180 адам ЭКСПО-ға жалған билетпен кірмекші болған

19.06.2017

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің апталық қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында Халықаралық көрмені тамашалауға қанша адам келгендігі, маңызды мәселелер мен туындаған қиындықтар жайлы сөз болды. 

Бейбіт Қарымсақов, атқарушы директор:

— Алғашқы аптада көрмені тамашалауға 205 561 адам келді. Олардың ішінде 26 мың шетелдік азамат келіп-кетті. Бұл барлық келушілердің 13% құрайды. Көрмеге 10 мыңнан аса алты жасқа дейінгі жас балалар келді. Екі мыңнан астам мүгедектер мен Ұлы отан соғысының ардагерлер ЭКСПО көрмесін өз көзімін тамашалауға мүмкіндік алды. 14 мыңнан астам оқушылар мен студенттер және зейнеткерлер болды. Келушілердің саны күннен-күнге артып келеді.

Бейбіт Еркінбайұлының айтуынша көрмеге адамдар негізінен түстен кейінгі уақытта келеді. Сондай-ақ, көрме аясында 281-ден астам іскерлік-ойын-сауық іс-шаралар өткізілген.   

ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі аумағын Халықаралық павильондар алып жатыр. Қазір жоспарланған барлық павильондар ашылды. Ең соңғы болып ашылған мемлекет — Румыния. Көрменің ашылуына 16 мемлекеттің басшылары қатысқан. Олардың ішінде Испания королі, Пәкістанның примьер-министрі секілді белді тұлғалар бар. Жоспар бойынша әлі 7 мемлекеттің басшылары Астанаға ЭКСПО-ны тамашалауға келуі қажет.

Халықаралық павильондарға келушілер саны жағынан Қытай, Сауд Арабиясы, Индия, Малазия, Өзбекістан, Түркия, Ресей, Жапония көш бастап тұр. 12 мемлекет павильон жанынан ұлттық асханасын паш ететін мейрамханалар ашқан.

Көрмеге билеттер қарқынды түрде сатылып жатыр. Осыған дейін ұйымдастырушылардың мәліметінше 1,5 миллионнан астам билет сатылған. Сонымен қатар, көрмеге келушілер сувенирлік бұйымдарды сатып алудан белсенділік танытқан. Көрме басталғалы бері 20 мыңдай қолөнер бұйымдары сатылған. Одан түскен пайда — 28 млн теңге.

Тоғыз күндік жұмыс барысында заң бұзушылықтар да тіркелген. 180 адам билеттердің көшірмесін жасап көрме алаңына енбекші болған. Алайда әр билеттің ерекше коды болғандықтан, жалған билеттерді құқық қорғау қызметкерлері бірден анықтаған. Жасанды билеттердің түпнұсқасы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында сатылғаны белгілі болды. Бүгінгі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. 

Сурет - ЭКСПО-2017 Мақала авторы - Рүстем Әлпи
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады