Генерал-лейтенант Анатолий Рябцев

29.09.2017

Өмірбаян беттерінен

1941 жылы 12 маусымда Ресейдің Ростов облысында дүниеге келген. 1965 жылы Ульяновск танк әскерлері училищесін, 1975 жылы Бронетанк әскерлерінің әскери академиясын тәмамдаған. Әскеи қызметін Сібір, Закавказье, Орта Азия, Түркістан әскери округтерінде, Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобында атқарған. Взвод командирінен танк құрамасының командиріне дейінгі қызметтердің барлығынан өткен. 40-армияның қолбасшысы болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. І және ІІ дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Әскери парадтың әскер өмірінде алар орны ерекше. Әрбір жанға, әсіресе, жауынгерге рух беретін бұл салтанатты шараның өткізілу тәртібі де бар. Парадты кім басқаратыны, кімнің қабылдайтыны, қандай әсірлер берілетіні үтір, нүктесіне дейін Жарғыда айтылған. Әскерлердің салтанатты шеруі тек мәртебеңді өсіріп, рухыңды асқақтататын шара емес, ол сонымен қатар тарих беттері. 1941 жылы қарашада өткен парадты хроника кадрларынан көрмеген жан кемде кем шығар. Қызыл алаңнан сап түзеп шыққан батыр аталарымыз майдан шебінен шығып, бірден бір ұрысқа араласқан, фашистерді жоюға. Содан бар болғаны 2 жыл 2 ай бұрын сол аталарымыз сол фашистермен басқа парадта тізе қосып бір сапта жүріп өткен. 1939 жылы қыркүйекте Брест гарнизонында (Батыр қамал Брест) достастық парадын өткізген. Совет идеологиясы бұндай фактілерді ұмыттыруға тырысқан. Тіпті, «ыңғайсыз» сұрақ қоюға тыйым салған. Тарих деген алып күш осы.

1945 жылы маусымда Москвада өткен Ұлы Жеңіс парадына да қатысты сұрақтарым жетіп артылады. Жуков қабылдады, Рокоссовский парадты басқарды. Жоғары Бас қолбасшы Сталин көрермен болды. Жарғы талаптарына сай емес. Рокоссовский тәрізді оннан астам майдан қолбасшылары сапта тұрды. Әрқайсысы парадты басқаруға лайықты еді. Бұған қатысты ресми түсініктеме жоқ. Сталин атқа отыра алмаған соң, жолын нағыз батр-кавалеристерге берді деген жорамал ғана бар. Мүмкін... Бұл мәселені тарихшы-ғалымдарға қалдырайық, біреудің бақшасына түскендей болармыз. Айтпағым, парадтың тарихтағы орны еді.

Тәуелсіз еліміздің тарихи тұңғыш әскери парады 1993 жылы, төл әскеріміздің 1 жылдық мерейтойы құрметіне, өткізілді. Парадты генерал Рябцев басқарды. Басқасын айтпағанда, осы фактімен-ақ тарихта қалуға лайық. Қайталап айтамын, республика деңгейінде өткізілген тұңғыш әскерлер парады.

Газет фототілшісінің кабинеті нағыз тарихтың қазынасы. Кез келген келуші тарихқа шағын саяхат жасай алатын орын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ, барлық фотосурет компьютердің миында сақталады. Ол жылдары – «проявитель, закрепитель, сульфат-фосфат, химикат», айналып келгенде қарапайым қара-ала фотография. Қалағаныңды ал да көре бер. «Чайка» машинасының үстінде тұрған Анатолий Семеновичтің бейнесі көзіме жиі ұшырасатын. Тарихи сәт, тарихи тұлға. Әскеріміздің қалыптасуына Ақсақалдың жанында жүріп, мол еңбек еткен жан.

Мақала авторы - Сәндібай Күмісбеков
Материал автордың рұқсатымен жарияланды