Генерал-майор Сабыр Темірбеков

30.09.2017

Өмірбаян беттерінен

1946 жылы 19 желтоқсанда Семей облысында дүниеге келген. 1969 жылы Уссурийск әскери автомобиль училищесін, 1977 жылы Тыл және транспорт әскери академиясын бітірген. Германияда Кеңес әскерлерінің тобында, Орта Азия және Түркістан әскери округтерінде қызмет еткен. Взвод командирінен құрама командирінің тыл жөніндегі орынбасары қызметіне дейінгі аралықтағы қызметтердің барлығынан өткен. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тыл жөніндегіорынбасары – тыл бастығы аулазымын абыройлы атқарған. Бірнеше жыл бақылаушы құрылымдарда генерал-инспектор міндетін атқарды. Кеңес әскері және Қазақстан Республикасыынң бірқатар мемлекеттік наградаларымен марапатталған. 1 баланың әкесі.

***

Генерал темірбеков -әскери журналист ретінде Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратынан жүзбе-жүз кездесіп, сөйлескен ең алғашқы генералдарымның бірі болды. Нақтырақ айтқанда, генерал айқайға басты, мен екі тізем дірілдеп, тыңдап тұрдым. Қорқып қалғаным соншалықты, содан кейін ұзақ жылдар бойы министрдің маңайында жүретін лауазым иелерінен бойымды аулақ ұстап жүрдім. Қызыл лампасты шалбар киген адамды айналып өтетін болғанмын. Оқиға былай болған еді.

Күнкестеде 1994 жыл еді. Әдеттегідей күз айларында әскерлер жауынгерлік жылды қорытындылап, кешенді сынақтар тапсырады. Гвардейский гарнизонында шоғырланған кіші мамандарды даярлау орталығы Қорғаныс министрлігі жүйесінде жеке құрам жағынан да, құрылымы тұрғысында да, мақсат-міндет салмағы турасында да, шоқтығы биік тұрған әскери  құрылымсаналатын. Түптеп келгенде, әскерімізді құрап тұрған дивизия мәртебесі бар, бетке ұстар үш іргеліұжымның бірі еді. Осы құраманы бағалайтын Қорғаныс министрлігінің кешенді комиссиясын генерал Темірбеков бастады. Редакция тапсырмасымен мен де сол жерден табылдым. Қорытынды сынақтар өз кезегімен жалғасын тапты. Бірақ менің ойымша, «әттеген-айлар» да болды. Атап айтқанда, сарбаздар асханасында нанның орынна «сухари» берілген еді. Жалпы, тамақтану бойынша бірқатар проблемалар болды. Министрдің басқа емес, осы мәселені уысында ұстаған тыл жөніндегі орыцнбасары тексеріп жүрген гарнизондағы жағдай осылай болса, басқалардың қалай болғаны. Газетте жарық көрген мақаламда да осы сұрақтың шеті қылтиған еді.

Генералдың кабинетінде болған әңгімені қысқаша қайырсам, «қиыншылық барлық жерде бар, оны жеңе білуіміз керек, қазір өтпелі кезең. Ал сарбаздар нан жемеді деп байбалам салуға тіпті негіз жоқ. Сарбаз наубайханасы 3 күнге сынса, онымен өмір бітпейді, әскерді сынға алып, күйе жағудан жалықпайтын, сенсация қуған, мен сияқты «журналистсымақтардың» әскери газетте жүруі ойландыратын мәселе» дегенге сайды.

Жалпы, Сабыр Жақыпұлы 40 жыл сапта тұрыпты, оның 15 жылы генерал шенінде жауапты қызметтер атқарған. Еңбекқорлығына қатысты тіпті небір әңгімелер де қалыптасқан. Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясында генерал Темірбековтың қарамағында істеген офицерлер «ол кісі үшін күн-түн, қыс-жаз, алыс-жақын тәрізді түсініктер жоқ» деп бағалайды. Бұған бірдеңе алып-қосу әсте мүмкін емес.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материал автордың рұқсатымен жарияланды