Астанада шын оқиғаларға құрылған сурет көрмесі өтіп жатыр

Көрме 27 желтоқсанға дейін жалғасады.

Астанада 9-27 желтоқсан күндері мүмкіндігі шектеулі және психикалық ауытқушылығы бар адамдардың шынайы оқиғаларына негізделген сурет көрмесі өтіп жатыр.

Болгариялық суретші Надежда Георгиева мен журналист Яна Бурер Таваниердің бірлескен жұмыстары вербалды және визуалды бейнелердің теңесуі қағидасында ұсынып отыр. «Мен шешім қабылдаймын = мен өмір сүремін» көрмесі әлемнің көптеген елдерінде көрсетілді. Алайда әр қоғамның идеяны қабылдау дайындығына және экспозициялық кеңістіктің мүмкіндіктеріне байланысты әр түрлі қырынан танылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған көрме нысандары шектеулі.

Картиналарға қосарланған түсіндірме мәтіндер Н. Георгиеваның бейнелеуіндегі туындылардың мәні мен ауқымын тереңдете түседі. Романтикалық және ашық көк түсті фонда, ала жейдедегі қаһарманның, мағына беру үшін байланған қолдары астында жазылған мәтіндік сипаттама, қарапайым адамның өзіндік ерекшелігін көрсетіп, суретке прозалық нәр беріп тұрғандай:

 «Иванға жеңіл үлпек крем мен теңіз ұнайды».  

 

Авторлардың жалқыдан жалпыға өте баяндалатын 16 визуалды-мәтіндік картинада бақытты жаңаша сипаттайтын, әлеуметтік өлімді жеңу туралы ой көрсетілген.  Бейнелер мен мәтіндердің үйлесімі, проблеманы терең түсінуде қосымша реңк береді. Мысалы, «Бақытты жаңаша сипаттау»  картинасында суретші қаһарманын жабық шыны ішінде, «балалық» стилдегі мәнерде бейнелейді. Оның бостандығы, тек өзге қаһарман шыныны балғамен ұрғанда ғана жүзеге асады. Бұл бейнеде суретші масштабын ұлғайтып көрсеткен маңызды фрагмент – шаруашылық балғасы емес, бұл – соттың балғасы. Сондықтан да сипаттау мәтінде бюрократиялық тіл қолданылған: 

«Қолдау көрсету ұйымның көмегімен Митько кіммен және қайда өмір сүретінін шешті, еңбек шарты мен тұрғын үйді жалға алу келісім-шартына қол қойды. Сонымен ол бақыттың жаңаша сипатын тапқандай».

Осылайша, контрастар мен үйлесім стильдерін, қиялдың ұшқырлығы мен көркем тәсілдерді біріктіру арқылы авторлар көрермендердің назарын қазіргі қоғамда қажетті гуманизм идеясына, әлеуметтік жауапкершілік және төзімділікке  бағыттауға тырысты.

Көрменің атауы Декарттың атақты «Cogito ergo sum», яғни «Мен ойлаймын, нәтижесінде, өмір сүремін» өрнегіне сайып келеді. Қоғамның дамуы мен жаңа гуманистік идеялар адамдар қарым-қатынасына өзіндік өзгертулер енгізді.  Көрменің мақсатын түсіну үшін өмірлік оқиғалары арқау болған көрме кейіпкерлерінің сөзіне жүгінейік: 

«Қамқорлықтың ескі жүйесі мүмкіндігі шектеулі немесе психикалық проблемалары бар адамдардың өміріне билікті өзгелердің қолына беріп қояды. Қамқоршы адамның өмірін, оның көңіл-күйі мен бостандығын, сондай-ақ мүлкі мен қаражатын бақылауда ұстайды. Қамқорлық – құқықтан айырумен тең. Бұл дегеніңіз – әлеуметтік өлім».

Қамқорлыққа алынған адамдар өз өміріне билік жүргізе алмайды. Олардың дауыстары,  тілектері мен ойлары заң алдында құнсыз. Көбін жабық мекемелерде ұстайтын болғандықтан, ол жерден шығу үшін заң аясында өз бетімен күресу мүмкін емес.

Көрме Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен Болгарияның Коммерциялық емес Құқық Орталығының (BCNL)  «Келесі қадам» бағдарламасы аясында өтіп жатыр.

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер