Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне қатысты айтылған пікірлер

Пікірлер
22.01.2016 10:10 4738

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне қатысты айтылған пікірлер 

Ғани НЫҒМЕТОВ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті, «Болашақ» бағдарламасының əкімшісі:

– Бүгін жаңалықтардан естіп жатқанымыздай, депутаттар Президентке мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс айтыпты. Өз басым бұл шешімді қолдаймын. «Болашақ» стипендиясының түлегі ретінде, жас азамат ретінде мен бұл шешімді қолдаймын. Бүгін дүниеде, жалпы, жаһандық экономикада болып жатқан құбылыстарға бұл дұрыс жауап. Өздеріңіз білесіздер, əлемдік саясат пен экономикадағы қолайсыз жағдайларға төтеп беру үшін Президент Ұлт жоспары - 100 нақты қадам бағдарламасын ұсынған. Міне, осы 100 нақты қадамды тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Парламент керек. Парламентке осы экономикалық проблемаларды жақсы түсінетін, реформаларды қолдап, оны іске асыратын жаңа депутаттар керек. Сондықтан, уақыт жоғалтпай, мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізіп, Парламентімізді жасақтап алуымыз керек.

Парламент өз миссиясын орындады. Өйткені, 80 заң қабылданды. 1 қаңтардан бастап, 100 нақты қадамды жүзеге асыратын осы заңдар күшіне еніп отыр. Бұл заңдар мен реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа үкімет, жаңа парламент керек. Сайлаудың басты мақсаты – жаңа депутаттар сайлау. Мəжіліске жаңа партиялар, жаңа депутаттар керек. Қарапайым азамат ретінде, ел дамуына үлес қосады деген депутаттарды сайлауға мүмкіндік туып отыр.

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне қатысты айтылған пікірлер

Владислав КОСАРЕВ, Парламент депутаты:

– Біріншіден, қазіргі Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындады, Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша заңнамалық база дайындады. Парламент 80 заң қабылдады, Президенттің әрбір институционалдық реформасы бойынша жол карталары әзірленді. Қазір жаңа тарихи кезең келгелі отырғанда елдің ауқымды жаңғыруы мен президенттік реформалардың барлық бағыты бойынша саяси жүзеге асыру басталды. Қазір партиялардың сайлаушылар мандатына ие болуы өте маңызды. Екіншіден, бұл дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда өте маңызды қадам. Тек бірлік пен нақты іс-әрекеттер экономикалық сынақтарға жауап бере алады.

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне қатысты айтылған пікірлер

Бүркітбай Аяған, Тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы институтының директоры:

– Бүгін, 2016 жылы 13 қаңтарда Қазақстанның саяси тарихында елеулі оқиға болып отыр. Себебі, дәл бүгін Қазақстан Республикасы Мәжілісінде, сол Мәжілістің үш фракциясының басшылары Мәжілістің өкілеттілігін мерзімінен ертерек тоқтату туралы және Мәжілістің жұмысын тарату туралы Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевқа үндеу жолдап жатыр. Жалпы, менің ойымша бүгінгі болып жатқан саяси оқиғаны қазақстандықтар сабырлықпен қабылдау керек. Саяси тарихта Парламенттің тарауы, оның қайта сайлануы сияқты оқиғалар болып тұрады. Елбасы үндеуді қабылдаса ҚР Конституциясы бойынша, 2 айдан кейін сайлау өтуі керек. Яғни, парламенттік сайлау наурызда өтеді. Менің ойымша, бұл саяси үдерісте болып тұратын жағдай. Фракцияның жетекшілері Конституция негізінде осындай шешімге келіп отыр. Неге бұндай шешім қабылданды? Қазір әлемде болып жатқан үлкен өзгерістер бар.  Оның барлығы әрине Қазақстанға әсер етіп отыр. Егер де біз сайлау үдерісі тым созылып кетіп, күзге жалғасып кетсе, ол мемлекетіміз үшін кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, дер кезінде сайлауды өткізіп алған дұрыс. Дағдарыспен біз қосыла күресуіміз керек. Дағдарыс әлемдік деңгейдегі дағдарыс. Жас мемлекет Қазақстан түгіл, Қытай, АҚШ, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттердің өздері дағдарысқа тойтарыс бере алмай отыр. Осы жағдайда біздегі маңызды мәселе саяси реформалар тез әрі жинақы өткізіліп отыруы керек. Осы орайда, Елбасының айтып кеткен 5 институционалдық реформаны атап өту қажет. Мәжіліс өзін таратып отырса, Сенат орнында қалып, жұмыс істей береді. Сонымен қоса, наурыз айында жергілікті мәслихаттардағы сайлау қайтадан өтпекші. Бірақ олар өздерінің жұмыстарын жалғастыра береді.

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне қатысты айтылған пікірлер

Галина БАЙМАXАНОВА, ҚКХП өкілі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Депутаттық корпустың бүгінгі үндеуі қалыпты жағдай. Бұл алдағы реформаларды жүзеге асырудағы маңызды қадам болып табылады. Біз алға жылжуымыз керек. Өздеріңіз бес институтционалдық реформа туралы жақсы білесіздер. Қазіргі кезде жүзеге асыру кезеңі басталды. Адамдарға жұмыс, әлеуметтік кепілдік,сапалы білім, жоғары деңгейде медициналық көмек берілуі керек, жақсы инфрақұрылым қажет. Қазіргі стратегиямыз xалықтың бірігуін қажет етеді. Сол кезде біз әлемдік деңгейде бәсекелестікке төтеп беретін боламыз. Коммунистік партия xалық пен билік арасын жақындатуға әрдайым дайын. Халыққа әлеуметтік көмектің әділетті болғаны қажет. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Бесінші шақырылымның депутаттары өте жақсы жұмыс істеді. Бесінші сессия ашылғаннан бері 80-нан астам заң жобасын қабылдадық. Оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыруға арналған заң жобасы көп болды. Енді саяси кезең келді. Коммунистік партия бәсекелестіктен қорықпайды. Біз демократиялық саясат ұстанатын елміз. Сондықтан xалық өз таңдауын жасайды деп сенеміз.

Мәжіліс депутаттарының үндеуіне қатысты айтылған пікірлер

Мұхит-Ардагер СЫДЫҚНАЗАРОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заманауи зерттеулер институтының директоры:

– Мəжілістің мерзімнен бұрын төменгі палатаның сайлауын өткізу туралы бастамасы «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру бойынш биліктің заңнамалық жəне атқарушы міндетін жеделдетеді. Бəлкім, кейбіреулер парламенттік сайлауды өз уақытымен бір жылдан кейін өткізу керек еді дейтін болар, бірақ, əлемдегі қиын экономикалық жағдайлардың шешімі бір жыл күте алмайды. Сонымен қатар, бүгін мəслихат сайлауын қоса өткізу туралы ұсыныс айтылды. Бұл жерде, демократия жағдайында өзін-өзі басқарушы жергілікті биліктің жұмысында барлық деңгейдегі мəслихаттар үлкен орын алып отырғаны белгілі.

Тағы бір айта кететін жайт, қиын геосаяси жағдайлар мен сыртқы сын-қатерлерді ескерсек, еліміздегі əлеуметтік-саяси жобалардың жүзеге асырылуын кешеуілдетсек, жоғарыда айтқан жаһандық қиындықтар біздің елімізге төнетін қауіптерді күшейте түседі. Сондықтан, уақыт жоғалтуға болмайды. Еліміз тез арада дағдарыстың алдын алу жəне дағдарыстың салдарларын жою шараларына көңіл бөлуі керек.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға