Дания Альтаева: «Кулинарлық блог жүргізу туралы идеяны жолдасым ұсынды»

Сіз қай фуд-блогерді оқисыз?

Сан мыңдаған қазақстандық қыз-келіншектер түрлі кулинарлық шедеврлерін Instagram әлеуметтік желісінің жұлдызы, әйгілі фуд-блогер Дания Альтаеваның видео-рецептілеріне сүйеніп, жасайды. Instagram-да daniya_alt атты парақшамен танылған Данияның қазір 734 мың оқырманы бар және бұл цифр күн сайын өсе береді. Фуд-блогердің ас әзірлеудегі өзіндік ерекшелігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі қандай? Сұхбат барысында білуге тырыстық.

– Дания, ас пісіруге деген қызығушылығыңыз неден басталды? Фуд-блогингкті қалай меңгердіңіз?

– Әдейілеп фуд-блогингкті оқымадым, түрлі шеберлік сыныптары мен кулинарлық курстарға да қатыспадым. Мен бәрін өз бетімше үйрендім. Негізі кулинарлық блог жүргізу туралы идеяны маған жолдасым ұсынды. Мен бала күтімімен екі жыл үйде отырғанда менің уақытымды тиімді әрі пайдалы өткізетін бір ермек керек болды. Сол кезеңде мен қызықты рецептілерге бай парақшалар мен кулинарлық бағдарламаларға көп қарайтынмын. Ең қызығы көп қарағаным болмаса, дәл соларды қайталаауға тырысып, тамақ әзірлеп көрмеппін. Әдеттегідей ас үйде отбасы мүшелеріне арналған қарапайым тамақтарды ғана пісіре алатынмын. Менің қызығушылғымды байқаған жолдасым алғаш болып ұсыныс тастады. Тамақ пісіру процессін қадам-қадам бойынша видеоға түсіріп, оны Instagram парақшасында бөлісуімді сұрады. Онсызда күнде қиялыма ерік беріп, түрлі тағамдар пісіруге талпынып жүрмін ғой, шынымен де неге тырысып көрмеске деген ойдың жетегімен фуд блог жүргізуде бастап кеттім.

– Алғашқы рецептіңізді қашан бөлістіңіз және қаншалықты уақытта оқырман жинай бастадыңыз?

 Мен алғашқы видео-рецептімді 2017 жылдың 13 наурызында жарияладым. Блогыма бір жарым жыл ғана болды. Осы уақыт аралығында 700 мыңнан аса оқырман тарта алдым.

– Кімнің шеберлігіне қарап шабыттанасыз, бәлкім сізді өз тағамдарымен қызықтыратын кулинар шеберлер бар шығар?

– Мен Джейми Оливерді көптен қараймын. Оның есімін бәрі білетін шығар. Оның бағдарламаларын көре бастағанда ол жап-жас еді (күліп). Маған оның ас үйдегі шеберлігінен бұрын, оның бағдарламаны жеңіл жүргізетіні ұнайды. Ол кез-келген күрделі тағамды өзіне тән ерекшелегімен көрерменіне жеңіл әрі ұғынықты етіп жеткізе алады. Джейми Оливердің бағдарламаларын көріп отырып: «Мен тағамдарымды дәл оған ұқсап жасай алатын шығармын» деп ойлайтынмын. Мейрамхана деңгейіндегі ас мәзірін ол көермендеріне өте қолжетімді әрі қызықты етіп жеткізеді.

– Видео-посттарға арналған рецептерді қайдан аласыз?

– Әртүрлі деп айтуға болады. Ғаламторды ашсаңыз түрлі рецептер көп. Көбінесе мен қолда бар азықтан мейілінше түрлендіріп, өз қиялыммен құрастырып пісіргенді ұнатамын. Бұған қоса менің оқырмандарым да өз парақшаларында түрлі тағамдардың рецептілерімен бөліседі, соны да пайдаланамын.

– Жаңа рецептілерді қаншалықты жиі жариялайсыз? Әлде нақты жүйе бар ма?

– Мүмкіндігінше күнде жаңа рецепт бөлісуге тырысамын. Әдетте бірінші жарты күнде жариялаймын. Кешке пост салуым екі талай. Кейде тек уақыттың тапшылығына байланысты үлгермей жатсам ғана, видоны түнде монтаждап, таңертең салуға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Апта басында күндерді бөліп қоюға тырысамын, себебі бірнеше тәтті десерттерді күн аралап салу үшін алдын-ала ойша жоспарлап қоямын. Бұған қоса ыстық тағамның мәзірі мен «дұрыс тамақтануды» ұнататын оқырмандырм үшін әзірлейтін тағамдарым тағы бар.

– Ыдыстарыңызды қайдан сатып аласыз?

– Көбінесе ыдыс-аяқтарды барахолка базарынан аламын. Өздеріңіз байқағандай қайда жүрсем де осы «барахолкаға» жарнама жасап жүремін, бәрі жалыққан шығар (күліп). Бірақ шын мәнінде ыдыстардың көп бөлігін барахолкадан алыппын. Сосын «ИКЕА» дүкені мен Никольск базарынан алған ыдыс-аяқтарым бар. Менде @daniya_alt2 атты тағы бір қосымша парақша бар. Бұл акккаунт арқылы мен оқырмандарымның сұрақтарына жауап беремін. Көбінесе қыз-келіншектер ыдыс-аяқ пен тамақ туралы сұрақтар көп жолдайды.

– Ал, азық-түлікті қайдан аласыз?

– Азық-түлікке келер болсақ, көкеніс пен жеміс-жидекті демалыс күндері Желтоқсан-Жібек жолы көшелерінің қиылысында болатын жәрмеңкеден аламын. Менің пікірімше балғын әрі нағыз бабындағы көкеністер осында сатылады. Ал, өзге жарма, сүт өнімдері мен кептірілген өрік-мейізді, шәй мен ірімшікті Никольск базары мен Silk Way сауда үйінен аламын.

– Ас үйдегі техникаңыздың маркасы қандай? (Пеш,  ет тартқыш және шырын сыққыш т.б)

– Мен үнемді техника түрлерін қолданамын. Пешім өте қарапайым, Housetech атты түрік фирмасы өндірген. Миксер – Redmond, еттартқыш пен блендер – Scarlett (олар аса қымбат фирма емес) алайда өте сапалы, бір жылдан аса пайдаланып келемін.

– Ролик түсіруге сізге кім қолғабыс етеді? Қандай бағдарламаның көмегімен монтаж жасайсыз?

– Роликтерді өзім түсіріп, өзім монтаждаймын. Final Cut Pro X бағдарламасымен жасаймын.

– 1 минуттық видео жасауға қанша уақыт жұмсайсыз?

– Ол енді рецептіге байланысты дүние. Мәселен, торттың әзірлігіне (тек дайындауға) 3 сағат уақыт кетеді. Оған 1-1,5 сағат монтаж бен дыбыстауды қосыңыз. Ал,енді кейбір неғұрлым жеңіл рецептіге 1 сағат уақыт жұмсасам, монтаж бен дыбыстауға тағы бір сағат керек.

– Сіздің авторлық еңбегіңізді бөгде біреулер пайдаланған жайттар болды ма? Авторлық мәселесіне қалай қарайсыз?

– Иә, ондай жағдайлар болып тұрады әсіресе соңғы кездері жиі кездеседі. Тіпті фейк парақшалар да бар. Қазір бұл мәселеге қалыпты қарайтын болдым. Бастапқыда қатты көңіліме келгені рас, сенің еңбегіңді дайын күйінде көшіріп алып, өзі жасағандай етіп сала салады. Кейіннен үйреністім, тіпті мән бермейтін болдым. Неге десеңіз, менің стилім мен дауысымды танитын адамдар онсыз да менің ролигім екенін ажыратады деген сенімдемін.

– Сіздің блогыңыздан коммерциялық пайда бар ма? Егер бар болса сізбен серіктес болған адам қаншалықты пайда көреді?

– Соңғы кездері коммерциялық пайда түсе бастады. Қазір менде демеушілік видеолар бар. Шынын айтсам бағасын дөп басып айта алмайды екенмін, себебі ондай сұрақтармен менің менеджерім айналысады.  

– Байқауымызша қызыңыздың да кулинарияға деген қызығушылығы басым. Қалай ойлайсыз болашағын кулинарлық шеберлікпен байланыстыруы мүмкін бе?

– Қызым менімен бірге ас әзірлегенді қатты ұнатады. Болашағын осы саламен байланыстырады деп шегелеп айту қиын әрине. Кез-келген қыз бала ас үйде анасына қолқанат болып, ыдыс жуу мен үй жинауға көмектеседі ғой. Менің балапаным әлі кішкентай, жасы небәрі үштен асты. Болашақта уақыт көрсете жатар, қандай жағдай болса да оның қалауына құрметпен қарап, оны қолдайтын боламын.

– Ата-анаңыз бен дос-жарандарыңыз осы ермегіңізді қалай қабылдады?

– Менің барлық достарым мен жақындарым мені барынша қолдап, өте жақсы қабылдады. «Күніне айтарлықтай уақыт жұмсап, мұның бәрін не үшін жасайсың»,- деген таныстарым да болды (күліп). Десе де олар қазір  пікірін өзгертті.

– Кулинарлық блогыңызды бастаған кезеңде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Бәлендей қиындық болды деу әбестік шығар, жалғыз кемшілігім – тамақты өте баяу жасайтынмын. Мен тамақ пісіргенде асықпай, ұзақ уақыт камерамды орналастырып, оны дұрыс бағыттап, кейін тіпті монтажға да көп уақыт жұмсайтын едім. Алайда уақыт өте келе жылдамдықты арттырып, уақытты үнемдеу керегін жақсы түсіндім. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші қимылым шапшаңдап, жылдамдыққа тез үйреніп алдым. Қазір тіпті еш мәселе жоқ десем де болады.

– Пісірген тағамдарыңыз әрдайым дәмді шыға ма әлде кейде бір сәтісіздіктер болып қала ма? Мәселен, қамырыңыз дұрыс көтерілмей немесе ингриедиенттердің құрамы дұрыс болмай қалатын кездер бола ма?

– Әрине, мінсіз дүние жоқ. Тіпті ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Бәрі әдемі басталып, видеоның соңғы тұсына келгенде крем бір-біріне ұстаспай немесе торттың қамыры дұрыс көтерілмей қалатын сәттер тіпті кейде бір ингредиентті ұмытып кететін тұстар болады. Шындап келегенде мен супер-кәсіби кулинар емеспін, көп жағдайда кемшіліктер болып жатады. Тым шектен шыққан жағдайлар болып қалса мен ол видеоны көпшілік назарына жариялай қоя саламын. Ал, енді түзеуге болатындай жағдай болса оқырмандарыма видео желісінде ауызша түсіндіріп, «оны былай жасауға болады» деп түзетіп кетуге тырысамын. Видеоға сыймай қалып жатса міндетті түрде посттың мазмұнына қосып жазамын.   

– Instagram парақшасында фуд-блогты қалай дамытуға болады? Осы іске енді ден қойғандарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Менің ойымша ең бастысы – күн сайын жаңа видео-пост салу керек. Әйтеуір бір ақпаратпен бөлісіп отырған жөн. Және бір ескеретін мәселе – нақты бір шешімге тоқталу керек. Сіз егер рецептілермен бөлісуді дұрыс деп шешсеңіз, тек сонымен шұғылданыңыз. Бәрін бірден қамту мүмкін емес әрі фуд-блогты белгілі бір бағыт бойынша дамытқан дұрыс. Сонымен қатар өз оқырмандарыңмен үнемі байланысқа шығу маңызды. Кері байланыс керек. Бастапқыда мүмкіндігінше маған хат жазып, сауал жолдаған немесе пікір жолдаған әрбір оқырманға жауап беруге тырысатынмын. Өкінішке қарай қазір бәріне жауап беруге уақыт жетпейді. Десе де мүмкіндігінше кері байланысқа шығып, олардың пікірлерін қалт жібермей оқитынымды, сауалдарына жауап беруге тырысатынымды жазып тұрамын. Әсіресе  Direct-ге келген хаттарға міндетті түрде жауап жазамын.  

– Болашақта жоспарларыңыз қандай? «Даниядан кеңес» сынды курстар немесе жеке ютуб-канал ашу ойыңызда жоқ па?

– Әрине ютуб-каналым бар, Дания Альтаева деп аталады. Оны дамыту керек әзірге тек бірнеше ескі влогтар ғана жүктелген. Ал, қазір мен күн сайын Instagram парақшасына бөліскен видео-постарымды көшіріп саламын. Алдағы уақытта ютуб-каналыма жаңа форматта айдар қосуды жоспарлап отырмын. Ал, енді курс туралы ойланбаппын. Өзге жандарды оқытатындай шеберлікті әлі өзім де меңгерген жоқпын, әбден ысылып, кәсіби тұрғыда шыңдалғаннан кейін көре жатармын.    

#фудблог

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер