Шұбат өндірісін брендке айналдырған қожалық

11.08.2017

Мал шаруашылығы — қазақтың қанында бар, жанына жақын ата кәсіптің бірі. Малдың бабын ежелден жетік білген дана халқымыз нәсібін дәл осы кәсіптен тапқан. Бүгінде қой, жылқы немесе сиыр бағумен айналысып жүрген шаруаларды жиі кездестірсек те, төрт түліктің төресі - түйе малын бағуды қолға алған жандарды жолықтыру қиын. Дәл сондай кәсіпкерлердің бірегейі — Сыдық Әбуұлы Дәулетов. Қазақстанның бар аймағын арнайы құтыға құйылған табиғи шұбатпен қамтамасыз етіп жүрген қожалық иесімен түйе сүтінің өндірісі жайлы сұхбаттасқан едік.

— Жалпы, еліміз аграрлы мемлекет болғандықтан, мал шаруашылығына басымдық беріп, оны қолға алғаныңыз түсінікті жайт. Дегенмен, дәл осы түйе өсіруді таңдауыңызға не сепеп болды?

— Төрт түлік малдың барлығы да жақсы, төртеуінде де береке бар. Бірақ әр адам өзі үйренген шаруашылықпен айналысуы керек. Біреу мысалы ірі қара сиырмен айналысқысы келеді, біреу қой шаруашылығымен, енді бірі жылқы өсіруді ойлайды. Ал өзім осы төрт түліктің барлығына жақынмын. Бұл малдың қайсысын бақсаң да тиімді. Мысалы, сиыр ұстасақ, оның сүтінен қаймақ, сары май алуға болады. Сосын  түрлі ірімшікті де қайнатасың. Яғни әрбір төлдің өз пайдасы бар. Ал енді неліктен түйе өсіруден бастадық деген сұрағыңызға келер болсақ, ең біріншіден, бұл істі қолға алып жүрген адамдар өте аз. Өкінішке орай, бұл кенже қалып қойған сала. Мысалы өткен ғасырда, шамамен 1928 жылдары Қазақстанда 1 млн 200 мың түйе болған екен. 2-ші дүниежүзілік соғыстан кейін оның 200 мыңға жуығы ғана қалған. Кешегі тәуелсіздік алған жылдары түйе саны тіпті, 60 мыңға дейін түсіп кетті. Бүгінде бұл салада бәсекелестік жоқ. Соны қалыптастыру керек. Жалпы, түйе өсірудің келешегі зор дегім келеді. Мұны өзге елдердің бұл өнімді қалай бағалайтынынан-ақ көруге болады. Мысалы, Қазақстанда қазір түйе сүтінің литрі шамамен 500 теңге деп бағаланады, мынау көршілес Қытай елінде 8-10 мың теңге аралығында болса, Еуропада ол 12 мың-15 мың теңге тұрады. Бұл өнімді өзге елдің ерекше бағалауының басты себебі — оның емдік қасиетінде. Түйе сүті - жүз ауруға ем. Ол бүкіл мынау ішек-асқазан ауруларын, өкпе ауруларын, мынау жүйке-жүйесіне өте жақсы әсер етеді. Кішкентай балалардың, үлкен кісілердің иммундық жүйесін қалыпқа келтіреді. Сосын тағы бір себеп, біздің жерлеріміз шөл, шөлейт болып келетіндіктен, осы түйе малын өсіруге өте ыңғайлы. Бүгінгі таңда елімізде түйе саны 180 мыңға дейін көбейіп отыр. Сондықтан мынау түйе шаруашылығының келешегі зор. Оның өнімі: еті болсын, жүні болсын, сүті болсын қашан да бағалы болып келеді.

— Бұл кәсіпті дөңгелетіп жүргеніңізге 16 жылдан астам уақыт болыпты. 5 түйеден басталған қожалық бүгінде түйенің 5 мың басын бағып отыр. Бұл көрсеткішке қалай жеттіңіздер?

 — 2001 жылы Алматы облысы, Іле ауданының Ақши деген ауылында осы „Дәулет-Бекет„ шаруашылығын құрдық. Сол кездері біздің алға қойған мақсатымыз - елу бас түйе ұстау еді. Соның өзі бізге арман болатын. Бірақ, арада мінекей 16 жыл өтті. Қазір шаруашылығымызда 5000 бас түйе, 28000 гектар жайылым жеріміз бар. Және 170 гектар жаңағы егін егіп, жем-шөп дайындайтын жеріміз бар. Сол 5000 бас түйенің мыңға жуығы - қазақтың бактриан тұқымы, ал қалғаны жалғыз өркешті түрікмен аруанасы. Біз оларды сол 2001 жылдары шаруашылық ашқан кезде еліміздің әр аймағынан жинадық. Осы алғашқы түйелерімізді оңтүстік өңірдің Шардара, Жетісай, Шымкент мына жағы Тараз елді-мекендерінен әкелдік. Әрине, бүгінгі күйге біз бірден келе салмадық. Бұл істің артында қаншама адамның еңбегі, ерік-жігері мен төзімі жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттің қолдауын да атап өтпеске болмас.

— Елбасы әрдайым өз жолдауында агроөнеркәсіптің дамуына басымдық берудің жолдарын қарастырып келеді. Елімізде агробизнеспен айналысамын деушілерге қолдау білдіретін бағдарламалар да бар. Сіз сол мүмкіндіктерді пайдаландыңыз ба?

— Бүгінге дейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен үш рет кездескен екенбіз. Біз екінші дәрежелі банктен 17,5 пайыздық үстемемен несие алып, соған мал сатып алғанбыз.2011 жылы президентіміз Алматы облысына іс-сапармен келген тұста, орайы келіп, кездесіп, осы мәселені талқыға салған едік. Нәтижесінде үстеме ақымыз 4,7 пайызға төмендеді. Мына „Даму„ қоры арқылы осындай жеңілдіктер жасап, сол кездегі Елбасымыздың осы ауыл шаруашылығына деген, соның ішінде түйе шаруашылығына деген үлкен қамқорлығын сезіндік.

Өткен жылы арнайы келіп, осы шұбатымыздан дәм татып, жұмысымызды жоғары бағалап, алдағы жоспарларымызды сұрады. Осылай Елбасы өзі сенім артып отырған бұл шаруашылықты ілгері дамыту - біздің басты міндетіміз. Бүгінге дейін салық төлеуде болсын, кез келген жағдайда үкімет бізге көптеген жеңілдіктер танытып отыр. Сондықтан келешекте бұл түйе малын біз ары қарай көбейтеміз деп уәде бердік. Сосын қазір мынау түйелер қолменен сауылады. Алдағы уақытта бұны автоматтандыру және түйе сүтін кептіріп, экспорттау деген алдымызға меже қойып отырмыз. Жалпы, шұбат пен қымыз қатар жүретіні белгілі. Біз түйе шаруашылығын жолға қойып алғаннан кейін, біраз аналық биелерді сатып алып, қымыз шығарсақ деген үлкен жоспарымыз бар. Осыған орай мемлекеттің „Құлан„ деген бағдарламасын атап өтуге болады. Алдағы уақытта түйемен қоса, осы жылқы шаруашылығын да дамытсақ деген мақсатымыз бар.

— Жалпы, түйе малы күніне неше мәрте сауылады және қанша литр сүт береді? Осы жөнінде айтып өтіңізші.

— Қазір біз жаз айларында 3 мезгіл сауамыз. Ал қыс айларында 2 мезгіл саууға болады. Орташа есеппен әрбір түйеден 7 литр сүт аламыз. Өткен жылы шамамен 2 млн литр түйе сүтін сауған болсақ, алдағы уақытта бұның қуаттылығын 2,5 млн литрге дейін жеткіземіз деп отырмыз. Оған толық мүмкіншілігіміз бар. Алғашқы жылдары, осы істі бастаған тұста литрін 20 теңгеден сатқан күніміз болды. Міне, қазір 500 теңгеге жетті. Мұның барлығы халық сұранысының арқасында.

— Сапалы шұбатты қалай ажыратуға болады?

— Түйе сүті бұл аппақ қар сияқты болады. Ал оған сиыр сүті қосылған болса, онда ол сарғыш болып келеді. Су қосылған жағдайда, өзара араласпай екі түрлі қабат түзіледі. Шындығына келгенде, қарапайым тұтынушыға сапалы өнімді айыру өте қиын. Сондықтан біз алдағы уақытта түйе сүті мен бие сүтінен жасалатын табиғи өнімдерден тұратын дүкендер желісін ашып, олардың қасына арнайы зертхана орналастыруды жоспарлап отырмыз. Яғни шұбат не қымызды сатып алған адам сол зертханаға барып өнім сапасын тексертіп алады.

— Шұбаттан бөлек, түйе сүтінен тағы қандай өнім жасауды көздеп отырсыздар және оны нарықтан қай кезде көре аламыз?

— Енді біз осы Қазақстан нарығына 15 жылдан бері өз өніміміз - шұбатты ұсынып келеміз. Мынау кейінгі 3 жылда, кедендік одақ аясында Мәскеу қаласына да 10 тонна мөлшерінде тасымалдап отырмыз. Алматының бір өзінде екі жүзге жуық дүкендерге өткіземіз. Сосын біздің шұбатты еліміздің барлық облыстарында, ірі-ірі дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. Алдағы уақытта осы түйе сүтінен тек шұбат қана емес, балмұздақ, балаларға арналған небір тәттілер қосылған йогурттер, балқаймақ, шоколадтар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, түйе сүтінің өзінен 10-15 түрлі ассортимент өнім шығарып, жүнінен түрлі бұйымдар жасауды қолға алдық. Жалпы мақсатты жоспарларымыз көп. Енді ол алдағы уақыттың еншісінде. Алғашқы дүкенімізді Астана қаласынан ашсақ деп отырмыз. Бұйырса сол жақсы жаңалығымыздың куәсі боласыздар.

Әңгімеңізге рахмет! Табыстарыңыз еселене берсін!

Cұхбаттасқан: Жазира БЕРҒАЛИЕВА

Тағы да оқитындарыңыз