Алматының ең байырғы көшесі қайсы?

24.02.2017

Қазіргі Алматы байырғы Алмату қаласының орнында 1854 жылы бой көтерген әскери бекіністің негізінде қаланды. Тәтібеков көшесіндегі Кіші Алматы өзенінен өтетін шағын көпірдің оң жағында тұрғызылған бұл бекініс 1855 жылы Верный деген атауға ие болған.  1858 жылы 15 қаңтарда бекітілген Верный бекінісінің бас жоспарында қала көшелері алғаш рет көрсетілген. Соның бірі қазіргі Райымбек батыр даңғылы. Бастапқы кезде ол Ташкентская аллея деп аталған.

Алматы мен Ташкентті жалғастыратын аса маңызды бұл күре жолдың «Ташкентская аллея» аталуы жайдан-жай емес. Бұл атау оған жол бойында қаз-қатар етіліп көп ағаш егілгендіктен қойылған. Оның белгісі әлі күнге дейін сақталған.

Ташкент аллеясы бертін келе Ташкент көшесі аталып кетті. 1967 жылы оның Пушкин мен Аэродромный көшелері арасындағы 4650 метрлік бөлігіне «Октябрьдің 50 жылдығы» деген атау беріледі. Ал қалған 7800 метрлік бөлігі ескі атауын 1992 жылға дейін  сақтап келген болатын. Бүгінде бұл көше толықтай XVIII ғасырда Жетісу өлкесін басқыншылардан қорғап, оларды бұл өлкеден біржола түре қуып шыққан әйгілі Райымбек батырдың есімімен аталады. Райымбек даңғылы деп аталатын бұл көшенің Алматының соңғы екі ғасырлық тарихында оның қала ретінде қалыптасып, дамуына қосқан үлесі қомақты. Оның бойында Сейфуллин, Сайын, Розыбақиев, Момышұлы көшелерінің қиылысында аса ірі бірнеше жол айрықтары салынды. Бұдан бөлек тағы бірнеше айналма бұрылыс жолдары мен жаяу жүргіншілер үшін түрлі жер асты және жер үсті жолдары пайдалануға берілді.

Қаланың батысы мен шығысын жалғастыратын бұл даңғылмен бүгінгі таңда күніне 200-300 мыңдай жеңіл және жүк көліктері мен қалаішілік және қалааралық автобустар жүреді. Сондай-ақ әйгілі Алматы метросының алғашы бекеті де дәл осы осы Райымбек даңғылында орналасқан.