Перизат Кәрімқұл

Айгерім Қапар - көрме кураторы

Бүгінде куратор сөзі түрлі салада қолданылады. Бірақ көрме кураторының жөні бір бөлек. Қазақстанда бұл мамандыққа оқытатын білім орны жоқ, демек кураторларды да саусақпен санауға болады. Еліміздегі заманауи өнер кураторларының бірі Айгерім Қапар бізбен бұл мамандықтың қыр-сыры жайлы бөліскен еді.
Мен кураторлыққа қалай келдім?
Айгерім Қапар - көрме кураторы
Мектеп кезінде суретші болу арманым еді, бірақ шығармашылық емтиханға үлгермей, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне түстім. Тарихшы болып шыққаныма еш өкінбеймін, керісінше бұл саладағы білімім маған әркез көмектеседі. Кейін ұзақ уақыт Қазақстан баспасөз клубында қызмет еттім. Сурет өнеріне ықыласым бөлек болған соң, өзімді шығармашылық ортада көргім келді. Себебі ғылыми зерттеулерім болсын, басқа да жұмыстар болсын, бәрі дерлік өнер, мәдениет жайлы еді. Ал өзім кәсіби түрде өнермен айналысқан емеспін.
Кейін Тұңғыш президент қорына жұмысқа шақырды. Қор шығармашылық жастар мен ғылым жолында жүрген жастарды қолдаумен айналысатын. Бұл сала өзіме де қызық болған соң, біраз уақыт сол жерде қызмет еттім. Түрлі фестивальдер мен көрмелерді ұйымдастырдық. Бірақ идеяңды жүз пайыз жүзеге асыруға кедергі көбейген соң, жұмыстан шығып кеттім. Маған немен айналысып, уақытымды неге жұмсап жүргенім маңызды болды.
Әрине, заманауи өнер кураторы деген мамандықтың бар екенін білетінмін. Ал мен де куратор бола аламын деген ой 2014 жылы келді. Сол жылы Астанада өткен заманауи өнер фестивалін ұйымдастырушылардың бірі әрі кураторы болдым. Бұл мен үшін алғашқы тәжірибе болды. Суретшілермен, олардың жұмыстарымен етене таныстым. Ортақ жұмыс жетістігін берді деп ойлаймын, фестиваль тағы бірнеше жыл жалғасты, алайда мен тек екі жыл куаторлық жасадым. Кураторлық жұмысым осылай басталды.
Куратор деген кім?
Куратор өткен ғасырдың екінші жартысында пайда болған жас мамандықтардың бірі. Тарихы музей коллекцияларын бақылаушыдан басталады. Жалпы айтсам, тәуелсіз кураторлықтың пайда болғанына 60 жылдай уақыт болды. Ол да бір орында тұрмайды, өнер сияқты өзгеріп отырады.
Куратор деген кім? Куратор көрме ұйымдастырушы ғана емес, ол - суретші, тек оның жұмыс жасайтын материалы - суретшілер мен олардың туындылары. Куратор өз идеясы мен концепциясы арқылы суретшілер мен адамдар, суретшілер мен институттар арасындағы байланысты реттейтін медиатор деуге болады.
Кейде өзімді бүгінгі күннің көшпендісіндей сезінемін. Себебі куратор үнемі ізденісте, үнемі жолда. Қалай әлем азаматына айналғаныңды сезбей қаласың, әр ел өз үйің сияқты. Өйткені, өнер бәрімізге ортақ.
Айгерім Қапар - көрме кураторы
Қазақстандағы кураторлық
Қазақстанда заманауи суретші немесе куратор болу қиын. Өнерге қызығып, куратор боламын, суретші боламын деп келген жастар неден бастарын білмей басы қатады, өйткені, институт жоқ, мектеп жоқ. Тіпті бізге дейін болған оқиғалардың мұрағатын таба алмайсың. Бір кездері Алматыда Сорос заманауи өнер орталығы болған еді, соның арқасында көптеген заманауи суретшілер шықты, өкінішке қарай оның мұрасын сақтап қала алмадық. Сондықтан ақпаратты әр жерден іздеп жүріп жинайсың. Бұл ретте маған суретшілердің көп көмегі тиді. Олар өздері өткізген көрмелері жайлы баяндап, каталогтарын көрсетіп отырды.
Жоғарыда айтқандай, куратор белгілі бір концепция арқылы жұмыс жасайды. Дамыған елдерде бұл сала әбден сараланып, әркім өзіне жүктелген жұмысты ғана атқарады. Ал бізде куратордың қызметі онымен бітпейді. Ол арт-менеджер, өнертанушы, логист, заңгер, есепші, еден жуушы да бола береді.
Сөзсіз, бүгінгі күні заманауи өнердің саяси әрі экономикалық маңызы артып келеді. Әлем бойынша арт-нарықтың үлесі жыл сайын өсіп жатыр. Егер әлемдік арт сатылым рейтингісіне назар аударатын болсақ, қазір Қытай көш бастап тұр. Бұл елдің сурет өнеріндегі табысы әлемдік нарықтың 35 %-ын қамтиды. Бізге де осы жағын ойлану қажет.
"Artcom" туралы
Айгерім Қапар - көрме кураторы
Бүгінгі күні коммуникацияның маңызы үлкен, ал бізде арт-бірлестіктің ішінде де, олардың бұқарамен байланысында да коммуникация жетіспейді. Сондықтан адамдардың еркін кездесіп, ой алмасуына, тәжірибені бөлісуге, түрлі танымды шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін платформа құру жайлы ой келді. 2015 жылы шығармашыл қыз-жігіттермен бірігіп, осы идеяны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Бірнеше шаралар мен көрмелер ұйымдастырдық. Жоба Алматыда бастау алған еді, қазір Астанада жалғасын тапты.
Artcom комерциялық емес ұйым. Біз барлық кездесулерді тегін ұйымдастырамыз, халыққа танымды шаралардың барынша қолжетімді болғанын қалаймыз. Шетелден келген ғалымдар қазақстандық шығармашыл ортамен тәжірибе бөліседі, өнер саласындағы түрлі жаңалықтар мен мәселелерді талқылайды. Осы күнге дейін біздің платформада Германия, Ұлыбритания мен Швейцариядан спикерлер келіп, өз дәрістерін оқып кетті. Ал негізгі аудиториямыз - энтузиаст жас суретшілер.
Нью-Йоркке сапар
Адамдардың өмірі өнермен біте байланысқан қаланы көріп, заманауи өнер қалыпты саналатын жерде біраз уақыт тұрғым келді. Осылайша Нью-Йоркке барамын деп шешім қабылдадым. Оның үстіне өнер туындыларына тек суреттер, кітаптар мен альбомдар арқылы қарау жеткіліксіз екенін түсіндім. Тек Қазақстандағы емес, әлемде болып жатқан жаңалықтармен жақынырақ танысқым келді. Кураторлық зерттеуімді осылай бастап кеттім. Нью-Йоркте жарты жыл бойы тек көрме мен музейлерді аралап, қаланың арт-өмірімен таныстым.
Мен жақсы көретін суретші
Айгерім Қапар - көрме кураторы
Маған Алмагүл Меңлібаеваның жұмыстары қатты ұнайды. Біраз жыл бұрын Мәскеуде екі апталық биеннале өтті. Сол шарада бір күн бойы Алмагүл Меңлібаеваның видео-арты көрсетілді. Мен ол кезде өзіммен іштей күресіп жүрген едім. Ол кісінің жұмыстарымен бұрыннан таныс болсам да, мен көрген видео-арт өзгеше сипат алып, керемет әсерге бөледі. Сол арқылы мен өнердің емдейтін күші барын түсіндім. Ал суретші - заманауи тәуіп.
Заманауи өнер…
… ол білім, демократия және азаматтық қоғамды қалыптастыратын құрал. Сондай-ақ ол адамдардың санасында критикалық ойлауды дамытады. Өйткені заманауи өнер сұрақ қояды.
Ол біз өмір сүріп жатқан уақытты саралауға көмектесіп, бүгінгі күнмен бетпе-бет әкеледі. Заманауи өнерде нүкте жоқ, бір ғана бағыт немесе көзқарас жоқ. Ол еркін интерпретацияның орны. Көрермен де өз қалағанын көреді. Мен өнерге қандай да бір түсінік беруден алыспын, бірақ мен осылай сипаттар едім.
Бұл салаға бәрі кәсіби маман болып келмеуі мүмкін, бірақ оған қатысың барын сезу керемет әсерге бөлейді. Әр қызықты көрме мен үшін жақсы кітап оқығанмен бірдей.
Айгерім Қапар - көрме кураторы
Куратор мен суретшінің
қарым-қатынасы жайлы
Куратор суретшінің досы. Әрине, жұмысқа жұмыс ретінде қарау керек деп айтып жатады, бірақ мен үшін кураторлық қызмет емес, өмір салты сияқты. Сондықтан мен оларға досым ретінде қараймын. Оның үстіне, көрме ортақ жұмыс болғандықтан, егер сен суретшімен бір толқында болмасаң, жақсы нәтижеге жету қиын.
Суретшілер - шыншыл халық. Сонымен қатар суретші ешкімнің алдында міндетті емес, ол өзінің идеясын жүзеге асыратын адам. Әр суретшінің өз тақырыбы, өз көзқарасы бар. Ал сіз бен біз туындылардан қандай да бір ақпаратты аламыз, сұрақтарға жауап іздейміз.
"Time&Astana: After Future"
Байқағаным, Астанада "уақытша" дейтін түсінік ауада қалқып тұрғандай. Бұл жерге адамдар уақытша келетіндей көрінеді. Басқа қаладан келген адамнан сұрай қалсаңыз, солай деп жауап қататыны бар. Бәріміз бірдеңе күтетін сияқтымыз, ал уақыт болса бір орында тұрмайды ғой. Сондықтан бізге уақыттың маңызын тереңірек түсініп, қандай да бір әрекетке жетелейтін кеңістік қажет. Ешкімнен ештеңе күтпей, бастаманы өз қолыңа алып, осы қаламен бірге өмір сүру керек. Өйткені, қала көркі - әдемі ғимараттар, қымбат көліктер емес, адамдар.
Айгерім Қапар - көрме кураторы
Астанаға келген соң, мен де көпшілік сияқты біраз уақыт күйзелісте жүрдім. Бірақ таңдау әр адамның өзінде екен. Сен не әрі қарай жылай бересің, не айналаңды жақсартуға тырысасың. Терезенің арғы жағындағы көрініс ұнамаса, оны ұнамды ету өз қолыңда. Осылайша "Time&Astana: After Future" көрмесінің идеясы туындады. Ол идеяны Заманауи өнер орталығының директоры Роза Әбенова да қолдап,
үлкен көрме ұйымдастырдық.
"Osyndamyz" көрмесі
"Osyndamyz" көрмесі "Time&Astana: After Future"-дің жалғасы іспетті. Біз музейлер мен галереялардан шығып, халық көп жиналатын жерлерге жол тарттық. Бұл жолғы көрмеміз Астанадағы Art &Food Pavilion кофеханасында өтті. Біз астаналықтарды жас суретшілердің шығармашылығымен жақынырақ таныстырғымыз келді.
Көрменің негізгі идеясы кеңістікке қатысты. Анри Лефеврдің тұжырымына сәйкес, біз кеңістікті құрамыз, ал кеңістік кейін бізге әсер етеді. Демек біз құрған кеңістік бізді жақсы жаққа қарай өзгертуі тиіс. Осылайша суретшілер Астана суретшілер қаласы екенін мәлімдеп, "Біз осындамыз" дейді.
TEDxAstana жайлы
Биыл жазда TEDxAstana мені спикер ретінде шақырған еді. Ал мен өз кезегімде грузиялық досым, суретші әрі куратор Вато Церетелимен бірге қатысуды жөн көрдім. Ол Тбилисиде заманауи өнер орталығының негізін салған. Біз конференция аясында жас суретшілерге арналған workshop ұйымдастырып, әлеуметтік тақырыптағы жобалар әзірледік. Біздің мақсатымыз суретшілердің шығармашылық потенциалын қоғамдағы жағдайды жақсартуға бағыттау еді. Ол жұмыстар TEDxAstana аясында өткен көрмеде көпшіліктің назарына ұсынылды.
Ал көптің алдында сөз сөйлеу оңай болмады. Себебі біз тоғыз күн бойы күндіз-түні көрме жұмысымен айналыстық. Оның концепциясын әзірлеу, жұмыстарды дайындау процесі көп уақыт алды. Ал TEDx-те сөйлейтін сөзді спикерлер айлап дайындайды. Бірақ қолымыздан келді деп ойлаймын. Біз үшін қызықты тәжірибе болды. TEDx-тің атмосферасының өзі керемет әсерге бөлейді.
Бізде неге көрмелер аз?
Бізде сауда үйлері өте көп. Егер галереялар мен музейлер көбейсе, адамдардың қызығушылығы да артады. Сен тұратын қалада талантты суретшілердің көрмелері жиі өтетін болса, амал жоқ барасың. Бұның бәрі сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Сондықтан бізге көп жұмыс жасап, көрермен үшін күресу қажет. Ал адамдардың көзі ашық, олар бәрін жақсы түсінеді. Бәлкім енді өріс алып келе жатқан дүние болғандықтан, көбісі заманауи өнерді әлі қабылдамайтын шығар. Бірақ бәрі тәжірибемен, өз уақытымен келеді.
Ал халық көрмеге бармайды деуге болмайды. Егер Астанада өтетін көрмелердің ашылуына бара қалсаңыз, ине шаншар жер болмайды. Иә, басқа күндері келушілер саны көп болмайтын шығар, бірақ бұл халық қызықпайды деген сөз емес. Астанада күн сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып жатады. Өкініштісі, ол жайлы ақпарат аз таратылады.
Суреттер Айгерім Қапардың Facebook парақшасынан алынды