Генерал-майор Сәбит Тауланов  

29.09.2017

Өмірбаян беттерінен

1947 жылы 29 тамызда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1969 жылы экстерн жүйесі бойынша Ташкент жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1978 жылы Термез педагогикалық институтын, 1985 жылы Ленин атындағы Әскери-саяси академияны бітірген. Педагогика ғылымдарының докторы. Түркістан және Ленинград әскери округтерінде қызмет еткен. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеген. Полк командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары, құрамаынң саяси бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училище бастығының орынбасары болған. Мемлекеттік қорғаныс комитетінде, соңынан Қорғаныс министрлігінде кадрлар басқармасының бастығы болған.  ІІІ дәрежелі «За службу Родине ВС СССР» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Жасыратыны жоқ, Кеңес дәуірінде арнайы әскери білім алып, Одақтың әр бұрышында қызмет етіп, белгілі бір биікке көтерілген қандастарымыздың арасында ана тілімізде жетік сөйлей алатындар өте аз. Кінә тағудан аулақпын, заман солай болған шығар. Десе де, тілімізді ұмытпай, өте таза сөйлей алатын офицерлер болды. Оларға ерекше құрметпен қараймын. Генерал Тауланов осы тізімде алғашқылардың қатарында. Ойын орысша да, қазақша да өте сауатты жеткізе біледі. Шет тілдерді де жақсы меңгерген десе таң болмаймын.

2007 жылы әскерімізде бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алды. Министр лауазымына азаматтық тұлға тағайындалды. Қарулы Күштердің қыр-сырымен жақынырақ танысу мақсатымен бе, жоқ елде, аға буын әскерилерге көрсетілген құрмет пе, бірақ, Даниял Ахметов Қорғаныс ведомствосындағы алғашқы ірі жиындарының бірін Қарулы Күштер ардагерлерімен кездесуге арнады. Басым көпшілігін генералдар құраған 30-ға тарта адам келді. Қорғаныс министрлігі бас әкімшілік ғимаратының ең жоғарғы нүктесі түйіскен – күмбезді залда өткен бұл шара ерекше ахуалда өрбіді. Сөз алған ардагерлер негізінен әскерде жылдар бойы қордаланып қалған және уақыт талабынан туындап отырған тың проблемаларды сөз етті. Негізгі деген позицияларды жеткізген 2-3 генерал ғана болды. Солардың бірі – Сәбит Сәуменұлы еді. Күш-қуаты бойында, тәжірибесі мол генералдардың әскерге қажетсіз болып зейнеткерлікке кеткенін, ал төл әскеріміз үшін олардың әлі де бере пайдасы ұшан-теңіз екені жайында айтқаны – нағыз сөз шешенінің монологы болды деп білемін. Осы жиыннан кейін құрметті демалыста жүрген бірнеше генерал сапқа қайта тұрып, жауапты қызметтер атқарды. Генералдың өткір, әрі дәлелді сөздері далаға кетпесе керек.

Жоғарыда айтылған оқиға генералдың кадрлармен ұзақ жыл жұмыс істеген жұмыс тәжірибесінің айғағы болса керек. Кадрлар басқармасыынң бастығы болған тұстақызметтік ауыс-түйіске қатысты маңызды мәселелерді жеке өзі қарайтын. Жауапты лауазымға тағайындалар офицердің лайықты болуына айрықша мән беретін. Бір оқиғаны баяндап берейін.

Белгілі журналист, әріптесім, әрі ағам Жүніс Омар қызмет бабымен басқа құзырлы органнан Қорғаныс министрлігіне ауысып жатыр. Генерал жеке тілдесуі керек. Испанияда Родригес, Швецияда Андерсон, Ресейде Ивановтар қаншалықты көп болса, қазақта Омаровтар соншалықты дәрежеде. Нәтижесінде кезекші офицер ағамды шатастырып, басқаның орнына кіргізіп жібереді. Генералдың сұрақатрына түсінбей аң-таң болған Жүкең журналист екенін айтқанда ғана мәселенің мәнісі анықталады. Қателіктің орын алғанына генерал кешірім сұрап, жылы шығарып салған. Бұл да болса, генералдың жоғары мәдениеттілігін көрсетсе керек.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материал автордың рұқсатымен жарияланды