«Талғар» ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінен алынбайды

«Талғар» ортағасырлық қалашығы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Париж қаласында іс-сапармен болып, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен кездесу өткізді. Сапар барысында тараптар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында вице-премьер ЮНЕСКО мандаты және жалпы БҰҰ аясындағы еліміздің бастамаларына көрсеткен тұрақты қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

Атап айтқанда, ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде болды. Онда Мемлекет басшысы Алматы қаласында ЮНЕСКО-ның басшылығымен 2-ші санатты Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру  орталығын құру бастамасын ұсынған еді.

Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, ҚР Президентінің сапарынан кейін осы бастаманы жүзеге асыру үшін тараптар айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Бұл орталық мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы аясындағы жобаларды іске асыруға және жалпы әлеуметтік ғылымдардың дамуына қолдау көрсетеді.

«2016 жылғы қазан айында ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Алматының 1000 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларды өткізуде барынша қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Қазақстан үкіметі ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалайды және ұйымның құзырына кіретін барлық салада бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүргізуге қолдау көрсетеді», - деді кездесу барысында Иманғали Тасмағамбетов.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдан бастап Қазақстан «Батыс Тянь-Шань» трансұлттық номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енді. Бұл тұрақты даму және биологиялық әралуандылықты сақтау саласында халықаралық ынтымақтастықты белсенді жүргізуге қосымша серпін берді. Алайда, осы бағыттағы жетістіктерге қарамастан, ынтымақтастық аясында Талғар қалашығы маңында жол құрылысын салуға байланысты проблемалық сұрақтар туындады.

«Қазақстанның тарихи нысанды ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде сақтау және осы ұйымның талаптарына сәйкес жұмыс жүргізу мақсатында осыдан бірнеше апта бұрын ел үкіметі «Талғар» қалашығы аумағында барлық құрылыс жұмыстарын тоқтатуға тапсырма берді», - деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов.

Кездесу аясында Жібек жолының алғашқы Чанъань-Тяньшань дәлізіндегі 8 қазақстандық ескерткішті ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде сақтау жөнінде келісімге қол жетті. Сондай-ақ, Қазақстан вице-премьеріне аталған нысанды бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу туралы сертификат тапсырылды.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер