Оңтүстіктегі киелі 20 орын

21.04.2017

«Түркістанда Түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб» демекші, Оңтүстік Қазақстан облысында киелі орындар көптеп кездеседі. Оларға ниеттеніп келушілердің саны кеміген емес. Өз дертіне дауа іздеуші халық, киелі орындарға ағылып жатады. Біз сол орындардың 20-сын іріктеп алдық.

Қожа Ахметтің ұстазы болған Арыстан бабтың құрметіне Отырар жерінде тарихи кесене салынған. Бұл кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасыр аралығына жатса, XVIII ғасырда көне мазардың орнына жаңа ерекше күмбездер орнатылды. Өткен ғасырдың 70 жылдары ғимарат қиратылып, бүгінгі нұсқасы бой көтерген болатын. Халық арасында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз бар.

Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи ғимараты – XII ғасырда ғұмыр кешкен әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің бейітінің басына орнатылған. Ескерткішті ХІV ғасырда аты көпшілікке мәшһүр болған Әмір Темір салдырған. Бұл кесенемен қатар, Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғ.), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғ.), Есімхан кесенелері бар.

Домалақ ана кесенесі – Али Сыланқызы Нуриланың мазарының үстіне салынған. Қаратау бөктерінде Балабөген өзенінің бойында орналасқан. Домалақ ана Байдібек атаның кенже әйелі болған. XI-XV ғасырлары бірнеше рет жөнделіп, 1966 жылы ақ тастардан қайта қаланған.

Ибрагим ата кесенесі – Сайрамның солтүстік-шығысында орын тепкен. Ибрагим Ахмет Яссауидің әкесі. Алғашқы құрылысы XII- XIV ғасырларға жатады. Дегенмен, кесене көпке шыдамай құлап қалған, қазіргі үлгісі XIX ғасырға жатады.

Қарашаш ана кесенесінің алғашқы нұсқасы XIII ғасырға жатады. Ал қазіргі кесене XIX ғасырда бой көтерген. Қарашаш ананың шын есімі – Айша-бибі, ол Мұсаның қызы болған. Түріктер арасында кең таралған Қарашаш анаға сыйынып келушілер аз емес. Сайрам ауданында орналасқан.

Оңтүстіктегі киелі орындардың бірі – Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі. Әктасты тау жыныстары қабатындағы ойық үңгірдің ұзындығы – 120 метр, ені – 60-80 метр, биіктігі шамамен – 35 метрге жетсе, төбесі күмбезге ұқсас. Ал 60-70 жыл бұрын «Ақмешіт» үңгірінің ұзындығы – 200 метрдей болған екен. Бұл үңгірге келушілер аяғы үзілген емес.

 «Ғайып ерен, қырық шілтен» – Төлеби ауданынан Қазығұрт тауына қарай кететін жол бойындағы Әңгір ата ауылының маңында орналасқан. Бұл киелі жерге байланысты мынадай да діни жорамалдар бар: әулиеліктің жеті сатысы бар: ең жоғарғысы – құтып, одан кейін – әруақуль муқаддас, үшінші сатысы – Ғайып ерен, қырық шілтен болып саналады екен.  Қырық шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Шілтер ата әулиеде үш бұлақ бар: шұрық бастау (суы құлаққа ем), өңеш бастау (суы тыныс жолдары мен кеңірдекке ши­па) және көз бастау (суы жанарға дәру).

Үкаша ата зираты – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жырақта орналасқан. Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Мұнда адамның ниетіне қарай су берілетін құдық бар. Келушілер осы құдықтан бұйырған суын алып кетеді. Құдық тік емес, спираль тәрізді.

Ұзын ата мазары –  Шардара ауданында орын тепкен. Мазар күйдірілген шаршы пішіндес кірпіштен қаланған. Мазардың шығыс бөлігінде жоғары шығатын баспалдақ, ал батыс бөлігінде шағын бөлме бар. Кіре берісі П әрпі секілді көркемделіп, есіктің үстіңгі жағы сүйірленіп келген аркамен әшекейленген.

Гаухар ана кесенесі – оңтүстік жеріндегі көне ескерткіштердің бірі болып табылады. Өткен ғасырларда жартысы жаңбыр-суға шыдамай құлап қалған көрінеді, тәуелсіздік алған жылдары қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Бұл орынға ауруына шипа іздегендер көп келеді.

Аппақ Ишан мешіті – Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орын тепкен. Аппақ Ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы етіп тұрғызылған. Жалпы аумағы 6,7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағынан әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан.

Қазығұрт тауының етегінде Қожа Ахмет Яссауидің замандасы, сондай-ақ шәкірті болған Ақбура әулие жатыр. Шын есімі – Ақтамберді. Өз заманында ақ бураға мініп, зікір салған адам болған екен. Сол үшін халық арасында Ақбура атанып кеткен.

Созақ ауданы, Созақ ауылында Қарабура әулие кесенесі бар. Бұл ескерткіш ХІV ғасырда тұрғызылып, ХХ ғасырдың соңында толық жөндеуден өткен. Кесене ақ кірпіштен қаланған, әрқайсысы сегіз қырлы қос бөлмеден тұрады. Төбесі күмбезді болып келеді, бірінші бөлмесі 100 шаршы метр, ал екінші бөлмеде ескі кесене бар. Қарабура әулиенің зираты ескі кесенеде жатыр.

Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде. Үңгір аузының биіктігі 3-4 метр болса, ені 9 метрге жете-қабыл, тереңдігі 50 - 60 метрді құрайды. Бұл үңгір тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төменірек өзеннің сол жағасында биіктігі 10-12 метр жартаста диаметрі 15 – 18 см қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады.

Дәубаба әулие Арыс өзенінің аңғарында мерт болған. Оның денесі сол жердегі шатқалда жер қойнына тапсырылады. Өз заманында Дәубаба Үйсін мемлекетінің Күнбиі болған екен.

Көз ата әулиесі – Төле би ауданы, Ақбастау ауылында орналасқан. Келушілердің аяғы үзілген емес. Көзді емдейтін әулие кісі осы жерде қайтыс болғандықтан, жанары ауыратын жандар басына жиі келе бастаған.

Бәйдібек баба XІV ғасырда Шығыс Қаратау өлкесінде өмір сүріп, қазіргі Бәйдібек ата елді мекені жерінде дүниеден өткен. Бәйдібек ата кесенесін салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкенттен арнайы шеберлер келген. Бәйдібек ата заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, ақылшы, қолбасшы ретінде көрінетін аса ірі тарихи тұлға болған.

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі – Созақ ауданы, Құмкент ауылы маңында орналасқан. Кесене мазар үстіне күйдірілген кірпіштен қаланған. Қасбеттік композицияға құрылған бір үйлі болып келеді. Баба түкті Шашты Әзіз – мұсылмандар арасында әулие атанған.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 шақырымда орналасқан Әлқожа ата кесенесі бар. Теңіз деңгейінен 208 метр биіктікте жатыр. Аңызға сүйенсек Әлқожа ата Гаухар ананың күйеуі болған. Кесене күйген кірпіштен қаланған, ХХ ғасырдың соңында жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Балықшы әулие – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданына қарасты Суындық деген жерде орналасқан киелі орын. Балықшы әулиенің басында іші балыққа толы бұлағы бар, суы салқын, емдік қасиетке ие. Әулиеге келіп, түнеушілер ырым етіп, балықтарға жем тастайды. Балығын ұстаған адам жамандыққа тап болады делінеді.