Дәруменді қоспа несімен пайдалы?

Иммунитет көтеруге таптырмайтын дәрі

«Сәуір болмай – тәуір болмайды» деген нақылды қазақ халқы тегін айтпаса керек. Көктем – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Көктемде адам ағзасы да әлсіреп, ұйқы басып, ағзаға дәрумен жетіспеушілігі қатты байқалатын мезгіл. Олай болса, ағзаңызды аса пайдалы дәруменге байытып қана қоймай, түрлі аурумен күресіп, сізге ерекше күш-қуат сыйлайтын дәруменді қоспаның рецебімен бөлісейік.

Иммунитет көтеруге арналған дәруменді қоспаға қажетті ингредиенттер:

Инжир – 200 гр

Сары өрік – 400 гр

Мейіз – 300-400 гр

Құрма – 200-300 гр

Қара өрік – 200-300 гр

Жаңғақ (бірнеше түрі кешью, миндаль) – 400 гр

Лимон – 1 дана

Бал – 300 гр

Осы ингредиенттерді жақсылап жуып, кептіріп аламыз. Келесі кезекте блендер немесе ет тартқыштың көмегімен бәрін біркелкі етіп еземіз, үгітеміз. Дайын қоспаға бал мен езілген лимон (қабығымен) қосып, жақсылап араластырмыз. Дәруменді қоспа дайын. Шыны банкаға орналастырып, тоңазытқышта сақтаған дұрыс. Күніне үш рет бір немесе екі шәй қасықтан тұтынатын болсаңыз, ағзаңыз дәруменге толығып, күш-қуатыңыз нығаяды.

Денсаулыққа пайдасы

Мәселен, инжир адам ағзасындағы иммундық қорғанысты күшейтуге өте пайдалы. Бұған қоса жүйке және жүрек-қан тамырлары жұмысын қалпына келтіріп, гемоглобинді көтеруге таптырмайтын дәрі. Ағзадағы холестеринді бір қалыпты етсе, екінші қырынан дәрумен жетіспеушілікпен күреседі.

Сары өрік – магний, фосфор, темір, калий, глюкоза, А және с сондай-ақ в тобына жататын минералды дәрумендерге өте бай тағам. Біріншіден сары өрікті тұтыну – ішек жолдарын тазалауға көмектессе, көздің көру қабілетін жақсартады.

Мейіз – ұйқыға жақсы, жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді, иммунитет көтеріп, жүрек және қан-тамырлары ауруларына өте пайдалы.

Құрма – А және С сондай-ақ В дәрумендеріне, цинк, фтор, темір, калий, маргенец сынды минерлдарға өте бай. Құрма гипертония мен анемия сынды ауруларға өте пайдалы.

Қара өрік – С және В, РР, Е дәрумендеріне сондай-ақ магний, калий, темір, кальций, йод, марганец сынды минералдарға бай жеміс. Ағзадағы зат алмасуды белсенді етсе, жүрек және қан-тамырлары ауруларына аса пайдалы.

Ал, жаңғақтың пайдасы туралы мына сілтемеден оқи аласыз. Сондай-ақ балдың пайдасы туралы толығырақ ақпаратты келесі мақаладан білуге болады.

Ас болсын! Ауырмаңыздар, денсаулықтарыңызды күтіңіздер!

Комменттер

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер