Жаңалықтар

Қазан – бірлік пен татулықтың  нышаны

"QazanNan қазаққа"деп жүрген қоғам қайраткері Жұмағали Арыстан ағамыздың әңгімесі 
Қазан – бірлік пен татулықтың  нышаны
27.09.2018 16:22 7974

Қазір қит етсе «Идеология жоқ. Осының бәрі жөні түзу тәрбие көрмегеннен» деп жылаңқылыққа салынып жатамыз. Кәдімгі қара қазанды отбасылық символ ретінде ұстап, «Бұл қазан - баламнан немереме, жеті ұрпағыма табысталып отыратын құнды дүние» деген ұстаныммен өмір сүретін Жұмағали Ерсұлтанұлы  ағамызбен әңгімелескен болатынбыз. Расында қазақ үшін осы қара қазан қасиетті дүние еді ғой. Кешегі Махамбеттер «Қара қазан, сары бала үшін» деп атқа қонды. Өзімізді қазаны оттан түспеген  халықпыз деп әспеттейтініміз және бар. Жаугершілік заманында ас толы қазанымызды төңкеріп кету басынғандық саналды. Дәп сол замандарда талай әулеттің еркек кіндікті баласы төңкерілген қазанның астында аман қалып, әрі қарай тұқымдарын өрбіткен. Осы қазанды бірлік пен татулықтың нышанына айналдырсақ қайтеді деген ой Жұмағали ағамызды толғандырды. Әрі қарай алмағайып тоқсаныншы жылдары туған жерінде жұмыс орындарын ашып, елдің көркеюіне  үлесін қосқан ағамыздың өзі сөйлесін.

«Орыстарда «Балық берме, қармақ бер» деген мақал бар ғой. Мен соны «Ет асып берме, қазан бер» дер едім. Қазаны бар адам, сол қазанының бос болмауын ойлайды ғой. Осылайша қыбырлап еңбек етер еді. Қазақтар дастарханның басында алқа-қотан отырып, кеңесіп отырып ас ішетін халық. Ал, ол асты қайда пісіреді? Әрине, қасиетті қара қазанға. Әр үйде өздері кие тұтатын қазаны, қазанға байланысты дәстүрі болуы керек. Мәселен, біздің әулетте бірінші тамыз күні қайда жүрсек те картоп пісіру қалыптасқан. Барлығымыз елде жүрсек сол күні бірігіп, бір дастарханнан ас ішеміз. Оның себебін айтайын. Менің анам ашаршылық жылдары келін болып түскен адам. Содан ең бірінші келін болып түскен күні кешкі асқа не істерін білмей, бақшадағы шамалы картоптың түбін қопарып, картоп пісірген екен. Бұл дәстүр содан қалған. Біздің әулетті біріктіріп тұр ма? Әрине, біріктіріп тұр. Бұл ненің қасиеті? Тағы да сол қара қазанның қасиеті.

Менің қолыма  1775 жылы жасалған шойын қазан түсті. Осыдан қаншама жыл бұрын жасалған бұл дүниенің қасиетін мен келе-келе сезе бастадым. Бұл қазан біздің шаңыраққа келгелі бері үйімізден ырыс пен ынтымақ арылған емес. Қазір бұл қазанның бір көшірмесі Қазақстан Халықтар Ассамблеясының достық үйінде тұр. ЭКСПО кезінде осы қазанда піскен бауырсақтың дәмін татушы адамның шегі болмады. Кейбіреулері ырымдап, үйлеріндегі адамдарға да алып кетіп жатты.

Мен 1988 жылы әскерден соң автобазаға шопыр болып жұмысқа кірдім. Арада бір жыл өткен кезде кооперативтер құрылсын деген қаулы шықты. Ол кезде идея алатын интернет жоқ, ақыл сұрайтын адамдар аз. Сондай күндердің бірінде жақын ағайым ауылдағы ұн тартатын үлкен диірменді қолға алсаңшы» деген ақыл айтты. Бұл Қостанай облысына қарасты  Федоровка елді мекенінде болған оқиға. Ақыры сол диірменді  ақысын бөліп төлеймін деген келісіммен алдым. Алуын алып алып диірменнің жанында отырып ойландым. Бұны енді қалай жүргіземін? Мына қарыздан қалай құтылу керек? Сөйтіп отырғанымда жаныма ауылдың 3 жігіті келе қалды. Біреуі өзімнің құрдасым, екеуі көрші маңайдың жігіттері. «Диірменіңді жу» деді.  Диірменді жуып отырып мынаны қалай іске қоссам болады деген уайымымды айттым. «Осыны да мәселе деп отырсың ба? Біз мектеп оқып жүргенде, каникул кездерінде осында келіп, әке-шешемізге көмектесетінбіз. Біз-ақ іске қосып берейік. Бір жартыңды құйсаң болды» деді әлгі үшеуі. Содан, диірменнің толық жұмыс істеуіне қажетті бөлшектерін тексеріп, жетіспейтінін әлгілерге әкеліп беріп, екі күн дегенде іске қостық. Бидай тартып көрсек қап-қара ұн шығарып тұр. Қаншама жыл бос тұрып, іші шаңға толған ғой. Шамалы бидайдан соң шаңы кетіп, ұнның түрі өзгере бастады. Алғашқы ұнымды анама әкеліп бердім. Анам «Баламның еңбегінің жемісі» деп әлгі ұннан қара қазанға бауырсақ пісірді. Мінекей, қазанның құдыреті!

Диірмен іске қосылған соң маңайдағы ел бидай әкеле бастады. Ал, менде жұмысшылар атымен жоқ. Әлгі үшеуі бір күн диірменде жұмыс істесе бір күн арақ ішіп кететін жандар. Бұл жерде де амалын тауып кеттім. Жалпы, менің ұғымымда кез-келген адамдармен жұмыс істесіп кетуге болады. Тек, тілін тауып, керекті тетігін баса білу керек. Үшеуін жинап алып «Жігіттер, былай істелік. Он күн арақ ішпей жұмыс істейсіңдер. Одан кейін он күн демалыста тоқтаусыз ішесіңдер. Ақысы менің тарапымнан болады.  Егер, он күнге жеткізбей ішіп қойсаңдар. Мына шартымыз өз күшін жояды. Басқа адамдармен жұмыс істеймін» дедім. Ауылда бос жатқан жігіттерге бұл сөз үлкен стимул, мотивация болды.  Сол жерде жігітше қол алыстық. Олар өкіртіп жұмыс істей бастады. Мен көршілес Ресейге барып маскүнемдіктен емдеу орталықтарын іздей бастадым. Ол кезде біздің елде ондай сала дамымаған. Мамандардан Довженко әдісімен емдеу дегенді сол уақытта естіп білдім. Ол үшін емделушілер кемінде 10 күн арақ ішпеуі шарт және бір тиімді тұсы адамды  бір-ақ күнде, айналдырған 3-4 сағаттың ішінде кодтап береді. Содан елге келдім. Аналар арақ ішпеген. Бұрқыратып жұмыс істеуде. Содан әрқайсысының  үйіне барып, әке-шешелерімен, әйелдерімен сөйлестім. Олар аң-таң. «Мыналарға не көрінген. Жұмыстан келеді де тамағын ішіп алып жата кетеді. Арағын теп-тез қойып кетті. Бұларға не істегенсің?» деп сұрап жатыр. Мен оларға арамыздағы шартты, ресейлік мамандардың сөзін айттым. Кешкі ас мезгілінде жайлап қана психологиялық тұрғыдан әлгілерге «Мына жұмысың тамаша. Үйімізге сән, бойымызға жан кіріп қалды» дегендей әңгіме айтыңдар деп тапсырма беріп кеттім.

Содан тоғызыншы күн дегенде әлгілер «Ертең бір күн істейміз. Арағыңды даярлай бер деген әңгіме» айтты. Оныншы күні кешке бастарын жиып алып былай дедім. «Жігіттер бізде 2 жол бар. Біреуі мен сен үшеуіңе қосылып, 4 алқаш болып арақ ішіп жүру. Екіншісі, сендер маған қосылып, менің аяғымнан тік тұрып кетуіме септіктеріңді тигізіп, өздеріңнің де аяқтарыңнан нық тұру. Мен ертең Ресейге кетемін. Менімен барып қайтам дегендеріңді таңғы алтыда осы диірменнің алдында күтемін. Қаламын дегендеріңе кешкісін келіп арақ құямын». Таңғы алтыда диірменге келсем үшеуі де келіп мені күтіп тұр екен...

Осылайша менің кәсібім өрге басты. Келімді-кетімді кісілерім көбейді. Жұмыскерлерімнің саны да арта бастады. Сондай күндердің бірінде «Жігіттер, бізге тамақ істеп ішуге үлкендеу қазан керек екен» дедім. Сонда бір жігіт «Менің көршімде дәу қазан бар. Шірімеген, сынбаған. Көрші әжей ішіне су құйып қойып, жылы сумен  бақшасын суарып жүр» деді. Содан әлгі кемпірге бардым. Барсам қарсы алдымда Демидовтар заманында жасалған қазан тұр. Әйтіп-бүйтіп бағасына келісіп жүріп қазанды сатып алдым.

Кәсібім дөңгелеп жатты. Қалтамда өмірі естіп көрмеген соммадағы ақша жүрді. Мен осылай жүре берер ме едім кім білсін. Бір күні менің өмірімді күлт өзгерткен бір оқиға болды. 1995 жыл. Жұрт айлығын, зейнетақысын ала алмай жүрген кез. Көшеден өзімнің ұстазымды көріп қалып, жағдайын сұрадым. Жай-күйін естіп «Маған жиырма минут уақыт беріңіз. Үйіңізге ет, картоп, не қажеттің бәрін жеткізіп беремін» деймін ғой баяғы. Өзімнің қаншалықты дәулетті екенімді көрсетіп қалу үшін  емес, шын ниетіммен айтқан едім. Сонда ұстазым «Сен маған көмектесерсің. Қалғандарына кім көмектеседі? Ниетіңе рахмет» деді. Мен ол кісіге не айтарымды білмей қалдым. Шынымен де өзгелер жайлы осы уақытқа дейін ойламаған екенмін. Әке-шешем менің табысымның арқасында зейнетақының аз-көптігіне мән де бермейтін. Осылайша мен зейнеткерлерге көмек көрсету бағдарламасын құрдым.

Айналдырған екі күн ішінде әбден піскен жобамды қолыма ұстап әкімге бардым. Әкім болса «Сен өзіңнің кәсібіңмен айналыс. Халық менің мәселем» деп шығарып салды. Ондайға тоқтайтын мен емеспін. Салып ұрып элеватор бастығына бардым. «Сенде астық бар. Астығың өтпей жатыр. Ал, мемлекет саған зейнетақы салығын төле дейді. Мен сенің салығыңды өзіме қарыз ретінде алайын. Сен маған оның орнына астық бер.  Мен  диірменшімін. Мен ұны шығарамын. Наубайханам бар нан пісіремін. Сол нанды қарыз есебінен зейнеткерлерге ведомостқа қол қойғызып отырып таратамыз. Осылайша сен де, мен де пайдада қаламыз. Зейнеткерлер де аш қалмайды. Осыны анау әкімге барып түсіндір. Екеуің доссыңдар ғой» деп ойымды жайып салдым. Осылайша бұл істі айналдырған 3-4 күннің ішінде бір жүйеге түсіріп, жұрттың ықыласына бөлендік. Міне, дағдарыстың алғашқы толқыны кезінде мен осындай жауапты әрі тәуекелді қажет ететін қадамға барған едім.

1997 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Қостанайға іссапармен келетін болды. Ол кездерде бюджетте артық-ауыс ақша жоқ. Елбасыны күтіп алу, тамақтандыру шараларын ірі кәсіпкер ретінде маған жүктеді. Еліміздің әрбір азаматына Президентті жақыннан көру деген үлкен мәртебе емес пе? Таза ниетімізбен қатты дайындалдық. Елбасының жүру маршруты алдын ала белгіленді. Мына жағы қайыңды орман, мына жағында көл, ортасында балалар лагері бар орын таңдалды. Елбасы балалар лагеріне келіп, содан соң бізге соғуы тиіс болатын. Уақыт қысқа болды ма әлде басқа да себептері болды ма білмеймін, мынандай оқиға болды. Президент кортеджі балалар лагеріне келіп тоқтады. Ішінен Нұрсұлтан Әбішұлы түскен соң кортедж қайтадан келген бағыттарына бұрылып барып тоқтады. Бұл дегеніңіз ол кісінің біздің нүктеге соқпайтындығының белгісі. Қай заманда президент кортежінің былай-былай артық бұрылғанын көріп едіңіз? Президент аппаратының адамдары да «Президент бұл жерден түстенбейді. Уақыт жоқ» деп тыпырши бастады. «Ертең Президентпен кездесемін. Сол уақыта не айтсам екен?» деп алдында бір күн бұрын анамнан ақыл сұраған болатынмын. Анам болса сәл ауырыңқырап жүр еді. Кәдімгі ақ майлыққа менің есімім Пәленше Түгеншеұлы, мынандай шаруашылығым бар» дегендей қысқа ғана екі-үш сөйлем жазып берген болатын. Мен оны оқып, Елбасыға осылай деп айту дұрыс па деп бір ойлап, қалтама сала салған болатынмын. Бірақ, Елбасы кортеджге емес, жаяулап біздің киіз үйге қарай беттеді. Киіз үйге кіріп, жайнап тұрған дастарханды көріп әкімге «Әй, мынаның барлығын қай ақшаларыңа әзірлегенсіңдер?» деді. Ол кезде бюджетте қазіргідей ағыл-тегіл ақша жоқ қой. Әкім болса «Нұрсұлтан Әбішұлы, бұының барлығы мына кәсіпкердің ілтипаты. Соның қаржысына жайылған дастархан» демесі бар ма? Президент маған бұрылып, аты-жөнімді, кәсібімді сұрады. Сонда айтқаным әлгі анам жазып берген ақ майлықтағы сөздер еді. Бұның барлығы әрине дастарханның дәмінің Елбасыны өзіне тартуы, қара қазанның  қасиеті. Сол күнгі етті менің баяғыда сатып алған дәу қазаныма асқан едік. Содан бастап осы қазан маған расымен де бақ әкеле бастады.

1989 жылы мен кәсіпкерлікке енді аяқ баса бастағанда «Кейін аяғымнан нық тұрсам достарыма кең жайлауда ас берер едім» деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Елбасының өзі дәм ауыз тиген қазаннан ас ішу үшін қаншама достарым мен таныстарым жиналды. Арасында прокурорлар, әкімдер, министрлер, тіпті, көшеде рэкеттікпен айналысқан адамдар легі бір-бірінің артына кезекке тұрып, «Хан сорпасынан» ауыз тиді. Мінекей, ығай мен сығайдың барлығын бір тізбекке тұрғызған не? Ол қара қазанның қасиеті. Біздің қазаққа басқа идеологияның қажеті де жоқ. Идеологияны қазан төңірегінен алып шығуға болады.

Әрбір қазақтың шаңырағында ауылдың дәмін есіне салатын, туыстардың басын біріктіріп тұратын бір-бір қазан керек. Тіпті, бұл қазандарды үлкен асханалар желісіне қоюға да болады. Кейде адамның аңсары қазанда асылған етке, қазанда әзірленген асқа ауатыны бар ғой. Осындай сәтте адамдар «Жүріңдер, мына жерде тамаша бір орын бар. Ол жердің қазанынан шыққан тағамның дәмі тіл үйіреді» деп бір-бірін тамаққа шақырып жүрсе несі жаман?

Өзбектер өздерінің палауымен мақтанады. Палау фестивалдерін жасап жатады.  Біздің қазан олардың қазанынан кем бе? Олар қазанға палаудан басқа не жасай алады? Ал, біз қазанға жүз түрлі ас жасай аламыз.  Мәселен, еліміздің үздік деген аспаздарды жинап алайық. Оның ішінде Қазақстан Халықтар Ассамблеясының өкілдері де болсын. Тайқазанымызға асылған етті ұсынып (оның ішінде қазы-қарта, жал-жая, барлық мүшелер асылған) ал енді осыдан қандай тамақтар әзірлей аласыңдар десек. Біреулері сірнесін, біреулері қуырдағын әзірлеп, бір ғана қазаннан шыққан астан қаншама тағам даярлауға болатынын көрсетсе деген жобам бар.

Қазір үлкен қалаларда 1500-2000 теңге көлеміндегі соммаға түскі ас ішеміз. Мекемелердің астында тоңазтқыштар болса, сол тоңазтқыштарда дайын тамақтар тұрса деген ойым бар. Ішінде 3-4 бауырсағы, 4-5 тілім жұқалап тілінген еті мен қазы-қартасы бар тағамдар порциясын 1200-1500 шамасында ұсыну ойымда бар.

Жалпы, кейде болмашы дүниелерге ақша шашып, өздері еш жетістікке жетпеген адамдардың тренингтеріне, өтірік әңгімелеріне қомақты қаржы шашамыз. Мұның жанында менің қазаным мен оқиғаларым әлдеғұрлым қызықты және мен жастарға түсінікті тілде сөйлеп, мотивация бере аламын. Мен өз оқиғаларымды баяндайтын орыс және қазақ тілінде кітап жаздым.  Дәл қазір менен Астананың әкімі келіп «Қаламызды қалай көркейтеміз?» деп сұраса мен оған Астана қаласы үшін 10 идея айтып бере алатын едім. Бірақ, бұл менің әкімдікке, шенге құмартуым емес, маған қазіргі еркін өмір сүру салтым ұнайды. Халықтың әлеуметтік жағдайына бағытталған жобаларды қолға алатын кез келді» дейді Жұмағали Арыстан  ағамыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға