Қызық оқиғалардың ізімен Испанияға саяхат

Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінің премьерасы өтеді.

«Астана Опера» театрының балеттік репертуары тағы бір спектакльмен толықты. 25 және 26 қараша күндері  Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінің премьерасы өтеді. Қоюшы балетмейстер – Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Қоюшы суретші – Эцио Фриджерио (Италия). Костюм бойынша суретші – Франка Скуарчапино (Италия). Кескіндер бойынша суретші – Серджио Металли (Италия). Жарық бойынша суретші – Якопо Пантани (Италия). Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Константин Заклинский және Елена Шерстнева. Костюм  суретшісінің ассистенті – Әсел Досмұратова.

Л. Минкус балетінің негізінде Мигель Сервантестің аттас романы жатыр. Оның әдеби еңбегі көптеген өнер адамын әралуан жанрда (опера, кинофильм, мультипликациялық фильмдер) туынды жазуға шабыт берді, алайда уақыт сынынан өткен Л. Минкустың музыкасына қойылған балет, көрерменнің сүйікті қойылымына айналды. Алғашқы рет оны аты аңызға айналған балетмейстер М. Петипа 1869 жылдың 14 желтоқсанында  Үлкен театрда сахналаған.   

«Астана Опера» сахнасында екі күн бойы жарқырап өнер көрсетіп, көрерменге қуаныш сыйлайтын театр жұлдыздары: Китридің рөліндегі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева және Гауһар Усина, Базиль – Бақтияр Адамжан және Арман Оразов. Саяхат жасаушы рыцарь Дон Кихотты Жәнібек Иманқұлов сомдайды. Көңілді Санчо Панса – Бостан Қожабеков. Лоренцо – Жанәділ Бейсембиев. Гүл сатушылар – Әсел Құсайынова, Мөлдір Шәкімова. Көше бишісі – Анастасия Заклинская, Айдыс Саая; Эспада – Бауыржан Мекембаев, Жәнібек Ахмедиев; Гамаш – Рахметолла Науанов. Дриадалар әміршісі – Әсел Шәйкенова, Әнел Рүстемова; Амурчик – Гүлзира Жантемір.

- Менің кейіпкерімнің басты назарында – оның жан дүниесі. Өз қиялына батқан Дон Кихот сырт көзге әпенді болып көрінеді, алайда оның дәл осындай күйі арқылы автор бұл материалдық әлемде біздің материалдық емес екенімізді жеткізгісі келеді. Хореографтың маған жүктеген міндеті – кейіпкерімнің ішкі жан дүниесін ашып көрсету. Ол көптеген қызықты оқиғаларды бастан кешеді, таңғажайып түс көреді. Хореографиясына келсек,  бұл тұрғыда менің партиям қарапайым, мұнда күрделі қимыл жоқ. Дене тілімен, ымдау арқылы қайғылы образдағы Рыцарьдің бейнесін сомдауым керек, - дейді Жәнібек Иманқұлов.  

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер