Берлинде тегін тамақтануға болатын орындар

Фрипрайс дәмханалар туралы естуіңіз бар ма?

Кейбір Берлиннің тұрғындары ақша жоқ немесе аз болса да, Берлинде өмір сүру оңайырақ деп ойлайды. Әрине бұл әсірелеу екені анық. Десе де, немістердің экологияға деген мінсіз қарым-қатынасы мен қоқысты қайта өңдеу мәселесі жоғары деңгейде екеніне ешкім күмән келтірмес. Мәселен, мұндағы әлеуметтік орталықтар, фрипрайс дәмханалар сондай-ақ еріктілер мен белсенділер осы елді әлемге өзге қырынан көрсетуден алдына жан салмай отыр. Олай болса, Германиядағы әлеуметтік көмек пен адамдар арасындағы өзара түсіністік жалпы айтқанда өзара көмек мәдениетінің қалай қалыптасып, дамығанын материалымызға арқау етіп көрейік.

ФРИПРАЙС ДӘМХАНАЛАР

Фрипрайс дәмхана деп – тағамына белгілі бір баға бекітілмеген дәмханаларды айтамыз. Тіпті сен ішіп-жегенің үшін көк тиын да төлемесең болады, алайда, бұл қаншалықты ұятқа саятын дүние, оны өзің бағамдап көр. Солай істеген күнде де сені ешкім саусағымен шошайтып көрсетпейді. Әдетте мұндай дәмханаларда тағамның бағасы шикізатқа жұмсалған қаражаттың көлемінде ғана көрсетіледі. Үстінен пайда көру деген ұғым мүлде жоқ. Тіпті кейбір мұндай дәмханалар өзге тамақтану орындарында қалып қойған тамақтарды келушілерге таратып береді. Ондағы мақсат – ысырапқа жол бермеу. Қоқысқа кеткенше мұқтаж жандар жүрек жалғасын деген игі ой.

Ендеше фрипрайс дәмханаларды тізбектеп көрейік:   

Erreich bar  (Reichenberger Str. 63A), әр жексенбі сайын 12.00-ден бастап  дәмхана жабылғанға дейін тамақтануға мүмкіндік бар.

Vetomat  (Wühlischstr. 42), әр жексенбі сайын сағат 16.00-ден бастап сол күні өзге мейрамханалардан жеткізілген тағамдарды тегін таратады. Асықпасаңыз бар-жоғы жарты сағаттың айналасында келушілер талап кетеді. Бұған қоса дәл осы дәмхана әр айдың бірінші және үшінші аптасындағы сенбі күні сағат 12.00 мен 16.00 аралығында зекет немесе құрбандық ретінде вегетаринды буфет ұйымдастырып, тағамдарын тегін таратады.

Sama cafe  (Samariterstr. 32). Дәмхана дүйсенбі мен сенбі аралығында кешкі сағат 20.00 бастап таңға дейін жұмыс істейді. Осы аумақтағы дәмханалардан жиналған тағамдарды келушілерге тегін таратумен шұғылданады.

Morgenrot  (Kastanienallee 85). Дәмхана жұма мен жексенбі аралығында үш күн бойы вегетарианды таңғы асты небәрі 6 еуроға бағалап, «Қанша жей алғаныңша, тамақтан» деген режимде жұмыс істейді.

Trial and Error  (Braunschweiger Str. 80). Аптаның әр сейсенбісі сайын сағат 20.00-де тәтті тоқаштар мен нан өнімдерін тегін таратады.

Bankrot  (Storkower Str. 139D). Дәмхана әлеуметтік орталық негізінде ашылған. Белгілі бір баға көрсеткіші бекітілсе де, тамақтану өте арзан. Тек азық-түліктің өзіне жұмсалған қаражатты ақтау үшін ғана төменгі бағалар қойылған.

ТЕГІН ТОҢАЗЫТҚЫШТАР

Берлинде шаһардың әр түкпіріне қойылған тегін тоңазытқыштар тұрады. Көп жағдайда қала көшелері мен коворкинг немесе кеңселерде, дәмхана мен дүкендердің алдында тұрады. Ондағы мақсат – желінбей қалған азық-түлікті тоңазытқышқа салу арқылы өзгелерге тұтынуға мүмкіндік беру. Себебі маңызды емес: ол тағам бәлкім біреуге ұнамай қалған болар немесе үйдегі тоңазытқышта босқа орын алып тұрған тағам шығар немесе үш аптаға демалысқа кететінін ұмытып, көп азық-түлік алып қойған жандар үшін ысырапқа жол бермес үшін осындай тоңазытқыш қызметі ұсынылған. Кейбір еріктілер дәмханалар мен қонақ үйлерге барып, келісім жүргізіп, сатылмай қалған тағамдарды тоңазытқышқа орналастырады. Мәселен, отельде желінбей қалған таңғы ас, дәмханада қалып қойған азық-түлік, кешегі нан өнімдері болуы мүмкін. Ең қызығы, тұтынушы да мәдениет сақтай білуі тиіс. Мысалға, келуші тоңазытқыштың ішінен бүлінген тағам көрсе лақтырып тастауға, тоңазытқышты былғап алса ішін тазалауға міндетті. Себебі, қасында әрдайым таза сүлгі мен ыдыс жууға арналған сұйықтық болады.

2016 жылы Берлин билігі көше тоңазытқыштарындағы тазалық мәселесіне көңілдері толмай, бір сөреде ет жәе сүт өнімдері сондай-ақ нанның сақталатынына қарсы екендерін айтып, қызметтің мұндай түрін мүлде жою керек деп дабыл қаққан болатын. Десе де, бұл жүйе әзірге жұмыс істеп тұр. Сондықтан, пайдаланып қалыңыз.

Тегін тоңазытқыштардың мекен-жайын Foodsharing картасынан қарай аласыз. Қазір Берлин бойынша 49 нүкте қызмет көрсетуде.

ТОҚАШТАР ӘЛЕМІ

Берлинде ешқашан кешегі нанды сатпайды, бұл заңмен бекітілген. Көптеген нан өнімдерін жасайтын кондитерлік мекемелер сатылмай қалған өнімдерін қайырымдылық орталықтарына береді. Жалпы немістер нан өнімдерін ысыраптауға қарсы.

Сол себепті, кез-келген кондитерлік дүкен жабылар алдында сенімді түрде кіріп, бүгін саудаланбай қалған нан сұрап алуға ұялмаңыз. Сіздің бұл әрекетіңізге қожайындар қуана-қуана жауап беріп, нанды қоқысқа лақтырғаннан гөрі, сізге беріп жіберуге асығады.

БАЗАРЛАР

Саудагерлер сәл бүлінейін деген көкеністер мен жеміс-жидектерді ешқашан жинап әкетпейді, керісінше оларды бөлек қорапқа салып қояды. Базар жабыларға жақын (16.00-17.00) аралықта сатушыларға барып, келісіп, қорабымен алып кетуіңізге болады. Ең бастысы базарды тазалайтын мамандар келгенге дейін үлгерсеңіз болғаны.

VOLKSKUCHE

(people's kitchen, «ұлттық асхана»)

VOLKSKUCHE деп адамдар көп жиналып, бірге тамақ пісіретін орынды айтады. Көп жағдайда тағамдар тегін таратылады немесе тек азық-түліктің құнын ақтайтындай ғана бағаға сатылады. Мұндай шаралар – тамақтанудан гөрі, таныстық пен қарым-қатынас үшін ұйымдастырылады. Көп жағдайда ысырапқа кетуден аман қалған азық-түлік пайдаға асырылады.

 

Күн сайын шаһардың 7-11 нүктесінде «ұлттық асхана» шарасы ұйымдастырылады. Кездесу кешкі сағат 19.00-21.00 аралығында өтеді. Бұл кешкі ас десек, таңғы ас пен түскі асты өзге нүктелерлден іздеуге тура келеді. Жиналушылар шара кесетесі мен мекен-жайын Stress Factor сайты арқылы қадағалап, тауып бара алады. Десе де, ай сайын хабарландыру да ілінеді. Әрине қағаз хабарландырудан гөрі смартфонның көмегі әлдеқайда тиімді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҰЙЫМДАРЫ

Мұндай ұйымдар әрине саяхатшылардан гөрі, шын мәнінде қиын жағдайға тап болғандарға арналған десек артық айтқандық емес. Десе де, біз жоғарыда тізбектеп өткен мекеменің кез-келгеніне именбей кірсеңіз, сізге шын көңілмен қызмет көрсетіп, тамақтандырып жібереді.

Германиядағы көне қайырымды ұйымдардың бірі – Bahnhof mission. Германияның жүздеген теміржол бекеттерінде олардың бөлімшелері ашылған. Сіз кез-келгеніне кіріп, жылынып, кофе немесе шәй іше аласыз. Белгілі бір сағаттарда сэндвичтер мен тоқаш тарататын кезі болады.

Klik  (Torstraße 205). Жасы 27-ге толмаған жастарға көмектесетін ұйым. Мәселен, белгілі бір қиын жағдайға тап болып, далада қалған жандарға қол ұшын созады. Міндетті түрде тамақтандырады.

Franziskanerkloster Pankow  (Wollankstraße 19). Әр сейсенбіден жексенбіге дейін күніне екі рет келушілерге сорпа беретін діни ұйым.  Таңғы 8.00 бен  12.00 аралығында жұмыс істейді.

Осындай мекемелерге ұқсас ондаған ұйымдар бар. Алайда олардың шапағатын көру үшін сенің әлеуметтік көмек алатыныңды растайтын  арнайы анықтамалар болуы керек.

ТАМАҚ ЕМЕС

Берлинде сіз енді тұтынбайтын затты апарып салатын арнайы сары жәшіктер болады. Әлбетте сіз оған әлі де істен шықпаған, тұтынуға жарайтын дүниені сала аласыз. Бұл контейнерлерді жиі артып әкетпейтіндіктен, сіз үшін аса қажет зат кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Мәселен, кітаптан бастап, ас үй жабдықтары, ноутбук пен принтер де болуы мүкін. Неғұрлым байлар тұратын аудан болса, соғұрлым пайдалы зат табуға мүмкіндік мол. Pankow, Prenzlauer Berg және Friedrichshain мөлтек аудандарындағы сары жәшіктерді қарап көріңіз.

Тегін киім-кешек тарататын Free Your Stuff , Alles and Umsonst, Craiglist, BSR сынды сайттар жұмыс істейтінін біліп жүрген абзал.

Бұдан өзге Squatradar арқылы тегін кино, театр көрсетілімі мен перформанстар, концерттер мен фримаркетттер сондай-ақ тегін тамақ тарататын орындарды қарауға болады. Бұған ұқсас тағы бір ресурс – Stress Factor-дан тегін лекция мен кино, дискотека, концерттерді қарай аласыз.

#Фрипрайс дәмханалар #тегін тамақтану #Берлин

Comments

comments powered by HyperComments

Similar materials

Partners