Генерал-майор Василий Рысбаев

01.10.2017

Өмірбаян беттерінен

1959 жылы 31 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Кеңес әскері сапында мерзімді қызметін өтеген. 1983 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1996 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Киыр Шығыс әскери округінің кіші мамандар даярлайтын оқу-жаттығу орталығында взвод командирінен бастап бірқатар қызметтерде болған. Тәртіп баталъонының штаб бастығы қызметін атқарған. Кіші мамандар даярлайтын оқу орталығының бастығы болды. Құрама командирі, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, «Астана» өңірлік қолбасшылықта штаб бастығы міндетін атқарды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 1 баланың әкесі.

***

Журналистика факультетінің студенттеріне көп нәрсе үйретеді. Этикадан бастап, екі сөзден бір әдемі, түсінікті сөйлем құрауға дейін. Ең бастысы материалды секретариатқа уақтылы тапсыруға үйретеді. «Нөмірден қалдым дегенше, өмірден қалдым» деген ұранның жетегінде болу керек. Қазір білмеймін, бізді солай оқытты. Басқаша оқытуы да мүмкін. Қазақстанда журналист мамандығын дайындайтын 26 жоғары оқу орны бар екен. Біздің кезімізде біреу ғана еді. Әскери орта бұл принциптерді қайрап, жетілдіре түспесе, кері бастырған жоқ. Әскер тәртіпке тәуелді, демек, сапта тұрған «танкист» те, «экономист» те, «журналист» те тапсырманы бұлжытпай уақтылы орындауы шарт. Шамамыз жеткенше тырысып бақтық.

Алматының іргесінде бірнеше әскери полигондар бар. Соның бірінде, жыл сайын Қазақстан-Британия әскерлерінің қатысуымен «Дала қыраны» атты бірлескен жаттығу ойындары өтеді. Салтанатты ашылу рәсімінен репортаж беруіміз керек. Халықаралық деген мәртебесі болғандықтан өте жауапты шара. «Рәсімге Қазақстандағы Англияның елшісі және Алматыға арнайы ұшып келген мәртебелі Королеваның немересі принц қатысады, бір сағат бұрын сол жерде болыңдар», - деген бастықтардың нұсқауы бар. Фототілші екеуімізге бөлінген көлік қаладан шықпай тұрып сынды. «Принц қайдасың», - деп полигонды беттедік, «авто-стоппен». Қанша асыққанымызбен, кешігетін түріміз бар. Бірталай жерді жаяу жүрдік. Такси ұстайық десек, жүріп жатқан жеңіл көліктер тіпті аз. Оның үстіне полигон аумағына оларды кіргізбейді. Шара өтетін жерге бір жарым шақырым қалды. Уақыт тіпті қалмады. Келген жеріміз осы шығар деп ойлағаным сол еді, әлгінде ғана басып озған «УАЗик» айналып келіп тұра қалды. Құтқарушымыз – генерал Рысбаев екен. Таяуда ғана Аэроұтқыр әскерлеріне ауысып келген екен. Алғашында танымай қалғанын айтып жатыр. Біз сағатқа қарап, есіміз шығып барады. Үлгердік. Суретімізді түсіріп, репортажымызды уақтылы жібердік. Генералдың арқасында принцтің алдында ұятқа қалмадық, бастықтарымыздың алдында абыройға бөлендік. Оперативті жұмыс жасағанымыз үшін. Күннің ыстығынан емес, кәсіби міндетіміздің орындалуы қыл үстінде тұрғандықтан, қысылып терлегенімізді ешкім білмеді. Василий Несіпқазыұлы: «Бір жаққа жете алмай кешігіп жатсаңдар, хабарласыңдар, танкімен жеткізіп саламын», - деп әзілдеп жатты.

Ең қызығы, содан жарты жыл бұрын Аякөз гарнизонында сол біздің жұбымызды, тағы бір кешіккен жерімізге генерал жеткізіп тастаған болатын. Әрине масштабы әртүрлі. Ол – провинция, ал мынау – ханзада.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материал автордың рұқсатымен жарияланды