Бейнеу-Ақтау автожолы 70 пайызға дайын

19.04.2017

Бейнеу-Ақтау автожолының құрылысы 70 пайызға аяқталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың Қарақия ауданына жұмыс сапары аясында мәлім болды.

Алдымен аймақ басшысы Бейнеу-Ақтау автокөлік жолының «Ақтау-Жетібай-Шетпе» бөлігіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.  36,335 млн. теңге көлеміндегі қаражат Азия даму банкімен бөлінді. Жобаның тапсырыс берушісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті. Жоба бойынша Ақтау-Жетібай бөлігі төрт жолақты, ортасында бөгеттері бар 1 санаттағы  жол болып табылады.Бекі, Жетібай және Шетпе елді-мекендерінен өтетін тұсын  жарықтандыру көзделген. Сонымен бірге,  Жетібай және Шетпе ауылдары маңынан айналма жол салу жоспарланған. Сондай-ақ, автокөлік жолдарына эстакадалар мен орындықтар орнатылады. Жалпы ұзындығы 170 шақырым автокөлік жолының құрылысына Маңғыстау облысының, соның ішінде Жетібай және Мұнайшы ауылдарының тұрғындары жұмысқа тартылған. Осы жылы бөлінген  36 миллиард теңгенің  7 млрд. теңгесі аталмыш жол учаскесін жөндеуге бөлінді. 

«Бүгінгі таңда асфальтбетон салу жұмыстарының 70% жасадық. 2 қабатын бітіріп жатырмыз, дүйсенбіден бастап үшінші қабатына көшеміз. Құрылыс жұмыстарына қазақстандық материалдарды пайдаланамыз. Бұрын Ресей битумын алсақ, қазір отандық  «КаспиБитум» өнімдерін алып жүрміз.  Өткен жылы  45 мың тоннаға  жуық  битум алдық, осы жылға  25-30 мың тонна аламыз деп жоспарлап отырмыз. Көпір  конструкциялары үшін темір-бетон өнімдері Ақтөбе  мен  Алматы қалаларынан жеткізіледі. Қиыршық тастар тек Шетпеден алынады.  Жоба 2015 жылы басталды.  2017 жылдың қазан айында толық жол қозғалысын ашамыз»,-деді «Дженгиз Иншаат» компаниясының Ақтау қаласындағы филиал директоры  Мурат Зейнабилов.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Жаңа Серпін» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрған еңбеккерлерді  орналастыру  үшін Құрық кентінде салынып жатқан жатақхананың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен салынып жатқан  500 орындық жатақхана  2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.