31 мамыр кинопремьералары

Аптаның үздік кинопремьералары

Көктемнің соңғы уикендінде: Дженнифер Лоуренс ойнайтын шпиондық триллер, полицей ит туралы комедия, аруақтар туралы британ хорроры, ресейлік футбол драмасы және мысық пен құндыздың достығы туралы мультфильм.

«Красный воробей» (Red Sparrow) - Френсис Лоуренс режиссерлік еткен америкалық триллер. Фильм Джейсон Мэттьюстің аттас романына негізделген.

Фильм оқиғасы Ресей барлау қызметінің офицері Доминика Егорова төңірегінде өрбиді. Оған берілген тапсырма - Ресейде жансыз болып жүрген, Американың орталық барлау басқармасының агенті Натаниэль Нэштің ісін әшкере қылу. Алайда олардың қарым-қатынасы сезімге ұласады, бұл екі елдің де қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Фильмде Дженнифер Лоуренс пен Джоэл Эдгертон басты рөлде ойнайды. Олардан бөлек Джереми Айронс, Шарлотта Рэмплинг, Маттиас Шонартс, т.б. актерлер бар. Бұл режиссер Френсис Лоуренс пен актриса Дженнифер Лоуренстің осымен төртінші шығармашылық тандемі. Осыған дейін режиссердің қолынан актриса басты рөлде ойнаған «Голодные игры» трилогиясы шықты.

«Смурфики» фильмін түсірген Раджа Госнеллден тағы бір отбасылық комедия. «Псы под прикрытием» (Show Dogs) фильмі сөйлеп білетін ит пен полиция қызметкерінің басынан кешкен қызықтарын баяндайды.

Детектив Фрэнкке қалыптан тыс әріптес қосылады. Оның жаңа серігі - Макс деген аузына тыным жоқ ит. Ол көп сөйлейді және рэпті ұнатады. Олар Лас-Вегаста өтетін қымбат иттердің көрмесінде алаяқтарды қолға түсірмек болады.

Детектив Фрэнкті Уилл Арнетт ойнаса, Макс деген итті рэпер Лудакрис дыбыстады.

«Истории призраков» (Ghost Stories) - Мартин Фриманның қатысуымен түсірілген үрейлі драма. Фильмді ағылшын актері Энди Найман түсірді және өзі де рөл сомдады.

Психология профессоры Гудман тылсым құбылыспен кездескен үш адамның оқиғасын зерттейді. Олар - түнгі қарауыл, жасөспірім және бизнесмен. Бастапқыда бұған күмәнмен қараған профессор о дүниеден хабар алғаннан кейін іске шындап кіріседі.

«Моя жизнь» - Ресейде түсірілген мелодрама элементтері бар спорт киносы.

Басты кейіпкер бала кезінен футболды сүйіп өседі және ұлы футболшы болуды армандайды. Өз арманының жолында ол ғашығынан бас тартып, футболшының өмірін таңдауға мәжбүр болады. Арманына бір қадам қалғанда тағдыр оған жаңа сынақтар алып келеді.

Ал кішкентай көрермендер үшін «Два хвоста» мультфильмі прокатқа шықты

Анимациялық картинада Макс деген мысық пен Боб деген құндыздың басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Боб – қарапайым, тыныштықты ұнататын жануар, ал Макс керісінше – тентек, ол әлемге аты белгілі танымал тұлғаға айналғысы келеді. Бірде бөгдепланеталықтар келіп, жануарларға шабуыл жасайды. Екі досқа төрт аяқты бауырларын құтқару үшін ерлік жасауға тура келеді.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Similar materials

Partners