Беймәлім Бейнеу

19.06.2017

Сонау тысқары жатқан батыстағы Бейнеу ауданының атын бірі естісе, бірі естімеген болар. Соңғы жылдары тартылған газ құбырлары, өнеркәсіп саласындағы бірнеше компаниялар аталған ауданның дамып, көркеюіне өзіндік үлесін қосып жатыр. Бей­неудің ұны елімізге ғана емес, Өзбекстан, Иран, Әзірбайжан елдеріне экспортталса, осы өңірдегі шипалы «Қарағайлы» жер асты қайнары көпшіліктің шөлін басып, дертіне дәру болып жүр.

Маңғыстаудың солтүстігінде 1973 жылы іргесі қаланған ауданның оңтүстігі Түркіменстанмен, оңтүстік-шығысы болса Өзбекстан жеріндегі қарақалпақтармен шектесіп жатыр. Сондай-ақ, солтүстігінде Атырау, солтүстік-шығысында Ақтөбе бар, ал батысы Каспий теңізінің сорларына барып тіреледі.

Бейнеу аймағы туралы қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев былай жазады:

Осыдан үш миллион жыл бұрын Африкада экватор бойында, ағаш басынан түсіп, денесін тіктеп жүріп, өз бетімен әрекетке көшкен адам нәсілі осыдан бір миллион жыл бұрын Таяу Шығыс арқылы көшкен мұздың соңынан аңдарды қуалап, Еуропа мен Азияға бойлары болатын. Кавказ нәсілдестер күллі Еуропаға Қаратеңіз аумағынан, ең алғашқы адамдардың рамапитиктер деп аталатын шығыс бұтағы көбіне-көп осы Атыраудан айналаға шашыраған-ды» деп болжам айтып, «...Төңірегің тұнып тұрған керемет, төңірегің тұнып тұрған хикая, төңірегің тола ғажайып дастан!...» деп таңдай қаға таңданған Маңғыстау Үстіртті – шығысында Асмантай, Матай, Көксеңгір басталып, батысында Қарашүңгіл, Қарақұмнан кәрі Каспийге сұғынатын, солтүстігінде Төңірекшың, Тортай, Тоқсанбаймен шектесіп, оңтүстігінде Тәңке, Төлепке тірелетін – Бейнеу аймағы.

Бейнеу кентінен 18 шақырым қашықтықта, Ақтау қаласына қарай, Бекет атаның жерасты мешіті орналасқан. Арқары бар керуен сарайы осы мешіттің қақпасы екен.

Аппақ борлы тау мүйісінен жасалған мешітте негізгі бір үлкен бөлме бар. Оның диаметрі төрт жарым метрді құрайды. Киіз үйге ұқсас үйдің күнбатысында михраб болса, сол жағында дәліз тағы бір бөлмеге апарады. Шығысындағы үшінші бөлмеде адам қабірлері жетерлік. Мешіттің қабырғаларында ешқандай ою-өрнектің ізі көрінбейді. Жерасты мешітінің айналасында Бекет атаның ағасы Меңдіқұл батыр жатқан қорымды көзіңіз шалады. Киелі орынның алдында зиярат етіп келгендер шөлін басатын бұлақ бар. Бұл жерде жексенбі күні адамдардың аяқ алысы саябырсымайды, құдайы ас, садақа беріледі.

Бейнеудегі Бекет ата мешітіне 1825 жылы Үстірт экспедициясының ғалымдары келіп, ескерткіштің суретін салып кеткен екен.

Аталған ауданда ең ежелгі керуен сарайлардың бірі болып есептелетін, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Білеулі бар. Ол Бейнеудің Өзбекстанмен шектесетін тұсындағы тарихы терең орын. Бұдан ары қарай ескі қорым Құсшы орын тепкен. Құсшыдан әрірек керуен сарайлардың шоғырланған жері Белдеулі орналасқан. Бұдан байқайтынымыз Бейнеу Ұлы Жібек жолының бойындағы Еуропа қақпасы болған. Батысында Римге шығуға мүмкіндік болса, шығысы Қытайға жол тартқызады.

Тарихи жәдігердің ең бастысы – Тоқсанбай тауынан табылған ежелгі қала орны. Ондағы жер қыртыстары үш қабаттан құралған. Ең төменгі қабаты осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуіріне жатуы әбден мүмкін. Мұндай көне орын Малайзия жері мен, Оралдағы Арқайымда кездескен. Десек те, Тоқсанбайдағы аталған қала олардың ішіндегі ежелгісі болып отыр. Аталған орынның екінші қабатында біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылға жататын бұйымдар табылса, үшінші қабатында орта ғасырға тиесілі сақтардың өмір сүргенін көрсететін жәдігерлер шыққан. Алтын Орда дәуірінде осы аттас орданың астанасы болған Қарақорым мен Ханбалыққа ағылған керуендердің көбі Бейнеудің үстімен өткен екен.

2011 жылы Ахан Оңғар бастаған археологтар Бейнеу ауданына қарасты Сам қаласын тапты.

Беймәлім Бейнеудің сырын Айнахан Есеттің жазып алған мына бір аңызымен аша түссек.

Үстірттің үстіне жолындағысын жайпаған, қарсы келгеннің бәрін қырып-жойған маңғыт қалмақтары келіп тоқтаған екен. Соғысып шаршағаннан ба, Үстірттің кеңдігі көңілін сейілткеннен бе, қазақ ауылының басшысына елші жіберіп, егер туған ұлын кепілдікке берсе, ешқандай соғыс ашпайтынын хабарлайды. Бейбіт күнді ойлаған қазақ басшысы қалмақ ханының сөзін жерге тастамай, жар дегенде жалғыз ұлын кепілге беріп жібереді. Пейіл деген бейіл тапқан ба? Еріккен дұшпанның ханы тағы елшіге «маған өзінің ең сұлу деген әйелін берсін, бермесе соғыс ашамын!» дейді. Ары-бері ойланған қазақ басшысы, айдай сұлу әйелін жат қойнына салып береді. Көп кешікпей қалмақтың үшінші сұрауы келіп түседі.

Хан көзі елсіз жатқан «Шүңкілдек» деген құдыққа түсіп, ақыры ешкім пайдаланып жатқан жоқ, сол құдығын берсін, бермесе соғысамыз!» дейді. Қазақтың ханы бұл хабарды ести сала, бермейтінін айтып, атқа қонады. Халқының басын қосып, соғысқа дайындалу керектігін айтқанда, ақсақалдар қайран қалысыпты.

 – Қалмақтың жалғыз ұлыңды сұраған шартын орындап, сұлу әйеліңді де жатқа оп-оңай бере салдың. Айдалада жатқан көне құдықты бермей, соғысамыз дегенің не? – деп, таң қалысыпты.

 – Ұл да, тоқал да өзіме тиесілі. Олардың тағдырын өзім шеше аламын. Ал «Шүңкілдек» құдықты қазған мен емес. Ол бабалардан бізге қалған көне құдық. Мен оның тағдырын шешіп, жат қолына тапсыратын ешқандай құқығым жоқ! – деген екен.

Мақала авторы - Мөлдір Қайнар
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз