Түркістан наурызға қалай дайындалуда?

16.03.2017

«Ер Түріктің бесігі» саналатын киелі Түркістан қаласы Наурыз тойын лайықты деңгейде атап өту үшін қызу дайындыққа кіріскен. Өйткені, 21 наурыз күні түркі әлемінен жиналған қонақтар осында бас қосады. Былтыр Әзірбайжанда өткен түркітектес елдердің мәдени бірлестігі Тұрақты Кеңесінің 34 мәжілісінде Түркістан қаласы 2017 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланған болатын. Енді, міне, жыл бойы жалғасатын ауқымды шара әз Наурыз күні салтанатты ашылуы мен ТҮРКСОЙ баспасөз сыйлығын тапсыру рәсімімен басталмақ. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет «Рамазан айы» фестивалі, Түркі әлемі әдеби журналдарының ІХ конгресі, Түркі әлемі жастарының өнер универсиадасы, «Алтын алқа» анимацияық фильмдер фестивалі сынды 40-қа жуық іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде.

Сонымен, ұлы тойға әзірліктің жай-жапсарын білу үшін құрбым екеуміз киелі шаһарға жол тарттық. Қаланың негізгі қақпасынан бастап-ақ, Түркістан түрленіп, гүлденіп, өзгеше кейіпке енгенін байқауға болады. Жол бойы қыбыр-жыбыр тірлік етіп жатқан адамдар. Бірі көшені қоқыстан тазартып жүр. Бірі қолдарына кетпен-күрек ұстап, ағаш-гүл егіп, айналаны көріктендіруге кіріскен. Енді бірі ұран сөздер жазылған баннерлерді жол жиегіне ілуде. Бәрінің жүзі жайдарлы.

Тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық бөлімінің  басшысы Әбутәліп Асановты Есімхан алаңынан жолықтырдық. Мерекелік сахнаны құрып жатқан жұмысшылардың іс-әрекетін бақылап, тапсырма беріп жүр екен. 

– Биыл Түркістан қаласының абаттандыру, Есімхан, Арбат алаңдарын гүлдендіру, бұдан бөлек қаланың басқа да көшелеріне аяқ жол салу, арық-атыздарды қалпына келтіру сынды жұмыстарға қазынадан 500 миллион теңге қаражат бөлінген. Ақпан айының бел ортасынан бастап қызу дайындыққа кірістік. Қазір осы алаң, субұрқақ, сахнаны ретке келтіруге 270 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Сенбі күнге дейін жұмысты толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Әбутәліп Сейденбекұлы. 

Мерекенің басты сәні Есімхан алаңы болмақ. Негізгі іс-шаралар осында өтеді. Соған орай алаңның көлемі 3 мың шаршы метрге ұлғайтылыпты. Сондай-ақ, алаңның жанындағы гүлзар қайта қалпына келтіріліп, 400-ден астам жасыл желек отырғызылған. Түркістан қаласының 1500 жылдық тойында салынған сахна да биыл жөндеу жұмыстарын көрді. 17 жылдан кейін заманауи талапқа сай өзгеріп, трибуна, әртістердің киім ауыстыратын бөлмесі жаңаланған.

Бұдан бөлек «Арбат» алаңындағы да қабырғалар боялып, аяқ жол төсеніштері ауыстырылыпты. Бұл жерде мереке қарсаңында этноауыл бой көтермек. Онда қолөнер шеберлері ағаштан ою ойып, қамшы өріп, текемет басып, келген меймандарға өз туындыларын ұсынады. 

Сонымен қатар, Наурыз тойы күні Қожа Ахмет Иассауи кесенесі маңында 40-қа жуық киіз үй тігілмек. Қазір ол жерге де тас жол жасалынып, жарық көзі тартылуда.  

Ал кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Келдембайқызы шетелден келген қонақтарға арнайы сый әзірлеп жатқандарын жеткізді.

«Түркістан қаласының туризмі, табиғаты, мәдени, көрікті орындары туралы фильм түсірдік. Бұдан бөлек, кәдесый, Әзірет Сұлтан, Түркістан қаласындағы тарихи, мәдени орындары жайлы кітаптар ұсынамыз. Мерекеге 22 делегация, 600-ге жуық шетелден қонақ келеді деп күтілуде. Қызығушылық танытып жатқандардың қатары күннен-күнге көбейіп жатыр. Қазір біз қонақүйлердің бәрімен келісіп, дайындап қойдық. Қонақүйдің бағалары қымбат емес, бар жағдайы жасалған бөлмелер 7 мың. Ал «Зияратшылар» қонақүйі адам басына 1500 теңгеден еді, біз 1000 теңгеге келістік. Сондай-ақ, Арыстанбаб, Укаш Ата, Сауран сынды киелі орындарға маршруттар ұйымдастырамыз. Оларға тарихымызды, өнерімізді таныстыратын шет тілін жетік меңгерген гидтеріміз де сақадай-сай», - дейді ол.

Бұл күні еліміздің рухани астанасы шад-шадыман күйге енеді. Облысымызға, елімізге танымал өнер жұлдыздары Түркістанның аспанын ән-күйге бөлейді. Ал 23-24 наурыз күні өтетін Түркі әлемінің «Бұраң бел» би фестивалі, 25-26 наурыз күні өтетін «Наурыз» халықаралық ақындар айтысы да қала тұрғындары мен қонақтарына өзгеше әсер сыйлары анық.

Бір сөзбен айтқанда, Ұлыстың ұлы күнінде Түркістанда Түркі әлемінің басын қосқан дүбірлі той өтеді. Келіңіздер, көріңіздер!

Сурет - Фотосуреттерді түсірген автор Мақала авторы - Әйгерім Бегімбет