Генерал-майор Абай Тасболатов

30.09.2017

Өмірбаян беттерінен

1951 жылы 21 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1983 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, 2000 жылы РФ ҚК Бас штабы әскери академиясы жанындағы курстарды бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор. Ресей Федерациясы әскери ғылымдар академиясының мүше-кореспонденті. АВОКУ қабырғасында курсанттар взводының командирінен бастап, оқу орнының бастығына дейінгі бірталай қызметтерді атқарған. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, Республикалық Ұлан қолбасшысы лауазымдарын абыроймен атқарды. «Қазақстан әскерінің тарихы» кітабының авторы. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Генералдың спортқа әуестігі таңдандырады. Риза ететіні, спорт түрін талғамайды. Қарамағындағыларды конькиге тұрғызады, шаңғымен жүгіртеді, доп қуалатады, волейбол ойнатады... Бастысы, барлық жерде де өзі бастап жүреді. Алғашқы таныстықтан кейін алған әсерім де осы тегістікте қалыптасқан еді. Алғашқы жылдары еліміздің мақтанышы – АОКВУ-ге қызмет бабымен жиі баратынбыз. Кең кабинетіне арқасы бар екі орындықты қарама қарсы шалқайта қойып «угол» жасап тұра қалғанда, шыны керек, 30-ға толмаған біздер ұялғанымыздан жерге кіріп кете жаздаған едік. Генералдың жастармен спорттық азартқа беріліп жарысқан сәттерін жиі көрдім. Үнемі ұтып шығатын. Бір жолы шаңғымен жүгіруден қызығушылық танытқан журналистермен жүгіріп, шаң қаптырып кеткені де бар. Басшысы сондай қайратты болса, курсанттары спортзалда «матты» жамылып, зілтемірді жастанып ұйықтайтын болар деген оймен қайтатынбыз.

Генерал спортпен қатар, өнерден де құралақан емес. Ән айтып, би билеп, ортасының сәні болып жүретіні өзінше, «өлең жазатын ақындық қабілеті де бар шығар, - деп топшылаймын. Шабыттанып кететін тұстарын көп көрдім. Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарып жүрген тұс. 8-наурыз мерекесіне орай шуақты шара өтіп жатыр. Абай Бөлекбайұлы құттықтау сөзін айтып болғаннан кейін, әншілердің бірінен домбыра сұрап алып, сол сахнадан Құрманғазының күйін төккені бар. Көрермендердің сұрауы бойынша ән де айтып берген еді. Жиналған жұртышылық, әсіресе әйелдер қауымы бұл тосын сыйға разы болғандары соншалықты, ұзаққа дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді.

Ұмытпасам, 2000 жылды қарсы алып жатырмыз. Қорғаныс министрлігі әскери мектепте оқитын жетім балаларға қамқорлық көрсетііп, әр генерал өз отбасына 1-2 баладан алып, қонақ қылсын деген игі тың бастама көтерілді. Генералдың үйіне қонаққа келген бала ұмытылмас әсер алды деп білемін. Тәтті-дәмдінің астында қалғаны өзінше, рухани байығаны баланың көзінен көрініп тұрды. Естелік суретке түсірген ағам, әрі әріптесім полковник Қайыр Дінбаянов екеуіміз таң қалдық. Үй иесі жастық шағынан сыр шертер фотоальбомын көрсетіп, кезінде курсант, бүгіндері генерал болған достарына қатысты суреттерді көрсеткенде, қонақ баланың таңданыстан аузы ашылып қалған. Кім білсін, сл бала әскери жолды жалғастырып, бүгіндері әскери адам болып жүрсе, сол бір қонақжай үйден алған әсерін күні бүгінге дейін ұмытпаған болар. Әскери адам дегеннен шығады, әскеріміз сапындағы офицерлердің бір бөлігі генералдың тәрбиесін көрген шәкірттері, АВОКУ-дің түлектері екенін ұмытпайық.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материал автордың рұқсатымен жарияланды