Генерал-майор Нұрғажин Сармантай Қабдүшұлы

27.09.2017

1948 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келген. 1969 жылы Иркутск жоғары авиациялық-техникалық училищесін, 1979 жылы Киев жоғары авиациялық-инженерлік училищесін бітірген. Авиациалық бөлімдерде түрлі жауапты қызметтер атқарған. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын атқарған. Ангола әскеріне көмек беруге қатысқан. Егемен Қазақстан әскері сапында Әскери-әуе күштері қолбасшысының инженерлік-авиациялық қызметі және қару-жарақ жөніндегі орынбасары міндеттерін атқарған. Қорғаныс министрлігі қару-жарақ жөніндегі департамент бастығы болған. ІІІ дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған.

Әскери ортада «генерал болу – бақыт» деген ұғым қалыптасқан. Әрине, бақыт туралы түсінікті әркім өзінше пайымдайды. Ол қолға ұстап, иіскеп, тістеп бағалайтын өлшемге тәуелді емес абстрактты ұғым. Біреу «Бинго» ұтып алсам бақытты боламын дейді, біреу футболдан Қазақстан құрамасы Фарер аралдарының балықшыларына гол соқса бақыттымын дейді. Әркімнің өз биігі бар, өз құндылығы бар. Талғам туралы сөз таластырудың жөні жоқ. Десе де, өз басым философтың «дүниедегі ең бақытты жан – ертемен жұмысына қуана барып, кешкісін отбасына асыға жететін жан» деген пайымдауына жақындаумын. Әрине материалдық игіліктердің орны мен рөліне қатысты тұжырымдарды жоққа шығаруға болмайды. Десе де...

Бақытты жандардың ұйқысы түзу, көңілі тоқ, өмір сүру мәнері жайдары, өзін сыйлата тұра өзі де сыйлай білетін қарапайым болатын сияқты. Бұл ретте генерал болу бақытының салмағы басқа өлшемдермен айқындалатын болса керек. Ресей астанасында оқыған офицерлер, Москваның қоғамдық көлігінде генералдардың өріп жүретінін айтады. Әлбетте, метро қоғамдық көлікке жатса. Жоқ, жүрсін, оған ешкімнің қарсылығы жоқ, бірақ, әскери форманы да құрметтеу керек деп білемін. Сондықтан, генерал болу бақыты да салыстырмалы түрде ғана.

Генерал Нұрғажинмен Алматыда бір аулада тұрдым. Қызметтік «УАЗигі» ертемен қызметке алып кеткені мен кешкісін қызметтен алып келгені демесем, генерал өте қарапайым болып көрінетін. ВВС штабында қызмет ететін көршілерін де ала кетуді ұмытпайтын. Жолымыз бен баратын жеріміз бір болса да, ондай көрініс орын алмапты. «Асығып барамын, ала кетіңіз» деп өтініш жасаған кісінің көңілін қалдырмайтынына сенемін. Ешқандай «нан пісірер» кеудесі жоқ, паңдығы байқалмайды. Әңгімесі де тартымды, жоғары материядан бөлек, түсінікті. Бір сөзбен айтқанда өте мейірімді. Демалыс күндері «Тастақ» базарынан тұрмыста қажет керек-жарағын көтеріп келе жатқанын көзім шалатын. Бір жолы тұсқағаздар рулонын көтерісіп, көмектескенім де бар. Шамасы, «конкретный ремонт» жасап жатты. Сол қағаздарды генералдың өзі жапсырды десе, таң қалмаймын. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін нағыз бақытты жан.

Сармантай Қабдүшұлымен бірге қызмет еткен офицерлерден генералдың жоғары білікті маман, жанашыр командир, өте мейірімді жан екені жайында көп естідім. Бұл тізімді ұзағынан жалғастыра келе, бақытты генерал дегенді қосар едім.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады