Генерал-майор Шамиль Хакимов

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өмірбаян беттерінен

1957 жылы Челябинск қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Алматы қаласында автопаркте көлік жөндеуші болып бастаған. 1981 жылы Алматы политехникалық институтын, 1986 жылы экстерн жүйесі бойынша Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1993 жылы сырттай Тыл және транспорт әскери академиясын тәмамдаған. Әскер сапына запастан шақырылып, взвод командирі қызметінен бастаған. Орта Азия әскери округінде әскери автоинспекция бағыты бойынша барлық жауапты қызметтерден өткен. ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының алғашқы бастығы. ІІ дәрежелі «Айбын» ордені және бірқатар медальдармен марапатталған. 1 баланың әкесі.

***

Сарбаз да, сардар да адам баласы. Олар да тәртіп бұзады. Бірақ әскери тәртіп бұзушылықты азаматтық қоғамдағы тәртіп бұзушылықпен әсте салыстыруға болмайды. Жүріп келе жатып темекі тарту немесе шемішке шағу тәртіп бұзуға жатады. Дәлірек айтсақ – Жарғы талаптарын бұзу. Оны айтасыз, бас киімсіз немесе ашық түсті шұлық кию де заңсыз деп табылады. Міне, осындай ерекшеліктері бар. Әскери адам осынысымен-ақ құрметтеуге лайық. Совет армиясында да дәл осындай талаптар болған. Бірақ ол тұста бұндай кеселмен әскери комендатура күрескен. Атап айтқанда, гарнизонда шоғырланған бөлімдерден кезек-кезек патруль тағайындалып, «уақытша» тәртіп сақшылары атанады. Мерзімді қызметтің сарбазынан қандай саналы тәртіп сақшысы шықсын. Бүгін Ереванның көшелерінде патруль болып жүріп, ертеңінде сол патрульдың көмегімен гарнизондық гауптвахтада жатқаным аз болған жоқ. Сондықтан, шарттылыққа көп жол берілетін. Қазақстан әскеріндегі жағдай мүлдем басқаша. Себебі, бізде бұл маңызды бағытқа тікелей жауап беретін арнайы құрылым бар. Ол – Қарулы Күштердің Әскери полициясы. Көшеде полиэтилен пакет ұстап бара жатқан әскериге ескерту жасаумен қатар, әскери көлік транспортын қадағалау, тіпті қылмыстық істерді тергеу шаралары да осы құрылымының міндетінде. Осындай салмақты да қауқарлы органды құруға атсалысқан және алғашқы басшысы болған – генерал Хакимов.

Генерал газетті сыйлады, біз де оны құрметтедік. Бірақ, ара қатынасымыз қиындау болды. Бәріне кінәлі – құжатында туған жылы 1976 деп көрсетілген «УАЗ» көлігі. Құрдастары әлдеқашан Мартен пешіне жөнелтілгенде біздің 35-00 НЧ нөмірлі сәйгүлік журналистерді тасып, әскерге адал қызмет етіп жүрді. Кейде сынып қалады, кейде құжаттар дұрыс емес, қайсыбір тұста жүргізуші-солдатымыз «еркелеп» қалады дегендей, ВАИ-ға «қонаққа» жиі баратынбыз. Бір сөзбен айтқанда, ренжісіп қалған көршілердей күйде болатынбыз. Көрген жерде сәлемдесеміз, бірақ, іштей кездеспесек екен дейміз. Әділін айту керек, генерал қаншалықты қатты талап қойса да, редакцияға шамалы болса да жеңілдікпен қарағандай болды. Басқаша болғанда, жасы жеткен көлігіміз 8 жыл бойында үзіліссіз жүгірмес еді.

Әскери полиция құрылғанда Алматы гарнизоны отряды базасында тұсаукесер шара жасады. Өкілдерінің «полицай» атануы, формаларының қара түске бейімделуі көңілімнен шықпады. «Мынау жазалаушы отрядқа ұқсап кетті ғой, қорқыныш тудырмай ма?», - дегеніме Шамиль Рафакович баппен: «Қажет болса тудырады, қажет болса жазалайды. Бірақ, әскеріміз ондай дәрежеге жеткізбейді деп сенемін», - деген еді.

Материал автордың рұқсатымен жарияланды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Комменттер

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер