Таланттардың жұлдызын жаққан «Жұлдызай»

17.04.2017

Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 10-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында I спартакиада мен «Жұлдызай» ХІІ шығармашылық фестивалі өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы қолдау көрсетті.

Спартакиада спорттың 4 түрінен  (мини футбол, асық ату, жеңіл атлетика, үстел теннисі) өтті. Намысты бәсекеге 48 бала қатысып, бәрі де облыстық білім басқармасының дипломы сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өнерлі жандардың жұлдызын жаққан «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өтті.

Алдымен аудандық, қалалық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 320 бала өнерлерін ортаға салса, облыстық фестивальге жолдама алған 150 өнерпаз жеткіншек ән айту, би билеу, әнді ым ишаратпен айту, аспапта ойнау, қолданбалы көркемөнер, сурет-бейнелеу өнері бойынша сынға түсті.

Әрбір қатысушы  «ТорғайПетролиум» АҚ, облыстық мәслихат депутаттарының сый-сыяпаттары мен облыстық білім басқармасының дипломын иеленді.

Фестиваль қонағы Қазақстанның эстрада әншісі Нұржан Керменбаев сахнаға шығып, фестивальдің көрігін қыздырды.

«Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының фестивалі мен спартакиаданың   облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Алматы қаласында  өтетін шараға  жолдама алды.

Read more