Рахат-Би Чайковский роялінде ойнады

Жас пианист Клин қаласында концерт берді

Рахат-Би Әбдісағин Петр Чайковскийдің жеке роялінде ойнаған тұңғыш қазақ музыканты болды. «Қазақтың Моцарты» Ресей елінде концерт өткізіп, әлемдік туындыларды орындап, Клин қаласының тұрғындарын өз өнерімен тәнті етті. Талантты музыкант, дарынды композиторды Чайковский мұражайы арнайы шақырған екен. Отандасымыз атақты композитордың ескерткішіне барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Рахат-Би Әбдісағин мұражай қорына өзінің симфониялық бірқатар поретурасын тапсырды. Ал музей қызметкерлері болса Рахат-Биге ерекше музыкалық аспап дисклавир аспабын сыйлады. Оның артықшылығы – Қазақстанда отырып-ақ, интернеті бар кез келген залмен байланысқа шыға алатындығы.

Рахат-Би Әбдісағин «Жас музыканттар – әлемнің елшілері» атты халықаралық бағдарлама аясында бірінші болып концерт беріп отыр. П.Чайковский атындағы жастар байқауының бас дирижері Ю.Ткаченко қазақ музыкантын бекер шақыртпағанын жеткізді.

«Ол композитор ғана емес, осы өнерді зерттеп жатқан жас ғалым. Біз Әбдісағиннің концертін өткізіп, бүкіл қазақ өнеріне деген өз ілтипатымызды білдіріп отырмыз», – деді Юрий Ткаченко.

Рахат-Би концертін қазақ музыкасынан бастап, Ференц Листің, Фредерик Шопеннің, Петр Чайковскийдің бірқатар туындыларын ойнап, көрерменнің ыстық ықылысына бөленді. Жас дарын Чайковскийдің роялінде ойнау бақыты бұйырғанына қуанышты екенін айтты.

«Барша адамзаттың баға жетпес құндылығы саналатын музыкалық құралды ұстап, онда ойнап көру зор бақыт сыйлады. Чайковскийдің роялінде ойнау онымен тілдесумен тең. Бұл оның жан дүниесін, ойын жеткізуші. Әйгілі композитор ойнаған аспаптың өзіне тән ерекшелігі бар: рояльде нәзігірек ойнаған сайын, туынды әсерлі бола түседі», – дейді жас композитор.  

Рахат-Би – жүзден астам музыкалық шығарманың авторы, бар болғаны 13 жасында студент, 18 жасында докторант атанған. "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы қазір Италияда ғылыммен айналысуда.

Ал биыл 16 қазан күні "Астана Опера" театрында Р.Әбдісағинның "Бег времени" атты симфониялық музыка кеші өтеді. Музыкант өнер сүйер қауымды өз кешіне шақырады!

Фото: kazpravda.kz

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер