Агроөнеркәсіптің экспорттық әлеуеті

2017 жылы экпорт көлемі артты

Жақында Қазақстан Республикасы Үкімет үйінде өткен отырыста еліміздің агроөнеркәсібі саласындағы экспорттық саясат мәселесі сөз болды. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман  Евниев баяндама жасап, 2017 жылы агроөнеркәсіп саласындағы экпорттың көлемі қаншалықты өскені туралы мәлімттер келтірді.

Арман  Евниевтің айтуынша,  Ауыл шаруашылық министрлігі агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемін арттыру бойынша  кешенді жұмыстар атқарылуда.

Вице-министр келтірген деректерге назар салсақ, 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген өнімдердің экспорты 12,5%-ға (2 123,9 млн. АҚШ долларынан 2 388,5 млн. АҚШ долларына дейін), оның ішінде өңдеу өнімдері 10,7 %-ға (973, 8 млн. АҚШ долларынан 1 077,9 млн. АҚШ долларына дейін) артқан.

Сала маманының пікірінше, мұндай көрсеткішке Қытай және Таяу Шығыс елдері сондай-ақ Еуропа мемлекеттерімен жүргізілген ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу жұмыстары ықпал етіп отыр.

Ресми дерек бойынша, экспорттың негізгі көлемі бидайдан (27,7%), ұннан (19,7 %), майлы дақылдардан (10,5 %), арпадан (5,8 %), өсімдік майынан (3,9 %), мақта талшығынан (3,8 %), бұршақ дақылдарынан құралып отыр.

Аталған өнімдер Өзбекстан (19,7 %), Ауғанстан (19,6 %), Ресей (12 %), Тәжікстан (9,6 %), Қытай (7,5 %), Иран (7,1 %), Қырғызстан (5,3 %), Түркия (3,5 %), Италия (2,6 %), Латвия (2,4 %) сынды елдерге жөнелтілген.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының географиясы барынша кеңейіп келеді. Қазір Қытайға балық өнімдері мен қой еті, жылқы еті, сондай-ақ бидай мен кебек тасымалдануда.

Нақты санға тоқталар болсақ, Қытайға экпортталған агроөнеркәсіп өнімдерінің көлемі 34,3%-ға ( 134,5 млн. АҚШ долларынан 180,6 млн. АҚШ долларына дейін) артқанын көрсетіп отыр.

Арман  Евниев келтірген дерекке сенсек, 2017 жылы Қытайға алғаш рет 3,1 млн. АҚШ долл. сомасына 7,7 мың тонна соя бұршағы, сондай-ақ 190,0 мың АҚШ доллар сомасына 228 бас асыл тұқымды жылқы еті экспортталған.  Мұздатылған балық, өсімдік майы мен майлы дақылдардың экспорты орта есеппен 3,1 есеге өскен.

Бұрын Иранға тірі қойларды, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізу бағытында кедергілер кездессе, ол мәселе шешіліп, бір жолға қойылды. 2017 жылы Иранға (129,5 тонна) 287,3 мың АҚШ доллары сомасына 4763 бас тірі қой, және 2,8 мың АҚШ доллар сомасына 509,8 тонна қой еті экспортталған.

Өткен жылы Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мал мен ұсақ мал жеткізуге қойылған шектеу алынып тасталды. Бұдан өзге Біріккен Араб Әмірліктеріне ет өнімдері мен құс өнімдерін жеткізудегі кедергілер жойылды. Нәтижесінде, 2017 жылы Әмірліктерге 178,2 мың АҚШ долл. сомасына 34,2 тонна мұздатылған сиыр еті мен 133,6 мың АҚШ долл. сомасына 24,1 тонна қой еті жөелтілді.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға дейін 2,5 есеге арттыру бойынша қойған тапсырмасына қол жеткізу үшін төмендегідей жұмыстар атқарылуда.

1. Өткізу нарықтарына талдау жүргізіліп, импорттаушы елдердің талаптарын ескере отырып, экспорттық нарықтардың және өнімдердің тізімін бекіту жоспарлануда.

2. Кедергілерді алу және импорттаушы елдердің ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарын келісу бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. 2018 жылы қытай тарапы сиыр етіне, сойылатын ұсақ малға, бір өркешті түйеге қойылатын ветеринариялық талаптарды сондай-ақ өсімдік шаруашылығының аралас жем (жоңышқа, оның ішінде қайта өңделген), рапс шроты, арпа, жүгері, зығыр, фасоль, бұршақ, мақсары, бақша тұқымдары (асқабақ, қарбыз, қауын тұқымдары) секілді түрлеріне фитосанитариялық талаптарды келісу жоспарлануда.

Бұған қоса Иран мемлекетімен сиыр етіне және тірі ірі қара малға қойылатын талаптар келісілуде.

3. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту мақсатында етті мал шаруашылығында мал азығы өнімдері өндірісін және егіс алаңдарын әртараптандыруды дамыту арқылы мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

4. Қазақстанда өндірілетін бәсекеге қабілетті қайта өңделген өнімдердің өндірісін ұлғайту үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын барынша дамытуды  қамтамасыз ету мәселесі қаралуда. Экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнімді шығаруға бағдарланған қайта өңдейтін кәсіпорындарды техникалық және технологиялық жаңғырту көзделіп отыр.

5. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында көтерме – тарату орталықтарын құру жұмыстары жүргізілуде.

Агроөнеркәсіптің логистика картасы дайындалуда. Картада көліктік–логистикалық орталықтардың, тасымалдау қоймаларының, терминалдардың және т.б. қолданыстағы қуаттары да, құрылуы талап етілетіндері де ескерілетін болады.

Дәнді дақылдар мен қайта өңделген өнімдердің экспортын ұлғайту үшін өзбек – ауған, сондай-ақ түркімен – ауған шекараларында өткізу қуаттарын реттеу, сондай-ақ қойма салу мәселесі пысықталуда.

6. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен және Инвестициялар және даму министрлігі бірлесе отырып, Қытай, Иран, Еуропа елдері, Австралия және Канада сынды елдерді Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өкіл (кеңесші, атташе) құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

7. Экспорт бойынша ақпараттық-талдамалық база құру жоспарланып отыр.

#агроөнеркәсіп

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер