Гүлсім Мырзабекова, «Формат» тобының әншісі: Cахна үздіктердің орны болуы тиіс

Сұхбат

Анықтама

Гүлсім Мырзабекова 1991 жылы 19 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Доғалан ауылында дүниеге келген.

Ол Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжін және Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін бітірген.

2010 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

2012 жылы «Жас қанат» жас орындаушылар байқауының дипломанты атанды.

2012 жылдың сәуір айынан бері «Формат» тобында өнер көрсетеді.

2016 жылдан бастап ҚР Президент оркестрінің солисі.

Гүлсім, сізге келер алдында ғаламтордан өзіңіз туралы мәліметтер іздедім. «Формат» тобымен бірге «Түнгі студияға», «Бенефис-шоуға» қатысқан бағдарламаларыңызды көрдім. Алайда, жеке сұхбаттарыңызды таба алмадым.

– Өйткені, мен журналистерге көп сұхбат бермеймін. Шынымды айтсам, кейбір сұхбаттардан не себепті бас тартатынымды білмеймін. Көбінесе ішімде бір дауыс «бармағаның жөн» деп тұрады.

Ендеше, неліктен менімен кездесуге келісім бердіңіз?

– Сіз маған «инстаграмдағы» дайректке хат жазған кезде аккаунтыңызды бір шолып шықтым. Сайттарыңызға да кірдім. Бүгінгі кездесуге сайттарыңыздың рейтингісіне қарап келдім деп айта алмаймын. Маған сіздің аккаунтыңыздағы атмосфера ұнады. Сондықтан, сұхбатқа келістім. Негізі, өнер адамы өз атын шығарғысы келсе, көп адамдармен кездесіп, танысуы тиіс. Өзім жас әнші болғандықтан, маған пиар керектігін білемін. Оның үстіне, әзірге сондай бір танымал адам емеспін, «мынаған барам, мынаған бармаймын» деп шертіп жүріп таңдайтындай. Дегенмен, қандай жағдай болмаса, өзімнің ішкі даусымды тыңдаймын.

Яғни, сіз кішкентай күніңізден әнші болуды армандасаңыз да, сұхбат беруді, тыңдармандарға қолтаңба беруді армандаған жоқсыз. Солай ма?

– Шынымды айтайын ба? Қыздар жап-жас әншілердің артынан жүгіріп, суретке түсіп жатса, ебіл-дебіл жылап жатса, күлкім келеді. Бұл жерде өз тобымды айтып отырған жоқпын. Мысалы, мен Ескендір Хасанғалиев ағамыздың қасына барып, суретке түсуге ұялмаймын. Бұл – мен үшін мақтаныш. Өйткені, ол – өмірде көп жетістікке жеткен адам, одан көп нәрсе үйренуге болады. Ал, жас өнерпаздарға келер болсақ, олар әзірге қасына жүгіріп барып, қолтаңба алатындай дәрежеге жеткен жоқ.

Ал, жанкүйерлер сізге солай жүгірсе ше?

– Мен ыңғайсызданып қаламын. «Формат» тобы Қайрат Баекеновтің жеке жобасы екенін жұрттың бәрі біледі. Топтың өнеріне өз үлесімді қосып жүргеніммен, өзімді әлі халыққа барлық қырымнан ашып көрсеткен жоқпын. Жалпы, «Форматтағы» Гүлсім мен шынайы өмірдегі Гүлсімнің табиғаты қатты ұқсамайды. «Форматтағы» образымды кей адамдар әзілдеп «девушка на-на-на» («Махаббат» әні) деп айтады екен. Менің шынайы бет-бейнем ол образдан мүлдем бөлек. Құдай қаласа, тыңдарманға өзімді басқа қырымнан таныстыратын күн де келеді.

Сонда сіздің табиғатыңыз қандай?

– Мен лириканы жақсы көремін.

«Формат» тобына қалай келгеніңізді оқырмандарымызға айтып берсеңіз.

– 2011 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім. Бірінші семестрді бітірген кезде Арман Мұқашев деген студияда жұмыс істейтін білікті маманмен таныстым. Оған менің даусым ұнаған болар, «Гүлсім, жұмыс істегің келе ме?» деді. Жатақханада тұратын қарапайым студентпін ғой, бірден келістім. Арман аға «Формат» деген топқа солист қыз керек» деді. Қайрат Баекеновті сырттай білгеніммен, топтың аты маған таныс емес еді. Кастингке келер алдында салқын тиіп, қатты ауырып қалдым. Даусым қарлығып тұрса да, сайыстың шарты бойынша, «Куә бол», «Хуторянка» және өзім қалаған бір әнді орындап бердім. Шыны керек, ауырып тұрғандықтан, өз өнеріме көңілім толмады. Соған қарамастан, Қайрат ағай бойымдағы талабымды көре білген болар, топқа жұмысқа алды.

«Форматқа» оңай сіңісіп кеттіңіз бе? Сабақтан қол үзіп қалмадыңыз ба?

– «Форматта» маған дейін басқа солист қыз болған екен. Ұжымға тез үйренісіп кеттім. Топтағы музыканттардың бәрі менен үлкен болғандықтан, қателік жасасам, түсіністікпен қарайды. Олардың барлығы – өз ісінің нағыз шеберлері.

Ал, сабақ мәселесінде ешқашан қиындық көрмедім. Мұны айтсам, ұят шығар, дегенмен, оқуға түсерде мұғалімдер маған таласқан екен (күлді). «Шабыттан» бас жүлде алғанымда ҚР Халық әртісі Лаки Кесоглу мені Алматыға оқуға шақырды. Ал, Гүлдана Базылханова деген ұстазымыз Астанаға шақырды. Университетте мұғалімдердің сүйіктісі болдым. Арнайы сабақтарымды бірде-бір ескерту айтқызбай, дер уақытында тапсыратынмын. Мектептегі ұстаздарым да, университет қабырғасында сабақ берген оқытушыларым да маған үлкен сенім артатын. Олар маған «өзің үйрен, өзің қателес» деп еркіндік берді. Жалпы, кішкентай кезімнен әртүрлі республикалық және халықаралық байқауларға көп қатыстым. Роза Рымбаеваның, Уитни Хьюстонның техникалық шеберлікті көрсететін кең диапазонды әндерін орындағанды ұнатамын. Бірақ, кейін жұмыс барысында сан түрлі бағыттағы әндерді айта бастадым. Оның ішінде халықтың көңілін көтеретін ойнақы әндер де бар. Себебі, біздің елде нан тапқың келсе, әдемі көйлек кигің келсе, көлік мінгің келсе, тек концертке қатысу аздық ететінін, ара-тұра тойға шығуың керек екенін кейінірек түсіндім...

«Youtube» арнасында сізге қатысты «Гүлсімнің даусы ураган», «мынадай сапалы орындаудан денем түршігіп кетті» деген пікірлерді оқыдым. Өз өнеріңізді қалай бағалайсыз?

– Өзім туралы айтқаным біртүрлі емес пе?

Ендеше, сұрағымды жоғарыдағы пікірлерді қалай қабылдайсыз деп өзгертейін.

– Халық менің өнерімді осылай бағалап жатса, ол төгілген тердің жемісі деп білемін. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмаймын. Бұл – бастамасы ғана. Мұндай жылы пікірлер менің ары қарай талмай еңбектенуіме серпін береді. Мен өнерге бір күнде келген жоқпын. Аяқ астынан басыма бақ қонып, сахнаға бір сәтте атып шыққан әнші емеспін. Өзімді басқа мамандық иесі ретінде елестете алмаймын. Өмірге өнер үшін келген сияқтымын.

Өзіңізге қатысты қандай сын айтылады?

– Мені көп адамдар сыртымнан өркөкірек деп айтады екен. Бірақ, мен ондай емеспін. Мінезді қыз екенімді жасырмаймын. Бізде өкінішке қарай, «сен жассың, бәрінің бетіне қарап күлуің қажет. Кімді көрсең де, ағалап-апалауың керек» деген стереотип қалыптасып қалған. Мұндай нәрсе менің табиғатыма жат. Өтірік күле алмаймын. Өзімнің талантыммен, еңбегіммен адал күн көрсем, сахнаны, көрерменді сыйласам, одан артық нәрсе қажет емес.

Өтірік айтқанды, бұрмалап сөйлегенді жек көремін. Ештеңе тындырмаса да, өздерін айғайлап жарнамалайтын жандарды жақтырмаймын. Қолынан іс келетін нағыз генийлер олай кеудесін соқпайды деп ойлаймын. Мысалы, композитор Ринат Гайсин – өз ісінің майталман маманы. Ол қаншалықты талантты болса, болмысы соншалықты қарапайым. Ешқашан «мен» деп кеудесін кергенін көрген емеспін.

Сахнадан тыс жерлерде оқшаулау өмір салтын ұстанғанды ұнатасыз ба?

– Менің сахнадағы өмірім халықтың назарында болуы тиіс. Сахнадан түскеннен кейін менің жеке өмірім басталады. Мысалы, мен «мына жерім ауырып тұр» деп, дәрігерді үйіне дейін іздеп бармаймын ғой. Сол сияқты, әншілік те – мамандықтың бір түрі. Тек бұл саланың адамдары халыққа көбірек танылады. Бір қызығы, эстрадада жүрген кей адамдар «біз өнер адамы болғандықтан, қиялимыз» деп ерекшеленгенді жақсы көреді. Мен сізге айтайын, қазіргі заманда екінің бірі – қияли. Өзіне жасанды образ жасап алып жүретіндерге күлкім келеді.

Осындай пікірлеріңізбен әріптестеріңізді ренжітіп алмадыңыз ба?

– Бетке айтамын деп, өкпелетіп алған кездерім болды. Жаспын ғой, әлі көп нәрсені білмеймін. Екіншіден, мен әлі ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен жоқпын. Кей жерлерде үндемей қалғаның өзіңе өте пайдалы. Бірақ, айналамда біреу өтірік айтып, шектен шыға бастаса, үндемей қала алмаймын. Осы қасиетім үшін өзіме кейде ұрсамын.

Cіздер («Формат» тобы) жанды дауыспен ән шырқайсыздар. Өкінішке қарай, бұл өнердегі қалыпты құбылыс болғанымен, әзірше қазақстандық тыңдармандар үшін таңсықтау нәрсе болып отыр. Жанды дауыс мәселесіне қатысты не айтасыз? Бұл әбден жауыр болған тақырып екенін білемін. Дегенмен де...

– Жалпы, дамыған елдерде жанды дауыспен ән айту таңсық емес. Ол солай болуы тиіс. Кейбір түсірілімдерде техникалық ақауларға байланысты бізге де фонограмманы қосуға тура келеді. Сондай сәтте мен алдымда отырған көрерменге тура қарауға ұяламын. Өйткені, мен оны алдап тұрмын. Тыңдарман фонограммамен өткен концерттен ләззат алып, демалып шықпайды. Мен сахнаны қатты жақсы көремін. Ол бізді өсіреді де, өшіреді де. Сондай киелі жерде тұрып, халықты алдау үшін адамның беті қалың болуы керек шығар деп ойлаймын. Дегенмен, кейінгі уақытта көптеген ән кештерінде жанды дауысқа басымдық беріліп жүргені мені қуантады.

Біздегі тыңдармандардың (публика) эмоцияға сараңдығы, сахнаны төңкеріп, шоу жасап жатсаң да, бүлк етпей отыра беретіні сізді жабырқатпай ма?

– Топқа алғаш келген уақытта бір тойға барған едік. Сонда Қайрат ағай маған «сен әнді бастағанда саған ең болмаса, бір адам қараса, ол – сенің жетістігің. Өйткені, ол тамақтан басын жұлып алып, саған қарады» деген болатын. Сондықтан, сахнаға шыққан кезде көзіммен мені ынта-шынтасымен беріліп тыңдап отырған адамды іздеймін. Бұйырса, алдағы уақытта халық шулап, билеп, бізге айрықша қошемет көрсететін күнге де жетеміз деп сенемін. Әзірше мемлекетіміз жас болғандықтан, әлі ондай дәрежеге жетпеген шығармыз.

«Формат» тобының стилі ерекше. Оны кім ойластырады?

– Біздің Лидия Андреа деген стилисіміз бар. Лидия – өте талантты дизайнер. Ол Ташкентте тұрады. Біздің барлық образдарымызды өзі таңдайды, бет-аузымызды бояп, шашымызды сәндейді.

Биыл мамыр айында Астанада «Форматтың» онжылдық есеп беру кеші өтті. Концерт қандай қызықтарымен есте қалды?

– Концерт ойдағыдай өтті. Wi-fi жүйесі істемей қалғандықтан, бір ән біткен соң, менің құлағымдағы мониторым істемей қалды. «Шешінген судан тайынбас» деп соңына дейін мониторсыз ән айтып шықтым.

Жақында қазақшаға аударылған «Моана» мультфильмінің қазақша саундтрегін орындадыңыз.

– Иә, бұл мен үшін қызық тәжірибе болды. Мультфильмнің саундтрегін R&B стилінде орындадым. Бірақ, оны актриса мультфильмде баяу ырғақпен шырқайды.

Киноға түсуге қалай қарайсыз?

– Мен актриса емеспін, киноға түскім келмейді. Бір-екі ұсыныс болған еді, бас тарттым. Өйткені, жаным қаламаған нәрсені істегім келмейді.

Қандай аспаптарда ойнайсыз?

– Фортепианода аздап ойнай аламын. Жанды дауыспен өнер көрсететін топта істегендіктен, аспаптарды жақсы естимін. Мұндай топта жұмыс істеу өте пайдалы, құлағың ашылады. Өкінішке қарай, аспаптарды естімейтін, музыкалық үйлесімділікті сезіне білмейтін әншілер де бар. Ол үшін тек оқу ғана емес, практика да қажет. Ең қызығы, ел арасынан табиғи есту қабілеті күшті дамыған, өте «музыкальный» адамдарды жиі кездестірем. Олар сахнада жүрмесе де, тамаша «слухымен» кәсіби мамандардың өзін екі орап алады.

Ғаламторда сіз туралы «бұл қыз әнді ғажап айтады, неге жеке кетпейді?» деген пікірлер де айтылыпты.

– Бәрі өз уақытында болғаны дұрыс. Уақыты келгенде, мен де жеке кетермін. Әзірше ондай ойым жоқ.

Үш жыл бұрын өзіңіз де ән жаза бастаған екенсіз. Сіздің әндеріңізді қашан тыңдаймыз?

– Бұйырса, жақын арада бір әнім жарыққа шығады. Сөзін Бақытжан Қасымов ағамыз жазды. Әнін досым Мұрат Қабылов екеуміз бірігіп жаздық. Шынымды айтсам, қатты қобалжып жүрмін. Себебі, бұл жолы өзімді халыққа әнді орындаушы ғана емес, композитор ретінде таныстырмақпын. Жалпы, бұл ән менің жанайқайым десе де болады. Сөзін жазу барысында да өзім атсалыстым. Көкейімде жүрген көп ойды дөп басып, әдемі ұйқастармен жеткізе білген Бақытжан ағама айтар алғысым көп.

Сапалы әндердің аздығы, талғамның төмендігі, жоғарыда өзіңіз айтқан арзан пиар және тағы басқа проблемалар сізді қынжылтпай ма?

– Бұл мені қынжылтсын, қынжылтпасын, мен әзірше бұл туралы пікір білдіретіндей деңгейге жеткен жоқпын. Бірінші кезекте әркім өзі үшін жауап беруі кажет. Өз басым ұялмай тыңдайтындай дүние жасауға ұмтыламын. Сахна үздіктердің орны болуы тиіс деп есептеймін. Әкем «жақсы болма, жаман болма, үздік бол» деп құлағыма құятын. Мен соған тырысып жүрмін.

Сахна сыртындағы өмір өзіңіз ойлағандай болып шықты ма?

– Жоқ. Көп дүние халық ойлағандай жарқыраған әдемі емес.

Қандай армандарыңыз бар?

– Бала күнімде Уитни Хьюстонмен бірге дуэт айтуды армандадым. Бірақ, ол кісі 2012 жылы өмірден озды. Сол кезде әке-шешем маған қоңырау шалып, кәдімгідей көңіл айтқан болатын (күлді).

Әніммен әлем сахнасын бағындырғым келеді, қазақтың өнерін мойындатқым келеді...

Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен – Роза ӘРЕН

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер