14 жасында студент атанған вундеркинд

25.08.2017

Азат Абдуллаев – 5 жасында Шымкенттегі Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназияның табалдырығын аттаған. Алғырлығының, оқуға деген құштарлығының арқасында сыныптан-сыныпқа секіріп, 9 жасында Алматыдағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінің 7-сыныбына оқуға қабылданады. Ал 14 жасында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атанып, 23 жасында Ирландияда докторлық диссертация қорғайды. Жақында вундеркинд Азатты іздеп барып, сұхбаттасқан едік.

– Бір кездері бүкіл БАҚ-ты шулатқан вундеркинд Азат қазір қайда жүр? Немен айналысады?

– Докторлық диссертациямды қорғап, диплом алған соң елге оралдым. Қазір Назарбаев университетіндегі Физика департаментінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Сонымен қатар «Зерделі» атты дайындық орталығында оқушыларға қосымша дәріс беремін.

Бала кезімнен физика, математика, жалпы жаратылыстану саласын жақсы көрдім. Осы бағытта білім алдым. Бүгінде лазерлік материалтану және әр түрлі материалдардың қасиеттерін лазерлер арқылы зерттеумен айналысамын.

– Зерттеуіңіз туралы тарқатып айтсаңыз...

– Қазір электроника, нанотехнология, тағы басқа салаларда жаңа материалдардың қажеттілігі туындап отыр. Біз Назарбаев университетінде ядролық реакторларда қолданылатын материалдардың температуралық қасиеттерін зерттеп жатырмыз. «Фукусима» «Чернобыль» атом электр станциясында болған апаттан кейін реакторлардағы температураны бақылау және жоғарғы температураға шыққан кезде материалдың өзін өзі ұстауы, өзгерісі  ғалымдардың басты зерттеу нысанына айналды. Біз де соның маңайында зерттеулер жүргізіп жүрміз. Қазіргі кезде үлкен пештерді қолданбай-ақ лазердің сәулесі арқылы сол қасиеттерді шығаруға мүмкіндігіміз бар. Одан кейінгі қадам алған тәжірибе мен мәліметтерді еліміздегі ядролық энергетикада қалай қолдануға болатынын зерттегіміз келеді.

– Ол қашан жүзеге асуы мүмкін?

– Бұл сұрақтың жауабын білгісі келетіндер, сұрайтындар көп. Біз барлық жағдай жасалған, заманауи талапқа сай зертхана орталығын құрдық. Бұл біздің бірінші қадамымыз. Ендігі қадам – зерттеу. Батыс елдері болсын, дамыған өзге мемлекеттер болсын, олардың ғылым-білімі аз жылда қалыпқа түскен жоқ. Барлық сатыдан өтіп қана бүгінгі деңгейге жетті. Біз де белгілі бір деңгейде потенциал жинап алуымыз керек. Одан кейін ғана бірте-бірте өндіріске шығаруға қол жеткізерміз. Жүрмей жатып, жүгіруге болмайды ғой. Сондықтан да бізге осы сатылардан өтіп алу керек. Назарбаев университетінің ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де білім-ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндіктер бар. Ұжымда  шетелде бітіріп келген, жаңалыққа жаны құмар, жалындап тұрған жас қыз-жігіттер істейді. Шыны керек, біз елімізде батыс немесе дамыған елдердің жүйесіндей жүйе құрастырғымыз кеп жүр. Жас болғандықтан, мен де қоғамдағы кемшіліктердің тезірек түзелгенін, тезірек өзгергенін қалаймын.  Бірақ бір мезетте бәрі жөнделе салмайтынын түсіндім. Өзгеріске, дамуға уақыт керек.

– Көптеген оқырмандарымыздың көкейіндегі сұрақ деп ойлаймын. Сіздің бойыңыздағы оқуға деген құштарлық қалай қалыптасты?

– Мені кішкентай кезімнен оқытқан, әріпті, санауды үйреткен – әкем. Ол ауған соғысының ардагері еді. Көп жыл төсек тартып үйде жатты. Жұмысқа жарамсыз болғандықтан, уақытын маған арнады. Өйткені менің алдымдағы бауырларым есейіп кеткен болатын. Бала кезде ата-анаң не айтса, соны жасайсың ғой. 5-6 жасымнан «физик боламын», «ғалым боламын» деген мақсатпен оқымағанмын. Тек оқу керек, оқығанда да, «беспен оқу керек» деген ой болды. Өсе келе «Не үшін оқу керек?», «Не үшін жақсы оқу керек?» деген сауалдарға жауап іздей бастадым.

– Сыныптан-сыныпқа қалай секірдіңіз?

– Мектеп табалдырығын 5 жасымда аттадым. Өйткені, 3 жасымда-ақ 100-ге дейін санап, 42 әріпті жаттап алған болатынмын. Шымкентте бірнеше мектеп «жасы кішкентай, оқу бағдарламасына ілесіп кете алмауы мүмкін» деп қабылдаудан бас тартты. Әйтеуір №64 орта мектептің ұстаздары сенім артып, оқуыма мүмкіндік берді. Ортаға тез сіңісіп кетіп, сыныптастарымды оңай-ақ қуып жеттім. 6 жасымда бірден 3-сыныпқа көшірілдім. Есепке жүйрік болдым. Сандардың квадраты мен төрт дәрежесіне дейін жатқа айтып беретінмін. Ал 4-сыныпты екі тоқсан ғана оқып, бесінші сыныпқа қарғуыма тура келді. Және сол жылдың аяғында арнайы тест тапсырып, алтыншы сыныпты оқымай, 7-сыныпқа өттім. Жасым 9-да болатын. Ата-анам ақылдасып, Алматыдағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектебіне апарды. Күндіз 8 сынып, ал кешке 7 сынып оқушыларымен білім алдым. Одан кейін «Мирас» мектебінде екі жыл оқып, ағылшын тілімді жетілдірдім. Сосын физика-математикадан алшақтап бара жатқанымды түсініп, осы екі пәнді тереңдетіп оқытатын №173 мектеп-лицейге ауысып, сол мектепті бітірдім.

Оқытушылар «Мектепке бармай, университетте не істеп жүрсің?» деп сұрайтын

– Жоғары оқу орнына түсерде таңдауыңыз неліктен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсті? Жасыңыздың кішілігін алға тартып, группаластарыңыз қатарына қоспай қойған жоқ па?

– Біріншіден, білім сапасы жағынан үздіктердің қатарында болғандықтан осы оқу орнын таңдадым. Екіншіден, жасым 14-те болғандықтан шығар, ата-анам қастарында болғанымды, көз алдарында жүргенімді қалады. 2010 жылы физика мамандығын қызыл дипломмен бітірдім.Сосын «Болашақ» бағдарламасымен Ирландиядағы Дублин университетіне магистратура мен доктарантураға түстім. Әрине, бастапқыда туу туралы куәлімді көрсеткенімде группаластарым таңғалып, ал оқытушылар «Мектепке бармай, университетте не істеп жүрсің?» деп сұрайтын. Кейін үйреніп кетті. Жасым кіші болғанымен, олар мені өз қатарластарындай көрді. Емтиханға бірге дайындалдық. Бірге қыдырдық. Шеттету болған жоқ. Қазір де группаластарыммен бірге жұмыс істеймін. 10 жылдан бері достығымыз ажыраған жоқ.

– Ирландиядағы білім жүйесінің біздікінен айырмашылығы қандай?

– Ең басты айырмашылық студенттің өзіндік жұмыс істеуінде шығар. Мен оқыған кезде жетекшіге, оқытушыға тәуелді болатынбыз. Берген тапсырмасын ғана орындайтынбыз. Ал Дублиндегі профессорым «Мен сені қадағаламаймын. Ғылыми жұмыс сенікі болғандықтан, идея, шешімдердің бәрі сенен шығуы керек» деп айтты. Шыны керек, басында маған қиындау болды. Сосын ол жақта емтиханды біздегідей жазда және қыста тапсырмайсың. Бәрін үйіп-төгіп жазда ғана тапсырасың. Үйге берілген тапсырманы оқытушының электронды поштасына жібересің бе, қолына апарып бересің бе, өзің білесің. Қалай орындағаныңды талқыламайды. Ойлау қабілетіңді, берілген мәселені қалай шешкеніңді тексереді. Жақсы болсын, нашар болсын нәтижеге нәтиже деп қарайды. Бізде міндетті түрде жақсы нәтиже көрсету керек деп миымызға құйып тастаған ғой. Ол жақта ондай емес. «Әрқашан жақсы нәтиже алу мүмкін емес. Бірақ нашар нәтиже алсаң да ары қарай ізденісіңді тоқтатпай, алға жылжу керек» деп түсіндіреді. Сондай-ақ, ол жақта біздегідей толып жатқан колледж, жоғары оқу орындары жоқ. Білімі сапалы. Сондықтан шығар шетелден білім іздеп келушілер жетіп артылады.

– Өміріңіздің ең қызықты сәті, яғни балалық шағыңыз бала болудан гөрі оқу-білім қуумен өтіп кетті деп өкінбейсіз бе?

– Әрине, өкінбеймін. Бала кезімде ата-анама да «Сіздер ұлдарыңыздың балалық шағын ұрлап жүрсіздер» деп жиі айтатын. Менің балалық шағым кәдімгі балалардың балалық шағынан еш айырмашылығы болмады. Қатарластарыммен футбол, баскетбол және басқа да ойындарды көп ойнайтынмын. Бірақ мен таң атқаннан кеш қарайғанға дейін ойын қуған жоқпын. Әкем әр істі орын-орнымен істететін. 3 жасымнан бастап күнде ағам орнатып берген белтемірге тартылып,  мұздай суға шайынып, дене жаттығуларын жасауға дағдыландым. Ата-анам менің келешекте тек оқудан ғана емес, спорт жағынан да  мықты болуымды қалады. Сондықтан бос уақытымда каратэ, гимнастика, сондай-ақ айкидомен айналыстым. Шахмат клубына қатыстым. Миды жаттықтыру үшін сандардың квадраттарын, кубтарын жаттап, әкеме айтып беретінмін. Сабақтан соң міндетті түрде бір сағаттай ұйықтап, тынығатынмын. Сосын аулаға шығып, балалармен ойнайтынмын. Ал түнгі сағат 10-да ұйықтауға жататынмын. Біздің бала кезімізде интернет, теледидар болмады. Тек далада, асыр салып, «Мысық пен тышқан», «Ақсерек, көксерек», «Бес тас», «Тығылмашақ» ойнайтынбыз, суға шомылатынбыз. Әке-шешем «күніне 2-3 сағат ойнаса, жеткілікті» деп санап, білім алуыма, уақытты тиімді пайдалануыма көңіл бөлді. Тәртіпке үйретті. Жоспармен жүруімді қадағалады. Әбден дағдыма сіңгені соншалық, қазір бір күн спортзалға бармай қалсам, өзімді мазасыз сезінемін. Жүзумен айналысамын.

Елбасы сыйлаған пәтерде тұрамыз

– Елбасымен екі рет кездескен екенсіз. Ол кездесулерден қандай естелік қалды?

– 2001 жылы Алматыда анам екеуміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  қабылдауында болдық. Ол кезде 10 жаста едім. Республикалық басылымдардың бәрі мен туралы жазып жатты. Шақырту алғанымызда өзім секілді оқушылар жиналатын шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген үздік қызметкерлер бас қосқан екен. Бала кезінде қорқыныш сезімінен ада боласың ғой. Керісінше, білгің, сұрағың келетін дүние көп. Сондықтан, тек анда-санда теледидардан ғана көретін Елбасымен жүзбе-жүз жолығуға мүмкіндік алғаныма қуандым. Біраз уақыт сөйлестік. Президент өзінің ағалық ақыл-кеңесін берді. Менің интернатта жатып, ата-анамды жиі сағынатынымды естігесін, кейін Алматыдан үй берді. Көп ұзамай Шымкентте тұрып жатқан ата-анам көшіп келді. Қазір сол Президенттің берген пәтерінде тұрып жатырмыз. Сосын 2011 жылдың 1 желтоқсанында Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының  форумында екінші рет жолықтым. Елбасының алдында «Осыдан 10 жыл бұрын  кездескенімде, маған физика және математика ғылымымен шұғылдануды аманат еткен едіңіз. Содан бері бұл менің өмірлік ұстанымыма айналып келеді», – деп  сөз сөйледім. Батасын берді. Бұл ұмытылмайтын, әрдайым қанаттандыратын сезім.

– Өмірлік ұстанымыңыз, арман-мақсатыңыз қандай?

– Мен қатып қалған бір қағидамен өмір сүргім келмейді. Артқа қарамау. Өз мақсатыңа жету үшін бар күш-жігеріңді салу. Шындықпен өмір сүру. Проблемадан қашпау. Бұл менің ең басты өмірлік ұстанымдарым. Ал армандар көбіне кішкентай кезде болады ғой. Өскен кезде ол мақсатқа айналады. Мен алдыма қысқа уақыттағы шешілетін мақсаттарды қоямын. Қазір жасым 26-ға келді. 30 жасқа дейін ғылымда белгілі бір жетістіктерге жеткім келеді. Мән-маңызы бар дүниелер жасасам деймін. Онымен қоса, әрине, отбасылы, бала-шағалы болуды ойлаймын.

– Өмірде үлгі тұтатын тұлғаңыз бар ма?

– Ғалымдардан – Энштейн. Өзінің жас кезінде физика әлемін дүркіретіп, көптеген жаңалықтар ашты. Сол еңбектері қазіргі біз білетін кванттық механиканың басталуына түрткі болды. Әлі күнге дейін таңқалумен келемін.

Ал өмірде үлгі тұтатын тұлғам – әкем. 26 жыл ауруымен күресе жүріп, отбасына бар махаббат, жылуын арнады, ұл-қызына өнегелі тәлім-тәрбие берді. Ата-бабамыз қиын-қыстау заманда Түркіменстанға қоныс аударған екен. Әкем сол жақта дүниеге келген. Бала кезінен атамекенге ораламын деген арман-мақсатпен өмір сүрді. Қалаға барып, университетте оқуға жағдайы болмады. Бірақ математика мен физикадан қабілеті мықты болған. Мал бағумен айналысты. 600-700 бас қойға жеткізіп, соларды сатып, өз-өзіне уәде бергендей отбасын, ағаларын Қазақстанға көшіріп әкелді. Әкем 2012 жылы өмірден озды.

Мен әкемді мақтан тұтамын.

Ғылымда шекара жоқ!

– Қазақ ғылымының болашағын жас ғалым қалай елестетеді?

– Бұл сұраққа жауап беру қиындау. Ғылым дамуы үшін шыдамдылық пен уақыт керек. Қазір бұрынғыдай елдердің, ғалымдардың арасында шекара жоқ. Интернет арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен бір мақсатта жұмыс істей алатын адамды табу жеңіл. Және соның арқасында ғылымды дамыту бұрынғыға қарағанда оңай деп есептеймін. Егер ғылымға назарды көбірек аудармаса, ғылымы әлсіз ел мен ғылымы дамыған елдің арасы одан бетер алшақтайды. Сондықтан Назарбаев университеті, басқа да жоғары оқу орындарына ғылыми жағынан көңіл бөлгені өте дұрыс. Мемлекетіміз әлі жас. Егер осылайдами берсе, белгілі нәтижеге жетуіміз мүмкін. Алдағы уақытта біраз уақытқа шетелге барып, тәжірибе жинағым келеді. Жас кезде шетелге барып, білім алып, олардың қазанында қайнап көрген дұрыс деп ойлаймын. Өскен сайын жақсы жаққа қатты үйреніп қаласың да, ол жақтан кету қиын болады. Бала-шағаң, отбасың болған кезде бірінші орынға олардың жайлы, ыңғайлы өмірін қоясың. Елге келіп жұмыс істеу екінші орынға сырғиды. Ол енді менің ойым. Онымен кейбіреулер келіспеуі де мүмкін. Ал болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Анам, туыстарым осында болғандықтан ғана емес, өз Отаным, туған жерім болғандықтан. Елге пайдамды тигізсем деймін.

– Бос уақытыңызда спорттан, оқудан басқа немен айналысасыз?

– Саяхатты, ел көріп, жер аралағанды ұнатамын. Қазақстанның көрікті, тарихи орындарын аралағым келеді. Жақында Өскемен қаласында болдым. Сосын демалыс болса, Алматыға, анамның қасына тартып кеткім келеді. Шетелдегі достарыммен байланысу үшін,технология, ғылымға қатысты жаңалықтарды оқу үшін әлеуметтік желі мен парақшаларды бір шолып шығамын.Сайттарды ақтарамын. Бірақ соңғы кездері біздің интернеттегі жаңалықтарда негативті оқиғаларды көп жазады және сол өкінішті.

Екі інім де 14 жасында мектеп бітірмек

– Жас та болсаңыз, бірақ жетістікке жетіп үлгердіңіз. Мұның сырын бойыңыздағы еңбекқорлықпен байланыстырамыз ба, әлде туабітті талант па?

– Менің ойымша, әрбір адамның бойында талант бар. Тек еңбек етіп, оны ұштау керек. Қарапайым отбасында өстім. Анам таңнан кешке дейін базарда істеді. Еден жуды. Бәріне тек адал еңбекпен қол жеткізу керектігін ұғындырды.  Өзімді кішкентай кезімнен аса дарынды санаған емеспін. Қазір мектеп оқушыларына сабақ беремін ғой. Солар талантты. Солар еңбекқор. Ашық. Өз ойларын қысылмай айтады. Білімге құштар. Айтпақшы, туған әпкемнің ұлы Мәди мен ағамның ұлы Әділет, екеуі де 14 жасында мектеп бітірмек. Менің 14 жасымдағыдай емес, өмірге деген көзқарастары мүлдем басқа. Сапалы білім мен адал еңбек қана адамды биікке жеткізеді. Іні-қарындастарыма тек «оқыңдар, тіл үйреніңдер!» деймін. Қазір ізденуге, білім шыңдауға мүмкіндік көп.

Сурет - Азат Абдуллаевтың жеке фотомұрағатынан алынды Мақала авторы - Әйгерім Бегімбет
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз