«Иттердің шаштаразы»

Ерекше кәсіп

Қымбатты оқырмандар, бүгін сіздерге грумер мамандығын таныстырамыз. Ел арасында бұл кәсіп иелерін «иттердің шаштаразы» деп атайды.

Он жылдан бері грумер болып істейтін Вера Морозова бізді жылы қарсы алды.

– Вера ханым, көпшілікке таңсықтау мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Бұл кәсіпке кездейсоқ келдім. Кішкентай пудель асырап алған кезде Астанадан бірде-бір грумер таппадым. Амал жоқ, итімнің сабалақ жүнін алуды өзім үйреніп алдым. Байқасам, бұл іс қолымнан келеді екен. Бірте-бірте таныстарым да иттерін жетектеп үйіме келе бастады. Кейінірек, грумер-стилист ретінде ветеринарлық емханаға шақырылдым. Содан бері емханада істеп келемін.

– Жануарлармен жұмыс істеген қиын емес пе?

– Әркезде әрқалай. Кірпияз ит-мысықтарды еркелетіп, сөзбен алдауға тырысамын. Оған көнбесе, емханадағы өзге қызметкерлер көмектеседі. Әсіресе, мысықтар мінезді келеді. Мысалы, әлгінде ғана бір мысық қолымды екі рет тырнап алды.

– Жануарлардың тілін қалай табасыз?

– Кейбіреуімен үнсіз жұмыс істеймін. Өйткені, тыныштықты жақсы көретін, артық сөзді жақтырмайтын жануарлар да болады. Олардың отыруына, тұруына, жатуына мүмкіндік беремін. Байқасаңыз, мен шатақтау ит-мысықтарды байлап қоятын арнайы құрал қолданбаймын. Олар өздерін барынша жайлы сезінуі тиіс. Егер, мені тістеп не тырнап жатса, ол – менің проблемам.

– Жұрт сіздің мамандығыңызды қалай қабылдайды?

– Неге екенін білмеймін, көп адамдар «грумер деген қандай дәрігер? Хирург па?» деп сұрайды. Мен күлем де, «иә, мен – жүн қырқатын хирургпын» деп қалжыңдай жауап беремін.

– Тегін қызмет жасайтын кездеріңіз бола ма?

– Иә. Әлеуметтік жағдайы төмен ата-әжелердің күшік-мысықтарын жуындырып, жүнін қырқып беремін. Олардан ақша алуға дәтім бармайды. Көшеде жүрген ит-мысықты асырап алып, қамқорлыққа алғанының өзі игі іс емес пе?!

– Байқауымша, қызыңызды да осы кәсіпке баулыған сияқтысыз?

– Иә, қызым Анастасия – кәсіби грумер. Бірақ, әзірше тек мысықтармен жұмыс істейді.

Грумерге келгенше мен осындай болдым...

Ал, кейінгі бейнем осындай. Өзгеріс байқала ма, достар?

– Жұмыс барысында болған қызықты оқиғаңызды айтып беріңізші.

– Бір жолы әлдебір әйел «екі сағаттан соң мына итті көрмеге қатыстыруымыз керек» деп бір ұсқынсыз итті алып келді. Мен оны жуындырып, сабалақ жүнін қиып, көрмеге 100 пайыз дайын қылғанда, қожайыны оны танымай қалды. Бейшара жануардың жүнжіп кеткені сондай, бізге әкелгенде оның тіпті миттельшнауцер тұқымды ит екені байқалмаған болатын.

Ең қызығы, жергілікті қожайындар сезімге сараң келеді. Ал, бізге жиі келетін шетелдік азаматтар өздерінің ит-мысықтарын көргенде, таңданыстарын жасыра алмай, маған қайта-қайта алғыс айтады. Әрине, ондай сәтте төбем көкке бір елі жетпей қалады. Өзіңнің жұмысың үшін ел-жұрттан алғыс алу да бір ғанибет!

– Қызмет құны жануарлардың тұқымына (порода) және денесіндегі түгіне байланысты жоғарылай бере ме?

– Иә. Қысқартудың көрмеге арналған және үй жағдайына арналған, сонымен қатар, гигиеналық  қысқарту деген түрлері болады. Мысалы, йоркширлік терьердің құлақ ұшындағы, башпайларының арасындағы түгін қысқарту үшін 2 мың теңгеден 3500 теңгеге дейін төлейсіз. Әдетте қожайындардан  «қалай қысқартқанымды қалайсыз?» деп сұрап аламын. Олар алдын-ала ғаламтордан қарап алған суреттерін әкеп көрсетеді. Жануарларға қызмет көрсету уақыты ең аз дегенде 2, ең көп дегенде 8 сағатқа созылады.

– Міне, қызық! 8 сағат бойы кімнің «шашын аласыз»?

– Кейбір иттердің үстіндегі жүні қырқуға келмейді. Оларды тек жұлу керек. Сондықтан, отырып алып, саусақпен 8 сағат бойы жұлуға тура келеді (күлді).  

– Сіздің телефоныңыздан иттердің денесіне жылтыр суреттер салатыныңызды байқап қалған едім. 

– Иә, мереке кезінде кейбір кісілер үй жануарларының денесіне гүл, шырша, періштенің қанаттары және тағы басқа уақытша суреттер салып беруімді өтінеді. Кім біледі, өздерінің мерекелік көңіл-күйіне бұл да әсер ететін болар.

– Мысық пен иттен басқа, тағы қандай жануарларға қызмет көрсетесіз?

– Кей кезде тұрғындар маған кішкентай көжектерді әкеледі. Олардың тісін тазалаймын, тырнақтарын аламын, жүнін қырқамын.

– Жануарлардың денесінен кене, қандала табылған жағдайда не істейсіз?

– Жұмысыма кіріспес бұрын денесін түгел тексеріп шығамын. Егер, оның денесінен кене, қандала  сияқты жәндіктер табылса, бірден дәрігерге жіберемін. Ветеринарлық емханада істеудің бір жақсы жері – осы.

– Астанада грумерлер көп пе?

– Олар өте аз. Шын мәнінде, бұл кәсіпке ден қоятындар көп болғанымен, көбісі жануарлар тістеп, тырнап алғаннан кейін жұмысын тастап кетеді.

– Ендеше, сіз неге бұл кәсіпті тастап кетпей жүрсіз?

– Әр адам өз жұмысының фанаты болуы керек деп есептеймін. Оның үстіне, жануарларды ерекше жақсы көремін. Үш бөлмелі пәтерімде 4 ит,  4 мысық, 2 шиншалла, балықтар және тотықұс асырап отырмын. Бәрі бір-бірімен өте тату. Мысықтар мен иттер тоңған кезде бір-бірінің құшағына тығылып ұйықтайды. Жақында он жыл бірге тұрған жыланым өліп қалды. Өкініштісі, олар он жылдан  ұзақ жасамайды.

– Мен сізге таңғалып отырмын. Үйіңізді хайуанаттар бағы десе болатындай! Жыланмен он жыл бірге тұрған қалай екен?

– Жап-жақсы. Жұрт жыланды «сұсты, қорқынышты, жиіркенішті» дейтіні бекер екен. Мен жыланымды далаға серуендеуге алып шығатынмын. Өзі күн көзінде қыздырынғанды және суда жүзгенді жақсы көретін. «Шнурок» деп ат қойып едім, бірақ, ол өзінің есімін жаттай алмады. Сырттан келген кісіні бірден сезетін. Ал, үйдегі адамдарға бірден бауыр басып кетті.

Вераға қызы Анастасия көмектеседі

– Грумер ретінде сізді толғандыратын мәселелер бар ма?

– Иә. Соңғы кездері Астанада жануарларды бояу сәнге айналды. Мен осы тенденцияға өз қарсылығымды білдіремін. Өйткені, бояудың құрамындағы химиялық заттардың әсерінен жануарлар зиян шегеді. Оқырмандарға айтарым, үй жануарларын сатып алған қалпында жақсы көріңіздер, оларға қиянат жасамаңыздар! Біз оларды қамқорлығымызға алғанда, мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» атты шығармасында айтылатындай, «Мы в ответе за всех, кого приручили».

– Әңгімеңізге рахмет!

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер