Қазақстан медицинасы: ізденістер мен жетістіктер

ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тәуелсіз мемлекет Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі 25 жыл ішінде тұтастай өзге арнаға ойысты. Қоғам күштерін барынша жұмылдыра отырып, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізіп келеді. Өзге мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде бекіткен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көптеген жетістіктерге жетті. Соның ішінде, соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың, денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде медициналық-демографиялық салада оң өзгерістер жүзеге асып жатқандығын айтуға болады.

ҚР Президенті Н. Назарбаев Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың ашылу салтанатында, 2011 жыл

Соңғы 25 жылда халықты жаппай вакцинациялау нәтижесінде елімізде індетті паротитпен сырқаттану деңгейі 435,9 есеге, қызамықпен – 879,6 есеге, дифтериямен – 30 есеге, көкжөтелмен – 7,6 есеге азайған. «В» вирустық гепатитімен сырқаттану деңгейі балалар арасында 1234,5 есеге, ересектер арасында 31,5 есеге төмендеді. Сонымен қатар, Қазақстанда соңғы 25 жылда 14 жасқа дейінгі балалар арасында сіреспемен сырқаттанудың бірде бір жағдайы тіркелген жоқ.

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында АИТВ-ны диагностикалау, емдеу мен алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізудің нәтижесінде республикада халықтың осал топтарының арасында АИТВ-ның таралуын шоғырланған сатыда ұстап тұру мүмкіндігі пайда болды.

Соңғы екі жылдың ішінде «15-49 жас аралығындағы тұрғындардың ішінде АИТВ инфекциясының таралуы» Жаһандық бәсекелестік индексінің көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингісінде Қазақстан 0,18% көрсеткішімен алғашқы орындағы елдердің қатарына кіреді.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін мамандармен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 2007-2015 жылдар аралығында Қазақстанда республикалық және аймақтық деңгейде медицина кадрларының жетіспеушілігі 34%-ға немесе 2 мыңнан астам адамға азайды. 2005-2010 жылдар аралығында медициналық ЖОО-да түлектер санын арттыру барысында барлық мамандықтар бойынша дәрігерлер жетіспеушілігі төмендеді. 2002-2015 жылдары біліктілікті арттыру мен қайта даярлау курстарында денсаулық сақтау саласының 330 мыңнан астам маманы, оның ішінде 2,6 мың адам шетелде даярланды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекет қаражаты есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, қолдануға берілді. Соның ішінде 8 медициналық ғылыми орталық, 32 арнайы медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және 45 арнайы денсаулық сақтау нысаны (қан орталықтары,  патологоанатомиялық бюро). Барлық медициналық нысандардың 87 пайызын алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар құрайды.

Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ бас директоры:

«Біз қазір ешкімнен кем емеспіз. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы ұзарып, 70 жастан асты. 2004 жылы 7 сәуір күні ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен жүрек-қан тамырлары ауырын емдеуге түбегейлі бет бұрдық. Сол жылдары жылына 80 мың қазақстандық осы жүрек ауруларынан қайтыс болып жататын. Жаңа технологиялардың арқасында жүрекке жылына 30 мыңға жуық операция жасалатын болды. 11 жыл ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 59 пайызға дейін төмендеді. Айта берсек, 25 жыл ішінде жеткен жетістік көп. Ауруына шипа іздегендер ел медицинасына иек арта бастады. Жүрек, бауыр трансплантациясын жасау — біздегі медицинаның қолы жеткен жаңа мүмкіндіктері».

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау және әлуметтік даму вице-министрі:

«Соңғы жылдары Қазақстанда жоғары мамандандандырылған медициналық көмек белсенді түрде дамып келе жатыр. Ел азаматтары қажет болған жағдайда шетелде жасататын бірегей оталардың елімізде жасалуы жыл сайын ұлғайып келеді. Жыл сайын біз 40 мыңға жуық жүрек, 35 мыңнан астам нейрохирургиялық ота жасаймыз. 2012 жыл мен 2016 жылғы қазан айының аралығында Қазақстанда туыстық және қайтыс болғаннан кейінгі донорлар арқылы 1011 ағзаны  транспланттау жасалды.  Оның ішінде бүйрек – 793, бауыр – 170, жүрек – 41, өкпе – 5, ұйқы безі – 2. Сонымен бірге, балалардың гемопоэтикалық бағаналық тіндерін 41 транспланттау отасы жасалды. Елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын».

2015 жылы шілдеде Қазақстанда алғаш рет 7 айлық сәбиге бауыр ауыстыру операциясы жасалды

Алдағы 4 жылда денсаулық сақтау саласының стратегиялық мақсаты – халықтың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылға қарай 73 жасқа жеткізу. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірқатар құралдар қарастырылған. Оның бірі – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің мультидисциплинарлық тобы мен әлеуметтік келісім шарт арқылы бекітілген пациент арасындағы серіктестік қатынастар негізінде құрылған  ауруларды басқару бағдарламасын айтуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 700-ден астам стационарлық және 2 мыңнан астам амбулаторлық-емханалық мемлекеттік ұйым қызмет көрсетеді. Онда 190 мыңнан астам медициналық қызметкер, оның ішінде 53 мың дәрігер жұмыс істейді.  

Сонымен бірге, халыққа денсаулық сақтаудың жеке меншік үлгісіндегі 161 стационарлық және 700-ден астам амбулаторлық-емханалық ұйымы медициналық көмек көрсетеді. Республикада барлығы 105 мың аурухана жатын орны бар.

Жыл сайын Қазақстанда 2,6 млн-нан астам адам стационарлық ем қабылдайды, 112,9 млн-ға жуық азамат амбулаторлық-емханалық қаралуға тіркеледі, 7 млн-дай жедел медициналық көмек шақырылымына қызмет көрсетіледі.

2015 жылғы 30 қараша күні жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келе жатқандығы туралы, әсіресе денсаулық саласын дамытуға баса назар аударылып жатқандығы айтылды.

"Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!" деген болатын ҚР Президенті Н. Назарбаев. 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер