Генерал-майор Владимир Назаренко

29.09.2017

Өмірбаян беттерінен

1951 жылы 2 қаңтарда Павлодар облысында дүниеге келген. 1972 жылы Омск танк-техникалық әскери училищесін, 1979 жылы Киев танк училищесінің инженерлік факультетін тәмамдаған. Әскери қызметін Прибалтика, Орта Азия әскери округтерінде, Германиядағы Кеңес әскерлері тобында атқарып, құрама командирінің орынбасарына дейінгі қызметтердің барлығынан өткен. ҚР ҚМ Қару-жарақ басқармасы бастығының орынбасары, Армиялық корпус командирінің, Жалпы мақсаттағы күштер бас қолбасшысының, Оңтүстік әскери округі әскерлері қолбасшысының, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 3 баланың әкесі.

***

Есімін адамзат тарихына алтын әріптермен жаздырған ұлы қолбасшы Юлий Цезарь қарамағындағы үздік жауынгерлердің түгелін жеке білген дейді. Түр-түсі, аты-жөнін жатқа білген дейді. Шынымды айтайын, сенбеймін. Не әскерінің саны бір батальоннан аспаған немесе таңның атысы, күннің батысы сарбаздарымен әңгіме дүкен құрып жүргендей. Мыңдаған жауынгері оны білген десе ақылға қонымды. Жалпы, кез-келген сарбаз өзінің тікелей командирлерін тануы керек. Фотосуретінен болса да. Талап солай. Кез келген әскери бөлімнің демалыс бөлмесінде басшылық құрамға қатысты фотосуреті қоса ілінген толық ақпарат тұрады. Еріккеннен, немесе әдемілік үшін емес. Бұл ақпаратты тақтаға қатты мән беріледі. Тагайындау туралы бұйрық таңертең шықса, түскі үзілістен кейін сол өзгеріс тақтада орын алуы керек. Бұл қажеттілік. Бастығыңды танымай жатсаң, масқараның көкесі сонда болады. Сондай ұятты жағдайға тап болған сәтім генерал Назаренкоға қатысты орын алған еді.

Алматыдағы редакциямыздың ғимараты екі қабатты болды. Бірінші қабатта Қорғаныс министрлігінің тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының әкімшілігі орналасқан еді. Редакцияға келген әскерилердің дерлік түгелі көршілерге бас сұғып шығатын. Оларға көбіне генералдар келетін. Лампасты киім тіккізу мәселесі бойынша. Мекеме басшысы Ольга Ивановнамен сәлеміміз түзу болатын. Екі суретшіге қосылып алып, түскі үзілісте «преф» соғамыз.

Генерал кіріп келді. Әскери формада отырған мен ғана болғандықтан шығар, маған қарап сөйледі: «Қазір үзіліс екен, асығыспын. Түс қайта мынаны бастығыңа бер. Мен берді де», - деп қолыма конверт ұсынды да, шығып кетті. «Құп болады», - деп қала бердім. Шыны керек, генералды танымадым. «Азартты» ойын үстінде «қолға түскендіктен» есім шығып қалғаны тағы бар. Жігіттер «мизерге» алаңдап отырып, басқа кісінің есімін айтты. Түскі үзілістен кейін бір парақ қағазды жауапты редактордың алдына тастап, «үлкен түсініспеушілік дауды» бастадым. Кімнен, кімге, неге, не үшін деген сұрақтарға мардымды жауап бере алмадым. Өз бастығымның алдында сөз естуім аракідік болып тұратындықтан, қатты қысылғаным жоқ. Ольга Ивановнаның алдында генералды танымағаным үшін жерге кіріп кете жаздадым. Бұл оқиға генералдың құлағына жетсе керек, арада біраз уақыт өткенде Владимир Петровичпен кездескенде: «Бұл менмін, аты-жөнім осындай», - деп әзілмен өзін таныстырып жатты.

Мүмкін тарихшылар рас айтады. Юлий Гайдың құдыреттілігі де сол қасиетімен айшықталатын болар. Әйтпесе бәріміз Цезарь болып кетпейміз бе?