Қостанайға саяхаттаудың 10 себебі

19.05.2017

Қостанай өңірі тылсым табиғатымен қоса, сәулет, мәдениет ескерткіштері, оба-қорымдарға бай. Арнайы саяхаттап келсеңіз, сіз баруға міндетті 10 орынды ұсынамыз.

Нағыз көркем табиғатты жаныңыз қалай ма? Қазақстанның бұл өңірінде өзіндік сұлулығымен ерекшеленетін тамаша қорық бар. Наурызым қорығы 1931 жылы ұйымдастырылғанымен, 1966 жылы қайта ықшамдалды. Оған Тірсек, Сыпсың, Наурызым орман алқаптарымен қатар, Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері кіреді. Мұнда қарағай, қайың, көктерек, тобылғы, мойыл секілді өсімідіктердің жеті жүзден аса түрі, сүтқоректілердің қырықтан аса, құстардың 250-ге жуық, балықтардың он шақты түрлері мекен етеді. Бұл қорықтан елік, ор қоян, борсық, түлкі секілді сүтқоректілерді ұшыратасыз. Аққу, безгелдек, тарғақ, сұңқар секілді саны аз қалған құстардың түрі Наурызым маңында мекен етеді.

Екідың VIII-IX ғасырлардан келе жатқан сәулет өнер ескерткіші. Аталған ескерткіш Қостанайға қарасты, Амангелді ауданы, Екідың ауылынан солтүстігінде орын тепкен. Мұнда екі дың бар. Оның бірі Екідің ауылынан шыға берісте орналасса, келесісі өзеннің оң жағалауында төбешікте тұрғызылған. Екеуінің биіктіктері екі түрлі, алғашқысы 3,1 м, екіншісі 3,7 метрді құрайды. Есік ойықтары шығысқа қарап тұр. Дыңдардың диаметрі болса бес метрдей. Бұл дыңдардың ислам дініне дейінгі құндылықтары жоғары болып есептеледі. Екідың Қазақстанның республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген.

Бұрынғы Ақмешіт қазір Марал ишан мешіті деп аталды. Оның тарихы сонау ХІХ ғасырдан бастау алады. Нақты айтатын болсақ, 1893 жылы қолданысқа берілген. Мешіт аумағы – 844,3 шаршы метр, ғимараттың жалпы аумағы – 821,4 шаршы метр. Биіктігі – 4, 510; бір күмбезді, бір мұнаралы, күмбезінің биіктігі – 18,000-дей, мұнарасының биіктігі – 22,000-дей. Мың адамға арналып соғылған.  Өткен ғасырдың 30 жылдарына дейін Алла үйі болған киелі жер жұмысшылар клубы болып, кинотеатр, филармония секілді үйлерге айналды. Тәуелсіздігімізді алар жылы ғана киелі жерде құрбан айт намазы оқылып, мешіттік қалпына келтірілді. 2002 жылы мешітке ғұлама ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі берілді. Бұл мешітті сырттан іздеп келушілер әрқашан табылған.

Қостанайда 1954 жылы алғашқы тың игерушілерге бірінші эшелонды жеткізген «Паровоз» ескерткіші бар. Бұл ескерткіш тың игерушілерді игеру және жерді орналастыру кезіндегі жайттан хабардар етеді. 1974 жылдың 28 ақпанында сағат 10-нан 50 минут кеткенде Қостанай станциясына тың игеру және орналастырған жерге ие болу үшін Украинадан комсомал және жастардың алғашқы эшолоны келді. Ол тың игеру эпопиясының мәңгілік ескерткіші болып орнатылған. Паровоз ұзындығы 30 метрді құрайды. Брежневтің «Тың игеру Қазакстанның өндіріс күшінің дамуына, экономика мен ғылымның өсуіне ұлы демеу берді» деген сөзі жазылып тұр. Паровозды көргіңіз келсе, Қостанай қаласының темір жол вокзалына барыңыз.

 

Әулиекөл ауданы, Шиелі поселкісінң оңтүстік-батысына қарай 8 шақырым жерде Бестамақ обасы бар. Бестамақ обасы – энеолиттен бастап орта ғасырға дейін кең археологиялық шеңберлермен көрсетілген Солтүстік Қазақстан аумағындағы алғашқы, сондай-ақ, жалғыз оба болып саналады. Оба 1991 жылдан бастап зерттеуге алынып, бүгінге дейін 170 мола шұңқырлары және салттық ғимараттар табылды. Зерттеу нәтижелері Торғай өлкесі ежелгі тұрғындары тасдәуірінен орта ғасырға дейін  көп уақыт арасында Бестамақ обасын пайдаланғанын көрсетеді.

Сарыкөл ауданында тұстас ғасыр тарихы бар Анновка атты кент бар. Ұлы Анна Шереметева Императорына осы жердің табиғаты қатты ұнап, кент соның есімімен аталады. Көп ұзамай Анновский шіркеуі бой көтереді. Құрылыс бар болғаны бірнеше айға ғана созылды. Шіркеудің жанына қоңырау ілінген күмбезді мұнара салынды. Оның сырты алтын түстес етіп безендірілді. Әсемдігі алыстан көзге ұрынатын еді. Уақыт өзгеріп, шіркеу өз статусын жоғалтып алды. Дегенмен, бұл шіркеу әлі де сіз секілді саяхатшыларды қарсы алуға әзір.

Табиғат сұлулығына тамсанатын орын керек пе? Қостанайдан 45 шақырым жерде Арақарағай орманшылық аумағында жеміс-жидектерге толы, түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктерге бай  қарағайлы орманы орналасқан. Қарағайлы орманда көптеген ауруларға ем шипайжай орын тепкен. Атап айтар болсақ, орман ауасы мен минералды суын көптеген тыныс алу жолдарына, жүрек қан тамыр ауруларына, сол секілді асқазан жолдарының ауруларына пайдаланады. Мұндағы саз да өзіндік шипаға ие. Талай жанға дәру болған орман сырына үңілген зерттеушілер де жетерлік.

Лисаковск археологиялық кешенінің тарихи маңызы өте жоғары. Егер сіздің тарихи орындар қызықтыратын болса, Лисаковскқа соқпай кетпеңіз. Бұл орын біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықта өмір сүрген андроновтықтар деп аталатын – қола дәуіріндегі тайпаларға қатысты құпиялардың ашылуымен байланысты. Андроновтық үндіирандық тайпалардың тыныс-тіршілігін, тұрмыс-салтымен, діни сенімдерін анықтап көрсететін қыш бұйымдар, алтын мен қоладан жасалған зергерлік әшекейлер, еңбек құралдары, сондай-ақ киім  бөліктері табылды. Бұл бұйымдар қазірде Лисаковск Жоғарғы Тобылдың тарих және мәдениет мұражайларында тұр.

Қостанай облысы. Арқалық қаласында 1976 жылы Арқалық педагогика институты жанынан Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық-педагогикалық мұражайы ашылған болатын. Барлығы екі мыңға жуық экспонаты бар мұражай төрт бөлмеден тұрады. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин мен оның достары және ізбасарлары, 1900-1950 жылдардағы Торғайдағы оқу–ағарту ісі, Алтынсариннің мұғалімдер мектебінен Арқалық педагогика институтына дейінгі өмірі. Қазақ ағартушысы, көптеген елеулі істер атқарған Алтынсариннің мұражайы сіздің де көңіліңізден шығары анық.

«Тың игерушілерге» арналған монумент тың және тыңайған жерлерді игерушілердің 30 жылдық мерейтойына байланысты Комсомол алаңында (Тың игеру алаңы) 1984 жылдың 13 қазаныңда ашылған болатын. Бас сәулетшілері – М.Б. Смирнов пен А.П. Семенов. Өзінің сыртқы көрінісмен талайды тамсандыратыны белгілі. Қостанайға бара қалсаңыз, бұл ескерткішке фотоға түсуді ұмытпаңыз.
 

Мақала авторы - Мөлдір Қайнар Дереккөз Кей мәліметтер vizitkazakhstan.kz сайтынан алынды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады