Зерендіде демалғысы келетіндерге

26.05.2017

Ел экономикасының қарқындап дамуына туризм саласының қосатын үлесі зор. Осы ретте Елордаға жақын орналасқан Зеренді демалыс аймағын ерекше атап өтуге болады. Астана мен Зерендінің арасы шамамен 320 шақырым.

Астанадан Зерендіге екі түрлі жолмен жетуге болады. Біріншісі: Астанадан – Щучинск қалашығы арқылы, екіншісі: Көкшетау арқылы. Бірінші жол қысқарақ болғанымен екінші жол тегісірек. Сондай-ақ, Астанадан күнделікті пойыздар мен такси қатынайтынын ұмытпағайсыз.

Зеренді көлі теңіз деңгейінен 370 метр биік орналасқан. Көлдің жиегінде қалың қарағайлар өскен. Демалушыларға арналған жағажай бар. Көлдің түбі тегіс, құмды, малтатаспен және бөлек-бөлек қойтастармен жабылған. Көлдің ұзындығы 7 шақырым, тереңдігі 6 шақырым. Суы тұщы, мөлдір. Жазда судың температурасы 24 градусқа дейін жетеді. Көлде шабақ, таутан, рипус, айналы тұқы балықтары кездеседі.

Зеренді демалыс аймағы Көкшетау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Зеренді - Көкшетау үстіртінде орналасқан тау-қыраттары бар, орман, кішігірім көлдер мен өзендерге бай өңір. Бөлек-бөлек шоқылар, жазық жерлер мен, таулар да кездеседі. Көп жылдар бойы мұнда жел, жаңбыр, аяз және аптап ыстық секілді табиғаттың тосын мінездерінің кесірінен биік таулар отырып, жарылып, шашылып, үгітіліп қалған. Зерендіге жақындағаннан-ақ, сол мүжілген, отырған қарт таулар алыстан қасқайып, менмұндалап тұрады.

Ақын Сырбай Мәуленов Зерендіні осылай суреттеп, жырға қосқан екен.

Тауың көкке өрлетіп,

Тигізгендей төбемді.

Көліңменен тербетіп,

Көп туғыздың өлеңді.

Көне кітап бетіндей,

Жатқан тарих тас сайын.

Зерендінің көркіндей,

Жас қарағай, жас қайың.

Бір қиырың Жыланды,

Бір қиырың Қошқарбай.

Барлық таудың мұнары,

Басын саған қосқандай.

Толқыныңның келбеті,

Тау түсіндей көк мұнар.

Кең болса да жер беті,

Өзіңдей көл жоқ шығар.

Қарағайдың балтырын,

Қарғып сүйіп алыстан.

Күннің соңғы жалқынын,

Қағып алып жарысқан.

Жасыл толқын Зеренді,

Жасырындың сен неге?

Өзіңдей бір өлеңді,

Құя салдың кеудеме.

Зеренді өлкесі ну тоғай-орманымен, шатқалы мен таулы күмбездерімен әйгілі. Бұл жасыл аймақ тынық ормандарымен, хош иісті шөптерімен және қайын-қарағай сұлулығымен ерекшеленеді. Табиғаты Бурабайға өте ұқсас. Бал қарағайлардың көптігінің әсері ме, ауа құрамы озонға бай. Орман ішінде туристтеге арналған жолдар бар. Машина және жаяу жолдардан басқа мұнда ат және велосипед жүретін жолдар да салынған. Ал шаңғышылар қыста шаңғы тебуге мүмкіндіктері бар.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Зерендінің көлдері балыққа, ал ормандары жан-жануарға, құстар мен түрлі жеміс-жидектерге бай.

Зеренді демалыс аумағында «Қарағайлы», «Зерен Плюс», «Сұңқар», «Құлпынай мүйісі», Мәлік Ғабдуллин атындағы жәнеЕуразия университетітінің спорттық сауықтыру лагерьлері, «Аққайың шипажайы», «Жасыл мүйіс», «Ұшқын», «Шығыс», тағы басқа демалыс базалары шоғырланған. Демалушыларға «Керемет», «Нұр ауыл», тағы басқа кафелері, «Көмек» кемпингі, «Оазис» мотелі, «Қалқаман» қонақ үйі қызмет көрсетеді. Олардың бағасы тәулігіне 3 мың теңгеден, 300 долларға дейін жетеді.

Уақытты тиімді әрі пайдалы өткізу үшін демалушыларға шаңғы трассалары, стадион салынған. Сонымен қатар 11 эколагиялық туристік маршрут ұйымдастырылған. Бұл маршруттар бойында Барлаутөбе, Шиелі, Беріктас, Жазықтөбе, Бөрік, Қалқантас, Ақшабұлт, Құс базары, Аюлы, Қоянды,Сұлутөбе, Әулиешың, Қойтас, Жекетау, Жайынауыз, тағы басқа шоқылар мен жартастар және балбалтастар кездеседі.

Әдетте Бурабайға ұзақ мерзімге демалуға барған адамдар зерендіге соқпай кетпейді. Зерендіні біреулер Бурабайдың кішкентай үлгісі десе, енді біреулер оны мүлдем өзгеше деген пікір айтып жатады. Өзіңіз барып көз жеткізіңіз!

Мақала авторы - Алмас Саудамбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады