Шебердің қолы ортақ

18.03.2017

Жезқазғандық кәсіпкер Бибхажар Ермағанбетова ұлттық үлгідегі киімдер тігумен айналысады. Анасынан бойына дарыған тігіншілік өнер жеке кәсіп ашып, ақша табуға жол ашты. Бибжахардың ою-өрнекпен өрілген, кестемен  көмкерілген киімдері арнайы тапсырыспен тігіледі. Қыз ұзату, құда түсу, бесікке салу, тұсаукесер, үйлену тойы рәсімдері Бибжахардың тұрақты табыс көзіне айналды.

Қаладағы білім беру мекемелері, тамақтану орындары кәсіпкерге арнайы тапсырыспен ұлттық үлгідегі киімдерден бөлек, көрпе-төсек жабдықтарын, шілтер, жапқыштар тіктіреді.

Жезқазған қаласындағы ұлттық мерекелер, салтанатты шаралар тігіншінің қолынан шыққан бұйымдарсыз өтпейді. Тұрақты тұтынушыларын қалыптастырған тігінші кәсіп аясын кеңейту үшін жеке кәсіп орталығын ашуға бел буды. «Ермағанбетова» ЖК ашқан тігінші мемлекет қолдауымен ұлттық үлгідегі киімдерді ғана емес, оқушының мектеп формасын тігуге тапсырыс алды.

«Бастапқыда көрші-қолаңның, тамыр-таныстың тапсырысын орындап жүрдім. Уақыт өте өзімнің қалыптасқан тұтынушыларым пайда болды. Әр адамның жеке ерекшелігін, талабын ескере отырып, бір-біріне ұқсамайтын дүние жасау қызығушылығымды арттырды. Әрі түсетін табыс та жаман емес. Сол себепті мен осы кәсіпке біржола ден қоюды ұйғардым. Әрине, жеке кәсіп ашу оңай емес. Біршама қаражат керек»,- дейді Бибхажар Ермағанбетова.

Ұлттық киімдер тігу ыждахаттылықты қажет етеді. Әр дәстүрдің ерекшелігін айшықтата отырып,  баламасы жоқ дүние жасап шығу нағыз шебердің қолынан ғана келеді. Сол себепті Бибжахардың қолынан шыққан әр дүние өнер туындысы деуге болады.

Ісмердің қолынан шыққан сапалы дүние жергілікті биліктің де назарын аударды. Олар тігіншіге оқушының мектеп формаларын тігуге ұсыныс жасады. Шетелдің сапасыз, жылдам тозатын қымбат киімдері ата-аналардың қалтасын қағуда дейді маман.

Кәсіпкерлер палатасының Жезқазған қаласындағы филиалының қолдауымен Бибхажар Ермаганбетова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 1,5 млн теңге көлемінде грантқа ие болды. Берілген қаражатты кәсіпкер ғимарат жалдап, қызметкерлер жасақтап, құрал-жабдықтар алуға жұмсады.

«Бұған дейін мектеп формаларын тігіп көрген емеспін. Дегенмен, нарық сұранысына орай бейімделу қажет. Біз ұсынған формалар күнделікті киюге ыңғайлылығымен әрі қолжетімділігімен ерекшеленеді. Осының барлығы мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асып отыр»,- дейді Бибхажар Ермаганбетова.

«Бүгінде халық отандық өнімдерге бет бұра бастады. Дегенмен ауыл-аудандардың облыс орталығынан шалғай жатқандығы қиындықтар туғызуда. Банктер шалғай өңірлерге бармайды. Сол себепті, біз жергілікті филиалдарымыз арқылы көмек көрсетеміз, ауыл кәсіпкерлерінің өнімдерін таныстыруды, тапсырыс алуға жағдай жасауды мақсат етіп отырмыз»,- дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директорының экономикалық сұрақтар жөніндегі орынбасары Ернар Күлпейісов. 

Тағы да оқитындарыңыз