Түрлі-түсті Жаңаөзен

24.12.2016

Қазыналы Маңғыстаудың шұрайлы өңірінің бірі – Жаңаөзен. Ауық-ауық шағын экспедиция жүргізген еуропалық ғалымдардың естеліктерінен Маңғыстау байлығының Еуропалықтарды қызықтырғанын көреміз. Бүгін el.kz Қазақстандағы жарқын түсті ғимараттарымен ерекшеленетін ерекше қала – Жаңаөзеннің  тарихы туралы баяндайды.

Жаңаөзен қаласының құрылуы қара алтын – мұнаймен байланысты. 20 ғасырдың елуінші  жылдары Өзен кен орнына назар аударылып, барлаушы геологтар түбекті шарлай бастады. Осылайша, біртіндеп Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, түбек қазынасы игеріле бастады.

Қазіргі Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында алғашқы тұрақтар пайда болып, барлаушы-геологтар түпкілікті қоныстанып, өздерінің зерттеу-барлау жұмыстарын жоспарлы жүргізді. Бұл 1960 жылдар еді. Қызылсайда алғашқы мекен-жайлар пайда болып, жан-жақтан халық жинала бастады. Алғашында жертөлелер мен вагондар орналастырылып, соңынан сол маңдағы жарқабақтардағы жұмыс тастарды тұрғын үй тұрғызуға пайдаланады. Сөйтіп барлаушы–геологтардың мекені Өзен поселкесі пайда болды.

Түбекті игерушілердің жанқиярлық еңбегінің арқасында Өзен кенорнынан газ бен мұнайдың көзі ашылды. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі пайда болды. Онда Маңғыстау жарты аралында тұңғыш рет мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды, бұл өлкеде екпінді құрылысшы бригадалары жасақталып, тұрғын үйлер мен мәдени нысандарды салу жұмыстары жүргізілді. 

1968 жылы 21 қазанда Қазақ ССР Жоғары Совет Президиумының Қаулысымен Гурьев облысы құрамында Өзен ауданы құрылып Жаңаөзен поселкесі қала статусын алды.

 

 

Жаңаөзен қаласы Маңғыстау түбегінің континенталды бөлігінде орналасқан. Теңіз жағасынан 60 км қашықтықта. Жері тастақ, төңірегі кеңістік, жазық дала. Ақтаудан Жаңаөзенге дейінгі ара қашықтық – 150 км. Жалпы қаланың аумағы 51469 кв.м. Жаңаөзен қалалық әкімшілігіне Теңге, Қызылсай  және Рахат селосы кіреді.  2013 жылдың 11 айы бойынша қалада 129,6 мың адам тұрады.

2011 жылы Жаңаөзенде ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкелері арасында болған қақтығыс кезінде әртүрлі  коммерциялық нысандар мен мемлекеттік органдардың ғимараттары бүлінген болатын. Ал бүгінгі күні көркейген Жаңаөзен қаласы өзінің сәулет ғимараттарымен ерекшеленеді. Түрлі түсті бояуымен көңілді қала атанған қалалар әлемде көп. Бүгінде туристер көп шоғырланатын аймақ атанған – Түркия, Италия, Испания, Дания елдерінде мұндай тәжірибе ежелден бар. 

Мақала авторы - Ая Өміртай

Тағы да оқитындарыңыз