Шымкенттің жаңа өнімі: «Procoffee»

27 жастағы шымкенттік кәсіпкер ерекше кофе брендін қалыптастырғысы келеді

Еліктірер хош иісі бар кофені жақсы көретін шымкенттік тұрғындар мен қала қонақтарына жағымды жаңалық жеткізбекпіз. 27 жастағы Асхат Нұрлыбаев Шымқаладан «Procoffee» атты кофе орталығын ашты. Мұның несі жаңалық дерсіз?! Зер салып оқыңыз, қазір айтамыз. 

Өткенге шегінсек: 2007 жылы Асхат Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейді тәмамдаған соң, ата-анасының ақ батасын алып, Қытайға оқуға аттанады. Бір жыл тіл үйренген ол Сиань қаласындағы Транспорт және коммуникация университетінің студенті атанды. 2012 жылы қолына диплом алып, маман атанған ол Қытайда қалуға бел буады.

– Жастық жалын ғой. «Білсем», «үйренсем» деп алып-ұшқан көңіл сол жақта тағы біраз қалып, тәжірибе жинауды қалады. Гуанчжоуға бардым. Бес жылдың ішінде түрлі салада өз мүмкіндіктерімді сынап көрдім. Достарым мықты болды. Ізденімпаз. Қиындықтан қашпайтын. Адал. Сертке берік. Біз бірге киім, техника заттарын саттық. Логистикалық компания аштық. Өзге де жұмыстарды атқардық. Жүрек түкпірімде қаржы жинап, Шымкентке келіп кәсіп ашамын деген арманым болды. Ал кофе орталығын ашу туралы ой студент кезімде, Starbucks, МcDonald's сынды әлемге әйгілі компания өнімінен дәм татқан кезде-ақ келген. Сосын жан-жақты зерттей бастадым», - дейді жас кәсіпкер.

Өткен жылдың қараша айында туған өлкеге оралған Асхат достарымен бірге бірден іске кіріседі. Алдымен қала тұрғындарының кофеге деген қызығушылығын біліп, зерттеу мақсатында арнайы көлікте кофе сатуды бастайды. Қала ішін аралап, жоғары оқу орындары, сауда орталықтары мен банк ғимаратының алдында шымқалалықтарға дәмді кофе ұсынады.  Жапатармағай алуға ұмтылған жұртты көріп, үш айдан соң Ғ. Іляев көшесі бойынан дүңгіршек ашады. Ал желтоқсан айынан бастап жеке ғимаратты жалға алып, үшінші жобаны іске асырды. Яғни тұтынушыларға барлық жағдайы жасалған, ерекше дизайнда жасалған орталықта қызмет көрсетіп жатыр. Қуантарлығы сол, жұпар иісті кофенің бағасы студенттердің қалтасына лайықталып бекітілген. Өйткені, негізгі тұтынушылары да – солар. Айталық, 0,5 көлемді стакандағы кофенің бағасы бар-жоғы 300-350 теңге аралығында.

– «Procoffee» деп атауымыздың өзіндік себебі бар. Pro – professional сөзінің қысқартылған нұсқасы. Яғни, халыққа сапалы, жоғары деңгейде өнім ұсыну мақсатында дүниеге келген бұл атау. Жұмысты бастағанымызға енді 6 ай толады. Осы аз уақыттың ішінде шымкенттіктердің көңілінен шығып үлгердік. Өйткені, әлі біздің кофенің дәмін ұнатпай,  шағым айтушылар болған жоқ. Бізде кофенің экспрессо, американо, капучино, латте, моккочино, раф, тағы басқа және өзіміздің төл өнім «ProПучино» сынды бірнеше түрі, салқын сусындар дайындалады. Ол арнайы Африка елінде өсіріліп, сосын Қытайға жөнелтіледі. Сол жақта қуырылады. Қатаң зертханалық тексерістен өткен соң бізге келеді. Сонымен қатар, біз қазақтың тамақтану үрдісіне сай, не ащы емес, не тым тәтті емес, өзгеше дәм ойлап таптық. Қазақстанда біздікіндей кофе ешкімде жоқ десем, артық айтқандық емес. АҚШ, Ресей, Украинадан сатып алынған франшиза емес. Өзіміздің өнім. Үтір-нүктесіне дейін зерттеп, жоспар жасап, бұл салаға үлкен дайындықпен келдім. Мақсатым – біздің елде ерекше кофе брендін қалыптастыру. Әзірге тек «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы жарнамалап жатырмыз. @Pro.coffee  парақшасы ашылғалы бері жазылушыларымыздың саны 15 мыңға жуықтады, - дейді Асхат.

Айта кетейік, көліктегі кофе қызметкерлері кешкі 18.00-ге дейін қызмет көрсетсе,  дүңгіршек сағат 23.00-ге дейін ашық. Ал кофе орталығы болса, күндіз-түні қонақ қабылдайды. Кофе дайындайтын құрал-жабдықтарды Ресей мен Италиядан арнайы алдырып, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Жас кәсіпкер бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы да бес нүкте ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, табыс мол болса, франшизаға беріп, яғни серіктес тауып, Алматы мен Астана тұрғындарына да «Procoffee» - нің өнімін ұсынбақ ниетте.

– Кофе ішу мәдениеті бізге енді-енді келіп жатыр ғой. Әсіресе Шымкентке. Сондықтан тек сапаға ғана емес, әрбір детальға, ғимараттың ішкі-сыртқы дизайнына, логотипке ерекше мән бердік. Мысалы, әр мереке сайын логотипімізге детальдар қосып отырамыз. Тәуелсіздік күнінде, Жаңа жыл мерекесінде, Универсиадада өзгеше безендірдік. Өйткені, тұтынушылар кішкентай нәрсенің өзіне назар аударады, байқайды, суретке түседі. Ал мамандарымыз кофе дайындауды тез үйреніп алды. Оларды өзіміз оқыттық. Қызметкерлерден ең бірінші жауапкершілікті, өз ісіне мұқият болуды талап етемін. Өйткені қолындағы кофе дайындайтын аппараты арзан ақша тұрмайды. Тазалық, адалдық, әділдік сынды қасиеттерді жоғары бағалаймын. Келген тұтынушыға жылы қабақ танытып, ілтипатпен шығарып  салуды  да басты назарда ұстаймын, - дейді Асхат.

Ол – патриот жігіт. Қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын бәрінен жоғары қояды. Ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгерген. Қазақтың «Асың болса, ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген мақалын жақсы көретін Асхат әлемнің 15 шақты елін аралап шыққан.

– Бала кезімде полиция қызметкері болуды армандағанмын. Ал кәсіпкерлікке өмірдің өзі алып келді. Түрлі салада бағымды сынап көрдім. Танымал компания басқарып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған, «мен» деген мықты кәсіпкерлердің қасында жүріп тәжірибе жинадым. Әр сәттен, әр қателіктен сабақ алдым. Енді он жыл өзге елде жүріп жинаған білімімді, мүмкіндігімді туған мекенде пайдаға жаратпақпын. Пафос дейтін шығарсыз, бірақ мен Шымкентті ерекше жақсы көремін. Жастық жігерімді, күш-қайратымды қаланың дамуына, гүлденуіне жұмсаймын. Мұнда барлық салада өзара бәсекелестік бар. Ал, бәсекелес болған жерде сапа артады. Замандастарым аз ұйықтап, көп еңбек етсе деймін.Уақыттың қадірін біліп, тіл үйреніп, кітап оқып, ой-өрістерін дамытса деймін. Қазақтың ұл-қыздары барлық салада мықты болса деймін. Менің ойымша, біздің елде кез келген кәсіпті дөңгелетіп алып кетуге болады. Ол үшін басқалардан сапасын жоғары, ал бағасын сәл арзан ұсыну керек. Сонда ғана ісің өнімді, берекелі болады. Әркез менің талабымды құптап, білім алуға барлық жағдайды жасаған, жыраққа жіберген, әр ісіме сеніммен қарап, қолдау танытатын ата-анама алғысым шексіз, - деп аяқтады әңгімесін Асхат.

Асхатпен сұхбаттасып отырып, ерекше кофеге алғыс айтқан жандардың лебізін құлағымыз жиі шалды. Жаңа іс бастап, туған жерді түлетуге білек сыбана кіріскен жас кәсіпкерге біз де сәттілік тілестік.

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер