Астанада «Мейірімді жүрекпен» акциясы өтті

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әлеуметтік жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тегін экскурсия өтті.

ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әлеуметтік жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тегін экскурсия өтті.

«Нұр Отан» партиясының Астана қаласы бойынша филиалы мен «Цеснабанк» АҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы арбалар табыс етті.

Шара барысында қонақтарға музей залдары бойынша арнайы экскурсия жүргізілді. Келген қонақтар Ұлттық музейдегі барлық залдарды тамашалап, музей экспонаттарымен танысты. Экскурсия соңында ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, музейден алған әсерлерімен бөлісті.

Тоғжан Әбдірахманқызы, Астана қаласының тұрғыны:

«Бұл музейге бірінші рет келіп тұрмын. Осы музейге келуге мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Маған әсіресе Ежелгі және орта ғасырлар тарихы залы қатты ұнады. Осындай әлеуметтік жобаларды ұйымдастырғаны үшін Ұлттық музейге алғыс білдіремін».

Сәкен Тышқанбайұлы, Астана қаласының тұрғыны:

«Қазақ елінің өткенімен танысып, тарихи бұйымдарды көрдік. Балам Асылжан әлеуметтік көмекке мұқтаж. Сол ұлымды алып келіп, екеуміз музейді тегін тамашалап шықтық. Біз үшін бұндай жерлерге ақша шығарып келу қиындау. Сондықтан да осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді».

«Мейірімді жүрекпен» акциясының мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға еліміздің тарихы мен мәдениетін көріп тамашалауға жағдай жасау. Ұлттық музей осыған дейін ұстаздар мерекесі қарсаңында астаналық ұстаздарды және ардагерлерді арнайы ақысыз экскурсияға шақырған болатын. 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер