Әлия – батыр қызы сен халқымның

Батырлықтың символы

Мен Ақтөбе қаласына алғаш рет 2010 жылы бардым. Жұмыс бабымен іссапарға барғандықтан, қолым босаған бетте шығыстың қос шынары атанған батыр қыздарымыздың бірі – Әлия Молдағұлова атындағы музейді көруге асықтым.

Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,

Әсем гүлін құшаққа жиып өскен.

Аққу құстың бейнебір баласындай,

Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен, - деп батыр қыздың бейнесін ақын Бәкір Тәжібаев ағамыз жырға қосқандай Әлия Молдағұлова қазақ халқы үшін батылдық пен батырлықтың символы болып қала бермек. 2015 жылы Әлия музейінің ашылғанына 30 жыл толса, батыр қыздың туғанына 90 жыл толған еді.

Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова көшесі  47 мекенжайында орналасқан мемориалды музей ғимараты – мектеп оқушылары үшін патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болса, шаһарға келуші меймандар үшін қаланың мәдени әрі тарихи орындарының бірегейі. Себебі, Ақтөбе жұрты Әлиядай батыр қызының ерлігімен мақтанады.

Қазір Әлия Молдағұлова мемориалды музейінде 9 мыңға жуық құнды жәдігер бар. Музей меңгерушісі Елена Қалтаеваның айтуынша, музей қорындағы  экспонаттар қатарында Әлияның майдан даласынан жазған қолхаттары мен  Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы куәлік, Әлия білім алған  мектептен жеткізілген тоқсандық табель мен сынып журналы бар. Дәл осы экспонаттар музейдегі ең құнды жәдігерлер санатында.

Батыр қыздың Ресей Федерациясындағы Ярослав облысы Вятское селосында оқыған кезіндегі сынып журналы музей қорына қалай тап болды. Мұндай құнды экспонатты жеткізуге кімдер қолғабыс етті, тоқталып көрейікші.

Қазақ халқы үшін құнды құжатты орыс даласынан зейнет демалысындағы журналист Орынбасар Бекмағамбетов әкелген екен. 1980 жылдардың басында алғаш рет Ақтөбе қаласында Әлия мемориалдық музейін ашу туралы іс қолға алынып, музей қорына қажетті жәдігерлер жинастырыла бастағанда музейдің ең бірінші директоры Сәбит Баймолдин журналист Орынбасар Бекмағамбетовті батыр жүрген жерлерді аралап, құнды экпонаттар іздеуге іссапарға жіберіпті.

Іссапармен Вятское селосына табан тіреген журналист жігіт алдымен Әлия оқыған мектепке барады. Әлияға қатысты құнды дерек табылмаса да, Әлияның есімі жазылған сынып журналы Орынбасар ағамыздың назарын өзіне аудармай қоймапты. Өкінішке қарай, мектеп директоры сынып журналын Қазақстаннан барған журналистке беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Орынбасар Бекмағамбетов өлердегі сөзін айтып, тіпті мектеп директорының үйін тауып алып, ауласында екі күн түнеген екен. Ондағы мақсат – қалайда сынып журналын музей қорына алып кету еді. Алған бетінен қайтпайтын қазақ жігітінің бірбеткейлігін көрген директор райынан қайтып, журналдың бірнеше бетін білдіртпей жыртып берген екен. Қазір Әлия музейіндегі ең құнды жәдігерлер қатарын толықтырып тұрған журнал парақтары Ақтөбе жеріне осылайша жетсе керек.

  

Әлия музейі батыр қызыдың тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында қайта жаңартылған. Әлияның туған жері – Қобда ауданындағы Бұлақ ауылының 20-30-шы жылдардағы ежелгі көрінісі, сондай-ақ Әлия өмір сүрген шаңырақтың шағын макеті  музейдің кіші залына орналастырылған. Музейге келушілерге ерекше әсер сыйлайтын тағы бір бұрыш – Әлия бейнесін суреттеген диорама. Диораманың авторы – суретші Әділғали Баяндин. Бертін диорама неміс манекенімен толықтырылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүрігізілген. Музеймен танысуға келетін көпшілікті қызықтыратын тағы бір көрініс – майдан даласындағы сұрапыл соғысты көз алдыңызға айнақатесіз елестетін, қамыспен көмкерілген музейдегі блиндаж. Музей жетекшісінің айтуынша, блиндаждың іші әлі де әскери құрал-жабдықпен толықтырылатын болады.

 

Күрделі жөндеу жұмысы жасалған Әлия музейіндегі батыр қызға арнап қойылған бюст тұғыры төрде жарқырап тұр.

Өмірдерек

Әлия Молдағұлова – Кеңес Одағының Батыры, мерген, ефрейтор. Батыр қызы 1925 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған Әлия Алматы қаласында нағашысының қолында тәрбиеленді. Кейін 1935 жылдан бастап Ленинградтағы балалар үйінде болды.

«Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Әлия Молдағұлова қысқа ғана ғұмырында қайсарлық, төзімділік, ерлік сынды жоғары қасиеттердің жарқын иүлгісін көрсетіп кетті.

Ол 1935 жылы Мәскеуге нағашысының отбасымен бірге көшіп барды. Әлия № 163 мектепке оқуға қабылданды. Нағашысы білім алған Әскери Академия Ленинградқа ауыстырылғандықтан Әлияның балалағы Қазан төңкерісінің бесігі болған Ленинградта жалғасын тапты. Белгілі бір себептерге байланысты нағашысы Әлияны Гурдин көшесінде орналасқан № 46 балалар үйіне орналастырып, №140 мектепте оқыды.

Деректерге сенсек, Әлия ұстаздары мен қатарластарын өжет мінезімен, турашылдығымен, қайрат-жігерімен, қайырымдылығымен баурай білді.

Әлия мектепті үздік оқып қана қоймай, сыныптастарының көсеміне, ізбасарлардың жетекшісіне айнала білді. Әлия сол жылдары ең үздіктер ғана жіберілетін «Артек» Бүкілодақтық пионер лагеріне барып қайтқан.

Батыр қыз майданға аттану туралы сұранған өтінішін 1941 жылғы маусымның 22-сі күні суық хабар жарияланған күні жазған екен.

Әлия сол жылы мергендерді әзірлейтін Орталық әйелдер курсына қабалданды. Кейіннен  ол мектепке айналған еді.

Мергендер мектебінде де Әлия Молдағұлова үздіктердің қатарында болды. Қабілетті қыздың қайсар мінезін байқаған мектеп басшылығы оған 956-нөмірлі мерген винтовкасын сыйға тартып, оқу орнына нұсқаушылыққа қалдырғысы келді. Алайда, майдан адаласына аттанып, жаумен күресуді мақсат еткен өжет қыздың тілегі қабыл болып, Қызыл Армия қатарына алынды.

Ол 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының құрамында снайпер болған. Батыр қыз 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казачиха ауылы маңында болған қанды майданда ерлікпен қаза тапты. Әлия Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді. Батырға 1944 жылдың 4 маусымында Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

#Әлия Молдағұлова

Comments

comments powered by HyperComments

Similar materials

Partners