Жаңалықтар

Бізге мәлім және беймәлім Нұрлан

ХVIII Жазғы Азия ойындарының қола медаль иегері, таэквондошы Нұрлан Мырзабаевпен сұхбат 
Бізге мәлім және  беймәлім Нұрлан
25.09.2018 10:38 5157

Индонезияда өткен ХVIII Жазғы Азия ойындары біреулер үшін сәтсіз болса, біреулер үшін сәтті болды. Бірақ, біз Азия ойындары жайлы шолу жасағалы отырғанымыз жоқ. Осы бәсекеде жақсы өнер көрсетіп, таэквондодан 80 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қола медальдің иесі атанған Нұрлан Мырзабаевпен әңгімелескен едік. «Мойындарына алтын алқа тағып, еліміздің әнұранын асқақтатқан басқа спортшы табылмай қалды ма?» демеңіздер. Нұрланның өмір жолы, осы жетістікке жетуі оңай болған жоқ. Біз көбіне шетелдік спортшылардың өмірін оқып отырып, «Тіршіліктің ауыр қамытын бала кезден киген екен. Асыл тас су түбінде жатпас деген осы ғой» деп таң қаламыз. Иә, өмір жолдары мотивация беретін жандар жер бетінде жетерлік. Дегенмен, Нұрлан Мырзабаевтың оқиғасы да талай адамға ой салары сөзсіз.

- Нұрлан, сен таэквондомен әскерге барып келген соң айналысқан деген сөзді естідім. «Естігенің өтірік болар, көргеніңді айт» дейтін қазақпыз ғой.  Осы әңгіме қаншалықты шындыққа жанасады? Әскерге қанша жасыңда барған едің?

- Иә, бұл спортпен мен әскерден келген соң айналыстым. Жалпы, спорт атаулымен тұрақты айналысуым сол әскерге барып келген соң басталды. Әскерге 18 жасымда 2011 жылдың күзгі шақырылымымен кетіп, 2012 жылы 19 жасымда қайтып келдім. Әскери борышымды Алматы облысы, Сарыөзек ауданында 12747 әскери бөлімінде өтедім.  Спортты әскерден келе салып бастадым десем өтірік болар. Әскерден соң тіршілік қамымен әрненің басын шалып жүрдім. Спортпен тұрақты түрде 22 жасымда айналыса бастадым.

- Алғашқы нәтижелер қанша уақыттан соң көріне бастады?

- Таэквондомен шұғылдана бастағаннан кейін 4 айдан соң Қазақстан чемпионатына қатыстым. Бұл 2014 жылы Астана қаласында өткен жарыс болатын. Сол жолы екінші орын алып,  күміс медальді еншіледім.

- Өзіңді бала кезден спорт саласында елестеттің бе? Өзің спортқа кеш келдің, не үшін таэквондоны таңдадың? Әке-шешең жайлы, спортқа кеш келуің жайлы толығырақ айтып өтсең.

- Кез-келген бала секілді танымал тұлға болуды армандадым. Оның ішінде осы спорт саласында танылғым келді. Бала кезімнен жарыстарға қатысып, еліміздің көк туын биіктерден желбіретсем, әнұранын орындатсам деген арманым болды. Құдайға шүкір, ол армандар біртіндеп орындалып келе жатыр.

Мен өзім Кентау қаласынанмын. Бізде таэквондодан спорт мектебі жоқ. Мүлдем болмаған. Қашан болатыны да белгісіз. «Кентаудан таэквондо мектебін ашсам» деген арманым бар. Алла жазса ол мақсатыма да жетермін.

Анам осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болған. Үйде әкем екеуміз ғана тұрамыз. Ағам мен әпкем бар. Бірақ, олар өз отбасыларымен жеке тұрады. Әкем электрик болып жұмыс істейді. Біраз жыл жұмыссыз қалған болатын. Міне, осы оқиғалардың барлығы менің спортқа кеш келуіме әсерлерін тигізді. Әскерден соң мен қара жұмыстың түр-түрін істедім. Көше тазаладым. Оның барлығын жасырмаймын. Арланатын дүние емес. Себебі, мен нанымды адал жолмен, маңдай теріммен таптым ғой. Соңғы істеген жұмысым Кентау қаласындағы спорт мектебінің қарауыл қызметі.

Бала кезімізден теледидардан небір киноларды көріп өстік қой. Аяқпен жұмыс істеу маған бала кезімнен ұнайтын. Фильм кейіпкерлеріне еліктеп үйдің жарығын аяқпен өшіру, дуалда жайылып тұрған кілемдерді аяқпен тебу менің күнделікті әдетіме айналып кеткен болатын. Көп спорт түрлеріне бардым. Футболы бар басқасы бар, ешқайсысы маған жеткілікті шабыт бере алмады. Таэквондода қимыл көп. Осы спорт менің аяғымның құмарын қандырып, өзіме ләззат сыйлады.

- Азия ойындарына дейінгі қатысқан ең үлкен жарысың?

- Азиадаға дейін мен 2017 жылы Кореядағы әлем чемпионатына қатысқан болатынмын. Ол жерде бесінші орынды місе тұттым. Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды және медальсіз қайтсам да мен үшін үлкен нәтиже болған еді. Түрлі халықаралық бәсекелерде алтын алып жүрдім. Бұның барлығы әрине мен үшін үлкен жетістік және қуаныш сыйлайды.

- Азиадаға дейінгі өмірің мен кейінгі өмірің?

- Дейінгі және кейінгі деп салыстырар болсақ көп нәрсе өзгерді. Өйткені, бұрын танымайтын адамдарыңмен танысасың. Бұрын көзіне түспей жүргендердің көзіне түсесің. Бұл байқамай жеңіп кете салатын кішкене жарыс емес. Үлкен еңбекпен келетін, көп тер төгуді талап ететін бәсеке. Оның нәтижесі өміріме көп өзгеріс әкелгені шын. Айналаңдағы адамдардың көзқарасы өзгереді.

- Шатаспасам, жақында шаңырақ көтергелі жатыр екенсің. Өмірлік жарыңды табуға спорттың әсері тиді ме әлде бала кезден танитын қызың ба еді?

- Аллаға тәубе, 8 жылдан бері әкем екеуміз ғана тұрып келе жатқан шаңыраққа тағы бір адам қосылды. Қыркүйектің 8 күні үйлену тойым.  Өмірлік серігімді табуға спорттың септігі тигені рас. Бұл қызды бала кезден танымаймын. Азиададан медаль алған жігіт қой деп мойныма асыла салды екен деп ойламаңыздар. Біз  мен таэквондомен айналысатын университетте таныстық. Өткен қыстан бері қыз-жігіт болып қол ұстасып жүріп, енді  шаңырақ құрсақ деген шешімге келдік.

- Көшеде, әлде басқа жерде таэквондо әдістерін пайдаланып көрдің бе?

- Пайдаланбадым деп айта алмаймын. Бірақ, бұл көшеде төбелестім, не болмаса кафелердегі шулы оқиғаларда көмектесті деген сөз емес. Достарыма, жақындарыма еркелеп, ойнап басынан асыра аяқ сермеу деген сынды әрекеттер ғой айтып отырғаным.

- Қалжың-шыны аралас сұрақ деп білерсің. Жігіттер арасында  «Каратеші мен палуан жекпе-жекке шығар болса жеңіс палуандікі» деген пікір бар. Бұл жайлы не ойлайсың?

- Бұның қалжың түгі жоқ. Ондай пікірлерді көп естідік қой. Әркімнің ойы әр түрлі ғой. Жекпе-жекте сенің каратешілігің не палуандығың ештеңе шешпейді. Бұл жерде адамның өзіне деген сенімділігі үлкен рөл ойнайды. Кім өзіне қатты сенімді, кімнің жүрегі мен миы қатар мықты жұмыс істесе, сол жеңеді. Бұл әрине менің ойым.

- Рахмет, Нұрлан! Жеңісті күндерің көп болсын. Шаңырағың шашақты, керегең бұтақты болсын! Биіктерді бағындыра беруіңе тілектеспіз!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға