Генерал-майор Серікжан Байтеміров

29.09.2017

Өмірбаян беттерінен

1954-ші жылы 6 шілдеде дүниеге келген. 1976 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1977 жылдан Қарулы Күштер сапында. Орта Азия әскери округі құрылыс басқармасына қарасты әскери бөлімдерде қызмет еткен. Өндірістік-техникалық бөлім бастығы, бас инженер, басқарма бастығы, өндірістік бөлім бастығы міндеттерін атқарған. Қазақстан әскерінің қатарында құрылыс басқармасы бастығы, Қорғаныс министрлігі құрылыс және әскери нысандарды жайғастыру Бас басқармасының лауазымын атқарды. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

***

Совет заманында айтылған сақалды анекдот. Америка әскери жоғары оқу орындарының бірі. Тыңдаушыларға «қауіп төндіріп тұрған» қарсылас мемлекет ретінде Совет Армиясы жайында лекция оқып жатыр. .Лектор: Кеңес әскері өте күшті. ВДВ дегені бар, бір сарбазы біздің екеуге тұрады. Морпех дегені бар, біреуі біздің үш сарбазымызға татиды. Стройбат дегені бар, оларға тіпті қару да бермейтінге ұқсайды, шамаларын өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

Әзіл болса да астарында терең мән бар. Шынында да, Құрылыс әскерлері деген әскер түрі болды. Трактор бейнесінде эмблемасы да болған. Әскер түрі негізінен басқа әскер түріне жарамсыз деп табылған «қалдық» әскерге шақырылушылармен жасақталатын. Денсаулығының шамалы кемістігі бар, мүлдем білімі төмен, мүлдем орыс тілін білмейтін, тіпті қылмыс жасап, шартты «срок» алғандар да әскер түрінің сапында болды. Соған қарамастан аталмыш әскердің өзіндік дәстүрі, мол тарихы болды. Ең бастысы, бұл әскер түрінде қызмет еткен сарбаздар, «дембельге» таяғанда 2 жылдық қызметіне жалақы алатын. Әскерден емес, вахталық жұмыстан қайтқан тәрізді еді.

КСРО-дағы барлық әскери нысандарда (тұрғын үйлер, қазармалар, әскери полигондар т.б.) әскери құрылысшылардың қолтаңбасы қалды десем өтірік болмас. Мыңдаған шақырымды құрап, ғасыр құрылысы атанған БАМ-ды (Байкал-Амур магистралі) айтсақ та жеткілікті болар. Генерал Байтеміров осы бір аты аңызға айналған әскер түрінің өкілі болды.

Жасыратыны жоқ, төл әскеріміз құрылған тұста «обьективті» себептермен орын алған проблемалардың белгілі бір бөлігі – әскери нысандар болды. Олардың саны, жай-күйі, даму перспективасы тұрғысында жауаптан гөрі сұрақтар көп болды. Әсіресе, шалғайда немесе жеке шоғырланған гарнизондардың жағдайы қиын еді. Әскери Алқа жиындары күнтәртібіне жш шығатын. Әрине, бүгіндері де аталған құрылымның алдында маңызды, кешенді шаралар бар екені даусыз. Бірақ сол тұста әскери құрылысшылар сенімнен шығып, міндеттерін толықтай орындай алды деп бағалауға болатын тәрізді.

Тәуелсіздік алған тұста кадр тапшылығы болғанын білеміз. Көмекке запастағы офицерлер келді. Солардың бір бөлігі әскер сапында қалды. Серікжан Мағмұрұлының офицерлік жолы үлгі болғандай еді. «Генерал да бір жылдары запастан шақырылған болатын. Адал қызметі мен ерен еңбекқорлығы арқасында генерал дәрежесіне көтерілді. Неге сол кісінің жолын қайталамасқа?» - деген сенім, үміт отын жақты талайларға.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материал автордың рұқсатымен жарияланды