерге ұшырап, ұйықтай алмай, биологиялық сағаттары бұзылып, көп қиналатынын байқаған. Тексерген науқастардың көбі басқа жаққа күндіз ұшып, негізінен тамақты түнде қабылдауға мәжбүр болған. Әсіресе, ұшқыштар, жолсеріктер, бизнестің адамдары. Олардың тамақ қабылдау, ас қорыту биоритмі өзгерген. Сондықтан оларға өз елдеріндегі ас қабылдау уақытын сақтауды ұсынған. Олар қайта еліне ұшқанда биоритмдері бұзылмаған. Осындай зерттеулер нәтижесінде «ораза адамның биоритмін қалыптастырады» деп тұжырым жасаған. Айта кететін жаңалық, қазір Жапонияда мешіттер салынып, Құран кітап жапон тіліне аударылды. Жапондық бауырларымыздың 1%-ы мұсылмандық қабылдап, ораза ұстайды. Жапон елінде жүз жиырма жеті миллионнан астам халқы бар екенін ескеріңіз.

Адам санасының биоритмге байланысты қалыптасуы ораза кезінде өте жоғары деңгейге көтеріледі. Соның жақсы әсерінен адамның есте сақтау қабілеті күшейеді, түсінгіштігі, білімді қабылдау мүмкіншілігі, дәрісті, есепті оңай, жеңіл шешіп, тың жаңалықтар ашуға көмектеседі. Ораза ұстаған адамның күнделікті үйренген, кейде ұйықтап, маужырап жүрген сезімдерінен арылып, таланттары оянады, төзімталдығы күшейеді. Бұл да оразаның жағымды әсерлері. Денсаулығы мықты адамның көңіл-күйі де жақсаратыны да белгілі. Ораза кезіндегі биоритмдік өзгерістер, ағзаның жасаруына әкеледі.

Дүние жүзі ғалымдары оразаның иммундық, эндокриндік – ішкі бөліп шығару бездерінің жұмысын тексерген. Біз түрік ғалымдарымен бірігіп ораза кезінде қант диабеті науқасының адам ағзасындағы зат алмасу құбылысына әсерін тексердік. Менің докторантым, әріптесім, медицина ғылымының докторы - Қуат Ошақбайовпен жүргізген ғылыми зерттеу нәтежиесінде қант диабетінің 2-түрімен ауыратын науқастарға зиянды әсерінің жоқ екендігі анықталды. Асқазан жарасы бар науқастардың оразадан кейін тексергенде жараның жазылып кеткендігі белгілі болды. Ораза кезінде асқазан қышқылы бөлініп шығуы азайып, жараның жазылуына көп әсерін тигізеді. Бүгінгі күні қант диабетімен ауыратын науқастардың, әсіресе, ең көп тараған қант диабетінің 2-түрінде емдік дәрілерді ауызды беріктерге дейін ішу керек. Қант диабетінің 1-түрімен ауыратын науқастарға (инсулинге тәуелді түрі) ораза ұстауға болмайды. Себебі олар күніне үш-төрт рет инсулин егуге мәжбүр. Инсулин еккеннен кейін 15 минут аралығында тамақ ішпесе, қандағы қанттың мөлшері төмендеп ұзақ ұйқыға, яғни қатерлі комаға түсіп кету қаупы бар. Қазір қант диабетінің 2-түрімен ауыратын, инсулин қабылдайтын науқастарға күніне бір рет егуге болатын, ұзақ 24-36 сағат емдік әсері бар инсулиндерді пайдалануға болады. Ол «лантус», «деглудек», «тресиба» инсулиндері. Қазір оларды «Рамазан инсулиндері» деп те атап жүр. Қант диабетінің 2-түрімен ауыратын науқастардың көбісі жүректің созылмалы ишемиялық ауруларымен ауырады. Қан қысымы жоғары науқастарға ораза алдында тексеріліп, дәрігердің кеңесін алған жөн болады. Алла нәсіп етсе биылғы ораза күннің ыстық уақытына келіп тұрғандықтан ағза судың жетіспеушілігінен қанның ұйылып кетуі жоғарылап, инсультке әкелуі мүмкін. Инфекциялық ауру кезінде, әсіресе сары ауру, бауыр науқастарымен ауыратын адамдарға ораза ұстауға болмайды. Жазылғаннан кейін ол күндерді өтеуге болады. Күн ыстық болғандықтан далада көп жүрмеген дұрыс. Әйел адамдар орамал, ер адамдар бас киіммен жүрсе күн соққысынан қорғайды. Ораза уақытында жыныстық қатынастан тыйылу, ер адамдардың алғашқы күндерінде тестестероннің деңгейі төмендеп, оразадан шыққаннан кейін төртінші күнінен бастап өте жақсы жоғарылайды. Әйел адамдардың ораза кезінде прогестерон және пролактин гормондары  өзгеріске ұшырайтыны анықталды. Мәселен, паролактин төмендейді. Бұл бала емізетін әйелдердің сүтінің бөлінуін тоқтатады. Сондықтан бала емізіп жүрген аналарға ораза ұстау, нәрестенің жетілуіне, иммунитетінің төмендеп ауруына себеп болуы мүмкін. Бұл ғылыми жұмыста Рамазан айында ораза тұтқан әйелдердің қандағы жоғары деңгейдегі пролактины төмендеп, ананың бала көтеру қабілеті жоғарылайды. Бұл АҚШ ғалымдарының ғылыми зерттеуінің нәтежиесі. Алла тағаланың мұсылман жандарға берген парызы, яғни оразаның жемісі - ұрпақ жалғастыруға және дені сау балаларды Оразадан кейін дүниеге әкелуге себепші болады.

— Ораза ұстаған адам көбіне қарны ашқаннан емес, шөлдегеннен қиналып жатады емес пе?    

Ораза кезінде адамға су ішуіне рұқсат жоқ. Әрине ыстық күндері мұндайға шыдау қиын. Сондықтан адам ағзасына қанша су керек деген заңды сұрақ туындайды. Оразадан тыс уақытта ағзаға 2,5-3 литр су керек. Ол адам ағзасындағы су және электролиттің, зат алмасу құбылысының тепе-теңдігін сақтау үшін қажет. Ауызашарда асықпай 1 кесе су ішу керек. Суды бірден ішпей, бөліп-бөліп бір жұтымнан ішкен дұрыс болады. Тамақтан кейін көк шай немесе әртүрлі шөптен дайындалған сусын асты қорытуға пайдасын тигізеді. Кофе және өте қою қара шай адамның шөлдеуін баса қоймайды.

— Қандай жағдайда оразаны тоқтата тұрған дұрыс?

— Адам ағзасына судың жетіспеуінен, басы ауырып, қан қысымы төмендеп, әлсіздік пайда болып, ұйқы басып талып қалуы мүмкін. Әдетте бұл қандағы глюкозаның төмендеуінің салдары. Бұл уақытта қант қосылған шай ішкен дұрыс болады. Кейде аяқ-қолы тартылып, шөлдеп, басы айналып, ыстығы көтеріліп, жүйкесі қозып, сандырақтап кету жағдайы болады. Бұл уақытта терісі құрғап, көзінің жанары нашарлап, аузы кеуіп, сөйлей алмай қалады. Әрине, жедел жәрдем керек болады. Отырғызып аз-аздан су беріп, су бүркіп, дәрігер шақырған дұрыс болады.

Рамазан айын, яғни, оразаның жеңіл өтуі үшін, денсаулығыңызға зиянды зардаптар  болдырмау үшін жеңіл қорытылатын тағамдар жеп, шектен тыс ас ішпеген  дұрыс. Ораза уақытында еттен, қуырылған, тұздалған тағамдарды аз пайдалану керек. Әсіресе жасы ұлғайған адамдардың бар күш-қуаты ас қорытуға кетіп, өзінің тұла бойы әлсіреп қалады. Негізінен салауатты өмір салтын сақтап, ораза мәдениетін қалыптастырған адамға  Алла күш-қуат беріп, исламның парызын атқаруға жеңілдік береді. Дәрігер ретінде ораза кезіндегі денсаулығыңызға, оразаға дейін көңіл бөліңіз. Қан қысымын өлшеп тұрыңыз. Салмағыңызды бақылаңыз. Қаныңыздың құрамын тексертіп алыңыз. Электрокардиограмма тексеруінен өтіп, жүрегіңіздің ырғағын оразаға дейін біліп алыңыз. Мүмкін болса қандағы қанттың мөлшерін, электролиттердің құрамын тексеріп алуға болады. Бұл лабораториялық тексерулер өз ауданыңыздың ауыруханаларында тегін жасалады. Тек көңіл бөліп, тексеруге барсаңыз болды. Ораза кезінде жаныңыз да, тәніңізде, рухыңызда, санаңызда тазарады.

Түркияның тамақтану және диета маманы Ханде Севен Авук Рамазан айында ораза ұстаушыларға мына 10 қателікке ұрынбауды ескертіп, өз кеңестерін берді.

Апыл-ғұпыл тамақ жеу

Сәресінен ауызашарға дейін аш жүргендіктен қандағы глюкозаның деңгейі түсіп кетеді. Бұл адамда алдына келгеннің бәрін бір сәтте жалмап жеп қою сезімін оятады. Ал асығыс-үсігіс, апыл-ғұпыл тамақ жеу глюкозаның бір сәтте көтерілуіне және ауызашар дастарханынан кейін бірден ұйқының келуіне, сондай-ақ бас ауруына себеп болады. Мұнымен қатар тамақты әбден шайнамай жұта салғандықтан ағзаңызда тоқтық гормоны бөлініп үлгермей, бұдан қарын тоймағандай боп, небір көз жауын алар тәтті тамақтардан бас тарта алмай, қажетті мөлшерден көп тамақтанып қоюыңыз мүмкін. Бұдан асқазаныңыз ас қорыта алмау проблемасына душар болып, Рамазаннан кейін салмақ қосу проблемасына тап боласыз.

Сәресіне тұрмау

Егер сіз «сәресіге тұрмай-ақ, тамақты кештеу ішіп жатармын, ұйқым бөлінбесін» десеңіз, денсаулығыңызды тағы бір ойлаңыз. Сәресіге тұрмасаңыз, келесі күні ауызашарға тіпті ашығып жетесіз. Бұл жоғарыда жазғанымыздай, тағы да тамақ жеу жүйеңіздің бұзылуына әкеп соғады. Оған қоса, сәресіге жейтін жұмыртқа, сүт, ірімшік, нан, айран, жеміс-жидек, қызанақ, қияр секілді құнарлығы жоғары тамақтар жемегендіктен жүйесіз тамақтанудан туындайтын денсаулық проблемаларына шалдығуыңыз мүмкін. Ал Рамазанда бір мезгіл ғана тамақтану энергия жетіспеушілігіне әкеп соғып, әлсіздік, бұлшықет атрофиясы, остеопороз, шаштың түсуі, анемия секілді ауруларға жол ашады.

Майлы тамақ жеу

Майлы тамақтардың асқазанда қорытылу уақыты ұзақ әрі сіңуі баяу. Сондықтан сәресі және ауызашар кезінде майға қуырылған, майлы, соусты және кремді тамақтардан аулақ болыңыз. Әсіресе, ауызашар уақыты өте кеш, ал ауыз бекіту уақыты ұзақ болғандықтан, сондай-ақ, сәресіге іше салып, жатып қалатын жағдайлар жиі болатындықтан, ағзада зат алмасу процесі (метаболизм) баяулайтындықтан, майлы тамақтар жылдам салмақ қосуыңызға себеп болады. Дәміне қызығып, қуырылған тамақ жегеннен гөрі пеште пісірілген, отта қақталған, буға не суға қайнатылған, денсаулыққа пайдалы әдістермен дайындалған тамақтарды пайдаланыңыз.

Жеміс-жидекті аз немесе шамадан тыс жеу

Маусымдық жемістер, әсіресе, бойында А, С дәрумендері бар, талшықты, антиоксидантты, шырынды жемістер салауатты тамақтанудың негізі. Жүрек, бұлшықет, буын ауруларынан және қатерлі ісіктен қорғайтын ең маңызды азықтардан болған жеміс-жидектерді аз, не шектен тыс көп пайдалану денсаулығыңыздың нашарлауына жол ашады. Ауызашар мен сәресі арасы өте қысқа болғандықтан, кейде жеміс-жидек жеуді ұмытып кетіп жатамыз. Жеміс-жидекті шектен тыс көп пайдалану да қауіпті. Сондықтан да, Рамазанда 2-3 порция ғана жеміс-жидек жеңіз. Әйтпесе, әсіресе, қауын, қарбыз, інжір, жүзім, құрма секілді құрамында қанты бар жеміс-жидектер белдің айналасына май жиналуына себеп болады.

Сүт өнімдерін аз пайдалану

Сүт, айран, ірімшік, құрт секілді азықтар сапалы протеин, кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дәрумендердің қайнар көзі. Сүт және сүт өнімдерінің құнарлылығы жағынан айран пробиотиктерге бай. Рамазан айында жүйелі түрде пайдаланған жағдайда іш желденуі, ас қорытпаушылық, іш қату секілді ас сіңіру проблемаларына жақсы әсер етуімен қатар, бойға қуат беріп, ауруларға қарсы қорғаныс қызметін жақсартады. Сонымен қатар, қажетті сұйықтықтың орнын толтыруды да қамтамасыз етеді. Сәресі мен ауызашарда не жеңіл-желпі ас ретінде күніне 2 стақан сүт не айран секілді сүт өнімдерін пайдалану керек. Сүт өнімдерін пайдалануды азайту бұлшықет атрофиясы, остеопороз, ас қорытпау секілді проблемаларға жол ашуы мүмкін.

Жеткілікті мөлшерде су ішпеу

Адам ағзасының орташа 60 пайызын құраған суды жаздың ыстық күндерінде терлеу арқылы жоғалтамыз. Рамазан айында жеткілікті мөлшерде су ішпеу әсіресе іш жүрмеу секілді ас қорыту проблемаларына, әлсіздік, бас ауруы, концентрацияның бұзылуы, бұлшықет спазмы секілді денсаулығымыздың маңызды құндылықтарының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан Рамазан айы кезінде ағзаңызды шөлдетпес үшін ауызашар мен сәресі арасында кемі 2-2,5 литр су ішуіңіз керек. Егер су ішуді ұнатпасаңыз, айран, қантсыз компот, өсімдік шайларын, минералды су секілді суға балама сұйықтықтар ішіңіз.

Самса жеуде шектен шықпау

Иісі мұрныңды жаратын небір самсалар Рамазан дастарханының сәні екені жасырын емес. Етті, ірімшікті самсалардың біреуінің өзі жоғары калорилі азық болып табылады. Көмірсуға да бай. Сондықтан да, ауызашар кезінде қызығып шектен көп самса жеп қойсаңыз, Рамазан біткен соң арықтау үшін диета ұстануыңызға тура келеді.

Шәрбат десерттер

Шәрбат қосылған десерттер диабет қантымен дайындалған десе де, ұн мен майдың әсерінен-ақ тәттіге бай болады. Осы себепті мұндай шәрбат не қант қосылған десерттердің орнына сүт өнімдерінен жасалған десерттерді не жемісті десерттерді таңдағаныңыз дұрыс. Тек мөлшеріне көңіл бөліңіз. Себебі, жемісті десерттер де ішіндегі фруктозаның себебінен қан құрамындағы глюкозамен жылдам байланысқа түсетін көмірсуларға бай болады. Сол себепті аптасына бір-екі реттен артық жемеген абзал. Бел аймағына май жиналуына байланысты, әсіресе, торт, бәліш, пахлава секілді жоғары калорилі десерттерден алшақ болыңыз.

Тамақ жеген соң ұйықтау

Күні бойғы жұмыс, кептеліс стресі, аштық, шөлдеуден кейін ауызашар кезіндегі апыл-ғұпыл әрі тоя-тыңқия тамақ жеу себебінен бірден көтерілетін глюкозаның себебінен сізді тәтті ұйқыға тартуы мүмкін. Бұған жол бермеңіз! Өйткені, тамақ ішіп алып ұйықтауыңыз жылдам салмақ қосуыңызға себеп болады. Тамақ ішіп болған соң 1-1,5 сағаттан кейін 30-40 минуттай жаяу жүру қандағы қанттың мөлшерін, қан қысымын, жүректің саулығын сақтайтын болады.

Тамақ мөлшеріне назар аудару

Қарын ашқан соң, әлбетте, жылдам тамақтануды қалайсыз. Ауызашар үшін дайындалған көздің жауын алатын, иісі мұрын жаратын дастарханға алданып, мөлшерлі ішуді ұмытып кетпеңіз. Сондықтан да, ауызашарды сорпамен бастап, тамақты әбден шайнап жеп, асқазанның тоқтық үніне үнемі құлақ түріп отырыңыз.

— Мұсылман бауырларыңызға айтар тілегіңіз?    

— Алла оразаларыңызды қабыл етсін. Өзімнің он сегіз жыл бойы ауыз бекітіп, ораза ұстаған сезімімді айтып жеткізу өте қиын, бірақ айтарым оразадан кейін бірден көп ауыз толтырып, асқазанға күш салмай, суды көп ішіп, ағзаңызды бұрынғы қалпына келтіріп аласыз. Ең басты қағида - оразадан кейін де асты шектен тыс қабылдамаңыз. Бұл айтылған кеңестер Құран кітапта жазылған, аяттар да бар, ғылыми жұмыстардың негізінде беріліп отыр. Ораза ұстауға дайындық ниеттеріңіз қабыл болсын!

— Сұхбатыңызға рахмет!

Мақала авторы - Жарқынбек Жұмаділ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады